«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сулышоқтағы Мәдениет үйі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Мағжан Жұмабаев Сулышоқ ауылында Ұлыстың ұлы күні өзгеше нақышта тойланды. Әсіресе, ауылдың ажарына сән қосқан жаңа Мәдениет үйінің пайдалануға берілуі мерекелік көңіл күйді одан сайын асқақтатты.

Ауылдағы ағайынның қуанышына аудан әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов, “Агрокомплекс Сулышоқ” ЖШС-ның басшысы Қайрат Жәнібеков, көрші елді мекен тұрғындары ортақтасты. Орталық алаңға жиналған қауым бір-бірін ізгілікке толы әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.

– Сулышоқ – жылдан-жылға дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Қайрат Сапарғалиұлы жетекшілік ететін шаруашылық есебінен жиырмаға жуық баспана тұрғызылып, тоғыз жылдық мектепке күрделі жөндеу жасалды. Бұл ауқымды жұмысқа 20 млн. теңге жұмсалды. Көшелер толық жарықтандырылды. Тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр, – деді аудан әкімінің орынбасары Азамат Сайранұлы.

Мәдениет үйін тұрғызуға 32 млн. теңге бөлініп, арнайы құрылыс бригадасы нысанды жарты жылдың ішінде тамамдаған. Музыкалық аппараттар, тағы басқа керекті жабдықтар сатып алынған. Бір қанатына кітапхана орналаспақ. Бұл нысан ауылдың рухани өміріне тың серпін берері анық. Себебі, осыған дейін елдің әлеуетін жақсарту мақсатында ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға баса назар аударылған болатын. Бүгінгі таңда сулышоқтықтардың дені тұрақты жұмыспен қамтылған. Қырық шақтысы мектепте, 15-ке жуығы серіктестікте жұмыс істейді. Жаңа нысанның бой көтеруіне байланысты қосымша тағы алты жұмыс орны құрылды. Ауылды дамытуға бағытталған мұндай игі істер алда да жалғасын таппақ.

Мектеп ұжымы мен оқушылар, жергілікті өнперпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты. Наурыз мейрамын бәйге, көкпар, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес сияқты спорт сайыстары қыздыра түсті. Ат жарысында Успенка ауылынан келген Темірлан Жапаровтың қылқұйрығы топ жарып, бас бәйгені (бұзау) ұтып алды. Басқа жүлдегерлер 40, 30, 20 және 10 мың теңге сыйақыға ие болды. Лесхоз ауылының тұрғыны Михаил Чурикенов 24 килограмм гір тасын 70 рет көтеріп, алдына жан салмады. Қол күрес, арқан тарту, көкпар ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де сый-сияпатсыз қалмады. Қайырымдылығымен танымал іскер азамат – “Агрокомплекс Сулышоқ” ЖШС-ның басшысы Қайрат Жәнібеков бір топ ақ-ақалдың иығына шапан жапты. Ұлыстың ұлы күні мерекелік отшашумен аяқталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp