Бұған дейін жалған құжат арқылы 600 млн. теңге несие алып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған кәсіпкерді аппеляциялық сот рақымшылықпен жазадан босатты.
Облыстық соттың судьясы Ербар Қалиевтің айтуынша, бұған дейін Бейбіт Молдашевке бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстық ісі бойынша жаза қолданылған. Аппеляциялық сот инстанциясы бапты қайта ауыстырып, ұйым басшысының банкке несие алу үшін жалған мәлімет бергені бойынша істі қарады.
“Бейбіт Молдашев 2017 жылы несиеге үлкен сомада қаржы алады. 2020 жылдың ақпаны, яғни қылмыстық іс қозғалғанға дейін ол келісімшарт бойынша гарант ретінде өзінің иелігіндегі “Корпорация Рамут” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін белгілейді. Кейін 600 млн. теңге несие алғасын осы серіктестік арқылы 2018 жылдың қаңтарынан қарашаға дейін қарыздан құтылу үшін ақша аударып, 18 операция жүргізген. Сома 14 млн. теңгеден асады, “Рамут Агро Кемикал” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 16 операциямен 190 млн. теңге ақша аударған. “Жарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 3 операция жүргізіп, 2,5 млн. теңгеге жуық қаражатты қайтарған. Нәтижесінде “Аграрлық несие корпорациясына” 207 млн. теңгеге жуық ақшаны аударған”, – деді Ербар Қалиев.
Сонымен қатар судья сот отырысында пайлары бар тұрғындардың арыздары қаралғанын айтты. Олардың жерлері кепілден босатылып, қайтарылған. Облыстық сот Бейбіт Молдашевті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған кезде азаматтық соттың шешімі шықпапты, яғни жердің қайтарылғаны есепке алынбаған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 219-бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, бостандығын шектеу немесе 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Бұл бап бойынша жаза ауыр болмағандықтан сотталушыға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, Бейбіт Молдашев бостандыққа шықты.
Облыстық прокуратура болса бұл үкіммен келіспей отыр.
“Облыстық прокуратура Петропавл қалалық сотының Бейбіт Молдашевқа қатысты үкімді өзгертуімен келіспейді. Сондықтан аппеляциялық инстанцияның қаулысының күшін жою бойынша өзінің түбегейлі ұстанымымен кассациялық шағым береді”, – делінген хабарламада.
Молдашев 2017 жылдың басында “Жарқын СК” серіктестігі және басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын басқарған. Ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге қойған. Осылайша 600 млн. теңгені несиеге алып, керегіне жаратқан. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін ол 2022 жылы сотталған болатын.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.