«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн мен түн теңеліп, табиғат қайта түлейтін Наурыз мерекесін солтүстікқазақстандықтар думандатып қарсы алды. Петропавл қаласының орталық алаңына тігілген ақбоз киіз үйлер, көркемделген сахна, айналдыра жайылған дәмге толы дастарқан, жанкүйерлерін желпінткен спорттық сайыстар мерекелік көңіл күйді шалқыта түсті. Мерекелік салтанат “Қош келдің, Ұлыстың ұлы күні” атты концерттік бағдарламамен ашылды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтады.

– Ұлыстың ұлы күні – татулық пен бірліктің нышаны. Наурыз – біздің халқымыз үшін әрқашанда жаңару кезеңі болып саналған. Бүгінде барлығымыз бірігіп, “Жаңа Қазақстан” құрып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде үлкен өзгерістер орын алып, жақсы істерге жол ашылуда, – деді өңір басшысы. Айдарбек Сейпілұлы Президенттің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында Наурыз мейрамының маңыздылығы айтылып, оның тапсырмасымен көктем мерекесін тойлаудың тұжырымдамасы жасалып, мазмұны байытыла түскенін атап өтті. Облыс әкімі мерекелік іс-шаралардың ортасында болып, киіз үйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиді.

Қызылжар өңірінің және еліміздің басқа өңірлерінің өнерпаздары көремендерді қуанышқа бөледі. Алматылық “Юксаль” тобы мерекелік шараның шымылдығын ашты. Ұйғыр халқының ұлттық аспаптары – “Награ” барабаны, “Сурнай” сыбызғысы мен “Карнай” трубалары арқылы орындалған әуендер тыңдаушыларды тебірентті. Түрлі би байқауларының лауреаты астаналық “Viva” кабаре-шоу тобы өзіндік шығармашылық стилімен көрермен көзайымына айналды. Бұл топтың өнеріне жеткіншектер ерекше шаттанды, әртістермен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды. Жергілікті өнерсүйер қауымды баурап алған тағы бір ұжым – “Орда” тобы. Қазақ эстрадасының жұлдыздары әсем әннен шашу шашты. Олар орындаған “Алып кет”, “Ғашықсың ба?”, “Жауап бер”, “Белгісіз жан” әндерін жастар бірге шырқады. Облыс орталығындағы театрлардың, қалалық Мәдениет үйінің, филармонияның шығармашылық ұжымдары Наурыз салтанатына өз үлестерін қосты.

Жиналғандардың делебесін қоздыратын спорттық ойындар да қызықты өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше спорт түрінен додалар ұйымдастырып, жеңімпаздар сыйлықтарын алып жатты. Боз кілемде белдескен балуандар, қой көтерген қара күш иелері, асық атып, мәз болған жеткіншектер, жілік сындырған білекті жігіттердің ешқайсысы жүлдесіз қайтқан жоқ. Қазақша күрес 80 килограмға дейін және одан жоғары салмақта өтті. 16 жігіт боз кілем үстіне шықты. 80 килограмға дейінгі салмақтың жеңімпазы Мерей Абдрасулов болса, “түйе балуан” атағын Батырхан Қайырбек жеңіп алды.

Гір көтеру сайысы да қызықты өтті. Он алты келілік гір тасын 28 рет көтерген Олег Курский жеңімпаз деп танылды. Ал қойды 169 рет көтерген Георгии Харачиди Шопан ата төлін сыйлық ретінде арқалап кетті.

Жеткіншектердің қызығушылы­ғын оятқан асық ату ойыны да қы­зық­ты өтті. Ұлттық спортқа деген ба­лалардың қызығушылығы қуантты. Ұйымдастырушылардың көздегені де осы еді.

“Qyzyljar – шеберлер мекені” қолөнершілер фестивалі Наурыз мерекесінің сәнін келтірген тағы бір ұтымды шара болды. Еліміздің жеті облысынан және Ресей Федерация­сынан келген қолөнершілердің әкел­­ген бұйымдары бірінен-бірі өтеді. Барлығы 23 шебердің қолдан жа­саған бұйымдарын қызылжар­лық­тар үш күн бойы тамашалады. Орал қа­ла­сынан келген Шаймардан Шон­раев пен Гүлбаршын Бақ­тұ­ғұло­ва­ның қолөнер бұйымдары бір­ден көз тартады. Темірді балқытып құю және әй­некті әрлеу арқылы жасалған кар­тиналар ұлттық сипатқа ие. Халық­аралық деңгейдегі фести­валь­дарға қатысқан өнерпаздар Қызылжар өңі­рінің топырағына ал­ғаш қадам басқандарын айтады. “Бұл тә­жірибе алмасу шарасы болғандық­тан маңызы зор. Өзіміздікін көрсе­тіп, өзгелерден де көп нәрсе үйрен­дік. Басты мақса­тымыз – ісімізді жастарға көрсету, ұлттық өнерді жалғастыруға деген ниеттерін ояту. Қызылжарлықтар бізді жылы қабыл­дады”, – дейді Шай­мардан Рама­занұлы. Қарағандылық Алла Чер­никова жүннен тоқылған киімдердің түр-түрін әкелген екен. Тоқыма техноло­гия­сында өзіндік қолтаңбасы бар. Шұлықтан бастап, кардиган-ша­панға дейін тоқиды. Әр бұйым – эксклюзив.

Фестивальға жергілікті қолөнер­шілер де қатысты. Темірден түйін түйетін шебер Дмитрий Нападовты көпшілік жақсы таниды. Оның жа­саған бұйымдары Ресей, Германия, Түркия елдеріне дейін тарап кеткен. Үлкен шеберлікті, шыдамдылықты, талап ететін ұсталық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көрер­мендер “Qyzyljar – шеберлер ме­кені” қолөнершілер фестиваліне қа­тысқан барлық жиырма үш шебер­дің еңбегін жоғары бағалады.

Қазақстан Конститутциясы кө­ше­­сі бойындағы киіз үйдің біріне И.Шу­хов атындағы қалалық кітап­хана ұжы­мы орналасқан екен. Олар­дың жұрт назарына ұсынған ойындарының қы­зықтылығы сонша­лық келуші­лер­дің аяғы бір толас­тамады. “Балалар ребусы”, “Ойын – саяхат”, “Лаби­ринт”, “Ұтылыссыз ло­торея”, “Үстел ойындары”, “Қазақ­стан халықтары­ның ойындары” деп аталатын ойын­дардың әрқайсы­сына қызығушылық танытқандар көп болды. Осылардың ішіндегі “Наурыз шуағы” деп атала­тын ойын-саяхатты кітапханашылар өздері ойлап тауып, бірінші рет жұрт назарына ұсынған екен. Үстел үс­тінде жатқан тақтадағы суреттер ар­қылы Наурыз мерекесі туралы көп де­рек білуге болады. Ойында “Көрі­су­ден” бастап, “Жайлау”, “Шежіре”, “Та­рихқа тағзым”, “Игі істер”, “Шы­мыр­­лық пен шеберлік”, “Зияткерлік”, “Ұлттық тағамдар” және тағы басқа тақырыптар белгіленіп қойған. Ойын­ға қатысушылар тасты лақ­тырып, ол түскен жердегі сурет ту­ралы біле­тінін айтуы керек. Мәселен, “Көрісу күні” туралы білмей жат­са, оның мақ­саты мен маңызы ту­ралы ақпаратты жүргізуші толықтай тарқатып береді. Яғни, қатысушы өзіне керекті мәлі­меттерді алады.

Жыл сайын өтетін “Бауырсақ Fest” сайысы да қызықты болды. Биыл да өз қатысушылары мен кө­рермендерін жинады. Ойын ережесі бойынша алдында тұрған бауыр­сақтарды кім бірінші жеп тауысады, сол жеңімпаз атанады. Жас ерекше­лі­гіне қарай ойын үш топта ұйым­дас­­тырылды. Әр топтың жеңімпаз­дары жеке анықталып, әрқайсы­сына электр шәйнегі сыйға тар­тыл­ды. Же­ңімпаздардың бірі петро­павлдық Бақ­тияр Ахметжанов осын­дай са­йыс­тарға қатысу үшін орталық алаңға келге­нін ай­тады. “Бауырсақ Fest” сайысы қызықты өтті. Өзім бауырсақ жегенді ұнатамын. Бауырсақтар өте дәмді екен”, – дейді.

Қалалық білім бөлімі ұйым­дас­тырған көрмелер, Қожаберген жы­рау атындағы №6 мектеп ұжымы да­йын­дап әкелген “Қыз ұзату” сахна­лық көрінісі де мерекелік шараның шы­райын ашып, мазмұнын терең­дете түсті.

Мерекелік шаралар орталық алаңда ғана емес, көпқабатты тұр­ғын үйлердің аулаларында да өтке­нін айта кеткен жөн. Мүлік иелері бірлестіктері көпқабат­ты үйлердің тұрғындарын аулаға ша­қырып, ме­рекелік дастарқан жайды. Айыртау, Рахимов, Рижская, Бөкетов, Интер­напционал, Амангелді, Гастелло кө­шелеріндегі тұрғын үйлердің айна­ласы адамға лық толып, әсем әуен шалқыды. Әр аулаға шамамен 200-300 адамнан жинал­ды. Да­лада пісі­рілген бауырсақ пен еттің, палау мен кәуәптің исі мұрын жарды. Қыс бойы бастары қосылмаған көр­шілер бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, таза ауада тамақтанып, көтеріңкі кө­ңіл күймен жыл басын мәре-сәре бо­лып қарсы алды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqsan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp