Диас Аяған
Соңғы жылдары облысымыздағы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсім көрсетіп, өнім көлемінің артып келе жатқаны байқалады. Теріскей төсіндегі мал басы көбейіп, дәнді-дақылдар алқаптары артуда. Мал шаруашылығын өрістету бойынша өңірдегі оң тәжірибелер өзге облыстарға үлгі болып отыр.
Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылғы саласындағы өндірілген өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткішке көңіліміз өсіп, қуанғанымызбен, оған жету жолындағы ауыр еңбекті ескере бермейтін жайттар да кездеседі. Бұл жетістіктің бәрі – шаруалардың, сауыншылардың, қарапайым жұмысшылар мен ветеринар мамандардың жұмысының нәтижесі. Сондықтан олардың маңдай тері лайықты бағаланып, мәртебесі биік болу керек. Әсіресе бүгінгі еңбек нарығында ветеринар мамандарға сұраныс жоғары. Төрт түлікке қамқор болып келе жатқан мал дәрігерлерінің бірі – Айтолла Шахметов.
Осы күні Қызылжар ауданының ветеринарлық станциясында еңбек ететін кейіпкеріміздің аталған салада тер төгіп жүргеніне 38 жылға жуықтапты. Ол 1985 жылдан бастап еңбек етіп, тұрғындардың алғысына бөленіп жүр. Айтолла Шахметов 1981 жылы өзі қатарлы жалынды жастардың тобында Есіл ауданының Покровка ауылындағы техникумға оқуға түскен. Еңбек жолын бастаған алғашқы жылдары жас маман ауыр жұмыстың қиындығына мойымай, жасы үлкен әріптестерінен көп нәрсе үйренеді. Маман жетіспегендіктен бірнеше ауылға қатар қызмет көрсеткен кездері де болыпты. Өзінің еңбек жолы жайлы айтқанда ол Андреевка елді мекенінде өткен жылдарын тебірене жеткізді. Бұрынғы Бескөл ауданындағы кеңшарға жұмысқа тұрып, сол жерде 2012 жылға дейін тер төкті. Содан бері осы аудандағы Бәйтерек, Элитное, Подгорное, Қарлыға, Приишимка, Трудовая Нива, Чапаев ауылдары мен екі ірі серіктестіктегі малдың амандығына жауапты. Бұл елді мекендердегі қойдың өзі 2400 бастан асады. Ал “Қызылжар сүт” серіктестігіндегі асылтұқымды ірі қара мыңға жуықтайды екен. Бүгінде ауылдағы ағайын жайылым жердің жетіспеушілігінен үйдегі төрт түліктің санын азайтуға мәжбүр болып отырған көрінеді. Әсіресе, Қарлыға ауылында ата кәсіптен бас тартушылар көбейген. Әңгіме арасында кейіпкеріміз бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған осындай мәселенің де шетін шығарып қалды.
Мал дәрігері тек аурумен күресіп қана қоймай, оның алдын алуға да сеп болуы керек. Сондықтан жоғарыда аталған 8 ауылдың бар малы есепке алынып, кірген-шыққан түлік те тексеріледі. Себебі мал алғанда маманмен кеңесуді артық көріп, артынан опық жеп қалатындар да жоқ емес. Бағып отырған қой, сиыры мертігіп, қиналып қалғанда тұрғындар Айтолла Шахметовті жиі көмекке шақырады. Бұдан бөлек бруцеллез сияқты кеселдермен күресетін де осы маман. Кейде ондай ауру ошақтарын оқшаулап, карантинге жабатын жағдайлар да кездесіп жатады.
Бүгінде ветерианария саласына өзгеріс пен өзгеше қолдау керек екені жиі айтылып жүр. Салада қордаланған мәселелерге қарамастан осы жолдағы игі бастамалардың жүзеге асып жатқандары да баршылық Әсіресе Бескөлге тұрақтаған мамандардың айтары бөлек. Өйткені мұнда осыдан 3 жыл бұрын жаңа ветеринарлық станция пайдалануға беріліп, қызметкерлер жайлы жерде еңбек етуде. Осындай үлгідегі станция әзірше өңірімізде жалғыз екен. Аудандағы мамандардың қатары да жыл сайын толығып келеді. Енді көршілес Бәйтерек ауылына жылжымалы станция қою жоспарланып отыр.
– Бұрынғы уақыт пен қазіргі кезді салыстырғанда біршама ілгерілеушіліктің бары байқалады. Бұрын тиісті құжаттарды қолмен толтырып әуре болсақ, бүгін мұның бәрі цифрландырылған. Арнайы жүйеде бізге керек ақпараттың бәрі сақталады. Осындай жаңа талапқа менің де қолым үйреніп, игілігін көріп жүрмін. Қай жұмыстың болсын ауыр-жеңілі жоқ қой. Ветеринарияда да өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары бар. Жастар көп нәрсені тәжірибе жүзінде, жұмыс барысында үйренеді. Соңғы кезде қатарымыз жас әріптестермен толығып жатқаны қуантады. Олардан да ақыл-кеңесімді аямай, бағыт-бағдар беріп отырамын, – дейді Айтолла Шахметов.
Қашан да жұртқа көмек беруге асығып тұратын маман бұдан әрі де осында еңбек етіп, қолдан келгенше жәрдемдесемін деп отыр. Оның бұл еңбегі бағаланып марапат та иеленіп жүр. Ісіне адал, халыққа жанашыр, мақтануды білмейтін кейіпкеріміз жайлы әріптестерінің айтары – тек жағымды сөздер.
– Айтолла Шахметов үнемі жақсы қырынан көрініп, нағыз еңбек адамының үлгісі болып келеді. Оның кәсіби білімі мен көпжылдық тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Керек кезінде әріптесіміз өз білгенін бізбен, жастармен бөлісуден жалыққан емес. Оны танысқан уақытымнан бастап қандай да бір қателік жіберіп, шалт басқан кезін көрген жоқпын, – дейді станция маманы Алексей Юргель.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.