«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІМ ӨЗГЕРТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұған дейін жалған құжат арқылы 600 млн. теңге несие алып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған кәсіпкерді аппе­ля­циялық сот рақымшылықпен жазадан босатты.

Облыстық соттың судьясы Ер­бар Қалиевтің айтуынша, бұған де­йін Бейбіт Молдашевке бір топ адам­мен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүл­кін ұрлау қылмыстық ісі бойынша жаза қолданылған. Ап­пе­ляциялық сот инстанциясы бапты қайта ауыстырып, ұйым басшысы­ның банкке несие алу үшін жалған мәлімет бергені бойынша істі қарады.

“Бейбіт Молдашев 2017 жылы несиеге үлкен сомада қаржы алады. 2020 жылдың ақпаны, яғни қылмыс­тық іс қозғалғанға дейін ол келісім­шарт бойынша гарант ретінде өзінің иелігіндегі “Корпорация Рамут” жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігін белгілейді. Кейін 600 млн. теңге не­сие алғасын осы серіктестік арқылы 2018 жылдың қаңтарынан қарашаға дейін қарыздан құтылу үшін ақша ау­дарып, 18 операция жүргізген. Сома 14 млн. теңгеден асады, “Рамут Агро Кемикал” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 16 операциямен 190 млн. теңге ақша аударған. “Жар­қын” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі арқылы 3 операция жүргізіп, 2,5 млн. теңгеге жуық қаражатты қайтарған. Нәтижесінде “Аграрлық несие корпорациясына” 207 млн. теңгеге жуық ақшаны аударған”, – деді Ербар Қалиев.

Сонымен қатар судья сот отыры­сында пайлары бар тұрғындардың арыздары қаралғанын айтты. Олардың жерлері кепілден босатылып, қайтарылған. Облыстық сот Бейбіт Молдашевті 6 жыл 8 айға бас бос­тандығынан айырған кезде азамат­тық соттың шешімі шықпапты, яғни жердің қайтарылғаны есепке алын­ба­ған.

Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 219-бабы бойын­ша 2 жылға дейін бас бостандығы­нан айыру, бостандығын шектеу не­месе 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Бұл бап бойынша жаза ауыр болмағандықтан сотталушыға Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігі­нің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, Бейбіт Молдашев бостандыққа шықты.

Облыстық прокуратура болса бұл үкіммен келіспей отыр.

“Облыстық прокуратура Петро­павл қалалық сотының Бейбіт Молда­шевқа қатысты үкімді өзгертуімен ке­ліспейді. Сондықтан аппеляциялық инстанцияның қаулысының күшін жою бойынша өзінің түбегейлі ұстанымымен кассациялық шағым береді”, – делінген хабарламада.

Молдашев 2017 жылдың басын­да “Жарқын СК” серіктестігі және басқа да бірқатар ауыл шаруашылы­ғы кәсіпорындарын басқарған. Ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге қойған. Осылайша 600 млн. теңгені несиеге алып, керегіне жа­ратқан. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша аса ірі көлемде алаяқ­тық жасағаны үшін ол 2022 жылы сотталған болатын.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp