«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Малы саудың — жаны сау

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Соңғы жылдары облысымыздағы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсім көрсетіп, өнім көлемінің артып келе жатқаны байқалады. Теріскей төсіндегі мал басы көбейіп, дәнді-дақылдар алқаптары артуда. Мал шаруа­шылығын өрістету бойынша өңірдегі оң тәжірибелер өзге облыстарға үлгі болып отыр.

Өткен жылы облыстың ауыл ша­руашылғы саласындағы өндірілген өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткішке көңіліміз өсіп, қуан­ғанымызбен, оған жету жолындағы ауыр еңбекті ескере бермейтін жайттар да кездеседі. Бұл жетістік­тің бәрі – шаруалардың, сауыншы­лар­дың, қарапайым жұмысшылар мен ветеринар мамандардың жұмы­сының нәтижесі. Сондықтан олар­дың маңдай тері лайықты бағала­нып, мәртебесі биік болу керек. Әсі­ресе бүгінгі еңбек нарығында вете­ринар мамандарға сұраныс жоғары. Төрт түлікке қамқор болып келе жатқан мал дәрігерлерінің бірі – Ай­толла Шахметов.

Осы күні Қызылжар ауданының ветеринарлық станциясында еңбек ететін кейіпкеріміздің аталған сала­да тер төгіп жүргеніне 38 жылға жуық­тапты. Ол 1985 жылдан бастап еңбек етіп, тұрғындар­дың алғысына бөленіп жүр. Айтолла Шахметов 1981 жылы өзі қатарлы жалынды жастардың тобында Есіл ауданының Покровка ауылындағы техникумға оқуға түскен. Еңбек жо­лын бастаған алғашқы жылдары жас маман ауыр жұмыстың қиын­ды­ғына мойымай, жасы үлкен әріптес­терінен көп нәрсе үйренеді. Маман жетіспегендіктен бірнеше ауылға қатар қызмет көрсеткен кездері де болыпты. Өзінің еңбек жолы жайлы айтқанда ол Андреевка елді меке­нінде өткен жылдарын тебірене жеткізді. Бұрын­ғы Бескөл ауданындағы кеңшарға жұмысқа тұрып, сол жерде 2012 жылға дейін тер төкті. Содан бері осы аудандағы Бәйтерек, Элитное, Подгорное, Қарлыға, Приишимка, Трудовая Нива, Чапаев ауылдары мен екі ірі серіктестіктегі малдың амандығына жауапты. Бұл елді мекендердегі қойдың өзі 2400 бастан асады. Ал “Қызылжар сүт” серіктестігіндегі асылтұқымды ірі қара мыңға жуықтайды екен. Бүгін­де ауылдағы ағайын жайылым жер­дің жетіспеушілігінен үйдегі төрт тү­ліктің санын азайтуға мәжбүр болып отырған көрінеді. Әсіресе, Қарлыға ауы­лында ата кәсіптен бас тарту­шы­лар көбейген. Әңгіме арасында кейіпкеріміз бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған осындай мәсе­ле­нің де шетін шығарып қалды.

Мал дәрігері тек аурумен күресіп қана қоймай, оның алдын алуға да сеп болуы керек. Сондықтан жоға­рыда аталған 8 ауылдың бар малы есепке алынып, кірген-шық­қан түлік те тексеріледі. Себебі мал алғанда маманмен кеңесуді артық көріп, артынан опық жеп қалатын­дар да жоқ емес. Бағып отырған қой, сиыры мертігіп, қиналып қалғанда тұрғындар Айтолла Шахметовті жиі көмекке шақырады. Бұдан бөлек бруцеллез сияқты кеселдермен кү­ресетін де осы маман. Кейде ондай ауру ошақтарын оқшаулап, карантинге жабатын жағдайлар да кездесіп жатады.

Бүгінде ветерианария саласына өзгеріс пен өзгеше қолдау керек еке­ні жиі айтылып жүр. Салада қорда­ланған мәселелерге қарамастан осы жолдағы игі бастамалардың жү­зе­ге асып жатқандары да баршылық Әсіресе Бескөлге тұрақтаған ма­ман­дардың айтары бөлек. Өйткені мұнда осыдан 3 жыл бұрын жаңа ветеринарлық станция пайдалануға беріліп, қызметкерлер жайлы жерде еңбек етуде. Осындай үлгідегі стан­ция әзірше өңірімізде жалғыз екен. Аудандағы мамандардың қатары да жыл сайын толығып келеді. Енді көршілес Бәйтерек ауылына жылжымалы станция қою жоспар­ла­нып отыр.

– Бұрынғы уақыт пен қазіргі кезді салыстырғанда біршама ілгерілеу­шіліктің бары байқалады. Бұрын тиісті құжаттарды қолмен толтырып әуре болсақ, бүгін мұның бәрі цифрландырылған. Арнайы жүйеде бізге керек ақпараттың бәрі сақтала­ды. Осындай жаңа талапқа менің де қолым үйреніп, игілігін көріп жүрмін. Қай жұмыстың болсын ауыр-жеңілі жоқ қой. Ветеринарияда да өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары бар. Жастар көп нәрсені тәжірибе жү­зінде, жұмыс барысында үйрене­ді. Соңғы кезде қатарымыз жас әріп­тестермен толығып жатқаны қуан­тады. Олардан да ақыл-кеңесімді аямай, бағыт-бағдар беріп отыра­мын, – дейді Айтолла Шахметов.

Қашан да жұртқа көмек беруге асығып тұратын маман бұдан әрі де осында еңбек етіп, қолдан келгенше жәрдемдесемін деп отыр. Оның бұл еңбегі бағаланып марапат та иеле­ніп жүр. Ісіне адал, халыққа жан­ашыр, мақтануды білмейтін кейіп­керіміз жайлы әріптестерінің айтары – тек жағымды сөздер.

– Айтолла Шахметов үнемі жақ­сы қырынан көрініп, нағыз еңбек ада­мының үлгісі болып келеді. Оның кә­сіби білімі мен көпжылдық тәжірибе­сін жоғары бағалаймыз. Керек кезін­де әріптесіміз өз білгенін бізбен, жас­тармен бөлісуден жа­лық­қан емес. Оны танысқан уақы­тымнан бастап қандай да бір қателік жіберіп, шалт басқан кезін көрген жоқпын, – дейді станция маманы Алексей Юргель.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp