Елімізде үстел теннисін серік еткендер көп. Біздің өңірде де аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстар жиі өтеді. Бәсекелестік бар жерде сапаның артатындығы белгілі. Алайда аталған спорт түрінің кеңінен қанат жаюына облысымызда кедергі келтіретін түйткілдер де жоқ емес. Заманауи үстел теннисі орталығының болмауы – басты мәселе. Аталмыш спортты дамыту жайын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үстел теннисінен аға жаттықтырушы Нұрлан Арынғазинов айтып берді.
Жалпы үстел теннисі бастапқыда үйде, кішігірім алаңқайларда ойнау мақсатында ойлап табылған, кейін қызығушылар қатары көбейіп, кәсіби спорт түріне айналған. Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1988 жылы енген. Бұл спорт шапшаңдықты, төзімділікті қажет етеді. Мәселен бір ойынның өзінде теннисші 7 шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды екен. Тіпті әуесқой ойыншының өзі минутына жүзге жуық соққы жасайды. Бұл адамның көру қабілетін жақсартып қана қоймай, ептілікті еселеп, шыдамдылық пен шеберлікті шыңдай түседі. Буын ауруларының алдын алып, қан қысымын қалыпқа келтіреді.
– Менің ойымша, осындай пайдасы мол спорт түрін бұқаралық спортқа айналдыру қажет. Шын мәнінде, үстел теннисі – кеңінен насихаттауға лайықты спорт. Ол үшін облысымызда арнайы үстел теннисі орталығы салынуы керек. Негізінен бұл ойын үлкен зал мен қымбат жабдықтарды қажет етпейді, үстелі де аса қымбат тұрмайды. Мектептерге теннис үстелдері көптеп қойылып, оның пайдасы кеңінен насихатталуы керек. Бұқаралық сипат алса, ұтарымыз көп, – дейді Нұрлан Арынғазинов.
Жаттықтырушының айтуынша, бұл керемет спорт түрімен кез келген жастағы адам айналыса алады. Қыста да, жазда да ойнай бересің. Жарақат алу қаупі жоқ десе де болады.
– Қазіргі кезде үстел теннисі Астана, Шымкент, Орал және Қарағанды қалаларында қарқынды дамып келеді. Біздің өңірде де шұғылданушылардың қатары көп болғанымен, ел чемпионатында жеңіске жетіп жүргендер сирек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен үстел теннисі елімізде кеңінен қанат жайып келеді. Жеті облыста қазіргі заманға сай үстел теннисі орталығы салынған. Осындай кешен Петропавл қаласында да болса деген арманымыз бар, – дейді бапкер.
Аға жаттықтырушының айтуынша, аталмыш спорттан Қытай мен Кореяға жету қиын. Себебі үстел теннисі оларда ұлттық спорт түріне айналып кеткен. Мәселен Қытайда бұл бағытта тұтастай бір институт жұмыс істейді екен. Жалпы елімізде үстел теннисін дамыту үшін бапкерлер даярлау мәселесіне де баса көңіл бөлу қажет. Қазіргі кезде білікті мамандар жетіспейді. Жалақы төмен болғандықтан жастардың жаттықтырушылыққа жолағысы жоқ, көбі басқа салаға кетеді.
Нұрлан Арынғазинов сөз соңында алда ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтып, бұл спортты өңірімізде дамытуға барынша күш жұмсайтынын жеткізді.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.