Күн мен түн теңеліп, табиғат қайта түлейтін Наурыз мерекесін солтүстікқазақстандықтар думандатып қарсы алды. Петропавл қаласының орталық алаңына тігілген ақбоз киіз үйлер, көркемделген сахна, айналдыра жайылған дәмге толы дастарқан, жанкүйерлерін желпінткен спорттық сайыстар мерекелік көңіл күйді шалқыта түсті. Мерекелік салтанат “Қош келдің, Ұлыстың ұлы күні” атты концерттік бағдарламамен ашылды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтады.
– Ұлыстың ұлы күні – татулық пен бірліктің нышаны. Наурыз – біздің халқымыз үшін әрқашанда жаңару кезеңі болып саналған. Бүгінде барлығымыз бірігіп, “Жаңа Қазақстан” құрып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде үлкен өзгерістер орын алып, жақсы істерге жол ашылуда, – деді өңір басшысы. Айдарбек Сейпілұлы Президенттің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында Наурыз мейрамының маңыздылығы айтылып, оның тапсырмасымен көктем мерекесін тойлаудың тұжырымдамасы жасалып, мазмұны байытыла түскенін атап өтті. Облыс әкімі мерекелік іс-шаралардың ортасында болып, киіз үйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиді.
Қызылжар өңірінің және еліміздің басқа өңірлерінің өнерпаздары көремендерді қуанышқа бөледі. Алматылық “Юксаль” тобы мерекелік шараның шымылдығын ашты. Ұйғыр халқының ұлттық аспаптары – “Награ” барабаны, “Сурнай” сыбызғысы мен “Карнай” трубалары арқылы орындалған әуендер тыңдаушыларды тебірентті. Түрлі би байқауларының лауреаты астаналық “Viva” кабаре-шоу тобы өзіндік шығармашылық стилімен көрермен көзайымына айналды. Бұл топтың өнеріне жеткіншектер ерекше шаттанды, әртістермен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды. Жергілікті өнерсүйер қауымды баурап алған тағы бір ұжым – “Орда” тобы. Қазақ эстрадасының жұлдыздары әсем әннен шашу шашты. Олар орындаған “Алып кет”, “Ғашықсың ба?”, “Жауап бер”, “Белгісіз жан” әндерін жастар бірге шырқады. Облыс орталығындағы театрлардың, қалалық Мәдениет үйінің, филармонияның шығармашылық ұжымдары Наурыз салтанатына өз үлестерін қосты.
Жиналғандардың делебесін қоздыратын спорттық ойындар да қызықты өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше спорт түрінен додалар ұйымдастырып, жеңімпаздар сыйлықтарын алып жатты. Боз кілемде белдескен балуандар, қой көтерген қара күш иелері, асық атып, мәз болған жеткіншектер, жілік сындырған білекті жігіттердің ешқайсысы жүлдесіз қайтқан жоқ. Қазақша күрес 80 килограмға дейін және одан жоғары салмақта өтті. 16 жігіт боз кілем үстіне шықты. 80 килограмға дейінгі салмақтың жеңімпазы Мерей Абдрасулов болса, “түйе балуан” атағын Батырхан Қайырбек жеңіп алды.
Гір көтеру сайысы да қызықты өтті. Он алты келілік гір тасын 28 рет көтерген Олег Курский жеңімпаз деп танылды. Ал қойды 169 рет көтерген Георгии Харачиди Шопан ата төлін сыйлық ретінде арқалап кетті.
Жеткіншектердің қызығушылығын оятқан асық ату ойыны да қызықты өтті. Ұлттық спортқа деген балалардың қызығушылығы қуантты. Ұйымдастырушылардың көздегені де осы еді.
“Qyzyljar – шеберлер мекені” қолөнершілер фестивалі Наурыз мерекесінің сәнін келтірген тағы бір ұтымды шара болды. Еліміздің жеті облысынан және Ресей Федерациясынан келген қолөнершілердің әкелген бұйымдары бірінен-бірі өтеді. Барлығы 23 шебердің қолдан жасаған бұйымдарын қызылжарлықтар үш күн бойы тамашалады. Орал қаласынан келген Шаймардан Шонраев пен Гүлбаршын Бақтұғұлованың қолөнер бұйымдары бірден көз тартады. Темірді балқытып құю және әйнекті әрлеу арқылы жасалған картиналар ұлттық сипатқа ие. Халықаралық деңгейдегі фестивальдарға қатысқан өнерпаздар Қызылжар өңірінің топырағына алғаш қадам басқандарын айтады. “Бұл тәжірибе алмасу шарасы болғандықтан маңызы зор. Өзіміздікін көрсетіп, өзгелерден де көп нәрсе үйрендік. Басты мақсатымыз – ісімізді жастарға көрсету, ұлттық өнерді жалғастыруға деген ниеттерін ояту. Қызылжарлықтар бізді жылы қабылдады”, – дейді Шаймардан Рамазанұлы. Қарағандылық Алла Черникова жүннен тоқылған киімдердің түр-түрін әкелген екен. Тоқыма технологиясында өзіндік қолтаңбасы бар. Шұлықтан бастап, кардиган-шапанға дейін тоқиды. Әр бұйым – эксклюзив.
Фестивальға жергілікті қолөнершілер де қатысты. Темірден түйін түйетін шебер Дмитрий Нападовты көпшілік жақсы таниды. Оның жасаған бұйымдары Ресей, Германия, Түркия елдеріне дейін тарап кеткен. Үлкен шеберлікті, шыдамдылықты, талап ететін ұсталық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көрермендер “Qyzyljar – шеберлер мекені” қолөнершілер фестиваліне қатысқан барлық жиырма үш шебердің еңбегін жоғары бағалады.
Қазақстан Конститутциясы көшесі бойындағы киіз үйдің біріне И.Шухов атындағы қалалық кітапхана ұжымы орналасқан екен. Олардың жұрт назарына ұсынған ойындарының қызықтылығы соншалық келушілердің аяғы бір толастамады. “Балалар ребусы”, “Ойын – саяхат”, “Лабиринт”, “Ұтылыссыз лоторея”, “Үстел ойындары”, “Қазақстан халықтарының ойындары” деп аталатын ойындардың әрқайсысына қызығушылық танытқандар көп болды. Осылардың ішіндегі “Наурыз шуағы” деп аталатын ойын-саяхатты кітапханашылар өздері ойлап тауып, бірінші рет жұрт назарына ұсынған екен. Үстел үстінде жатқан тақтадағы суреттер арқылы Наурыз мерекесі туралы көп дерек білуге болады. Ойында “Көрісуден” бастап, “Жайлау”, “Шежіре”, “Тарихқа тағзым”, “Игі істер”, “Шымырлық пен шеберлік”, “Зияткерлік”, “Ұлттық тағамдар” және тағы басқа тақырыптар белгіленіп қойған. Ойынға қатысушылар тасты лақтырып, ол түскен жердегі сурет туралы білетінін айтуы керек. Мәселен, “Көрісу күні” туралы білмей жатса, оның мақсаты мен маңызы туралы ақпаратты жүргізуші толықтай тарқатып береді. Яғни, қатысушы өзіне керекті мәліметтерді алады.
Жыл сайын өтетін “Бауырсақ Fest” сайысы да қызықты болды. Биыл да өз қатысушылары мен көрермендерін жинады. Ойын ережесі бойынша алдында тұрған бауырсақтарды кім бірінші жеп тауысады, сол жеңімпаз атанады. Жас ерекшелігіне қарай ойын үш топта ұйымдастырылды. Әр топтың жеңімпаздары жеке анықталып, әрқайсысына электр шәйнегі сыйға тартылды. Жеңімпаздардың бірі петропавлдық Бақтияр Ахметжанов осындай сайыстарға қатысу үшін орталық алаңға келгенін айтады. “Бауырсақ Fest” сайысы қызықты өтті. Өзім бауырсақ жегенді ұнатамын. Бауырсақтар өте дәмді екен”, – дейді.
Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған көрмелер, Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп ұжымы дайындап әкелген “Қыз ұзату” сахналық көрінісі де мерекелік шараның шырайын ашып, мазмұнын тереңдете түсті.
Мерекелік шаралар орталық алаңда ғана емес, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында да өткенін айта кеткен жөн. Мүлік иелері бірлестіктері көпқабатты үйлердің тұрғындарын аулаға шақырып, мерекелік дастарқан жайды. Айыртау, Рахимов, Рижская, Бөкетов, Интернапционал, Амангелді, Гастелло көшелеріндегі тұрғын үйлердің айналасы адамға лық толып, әсем әуен шалқыды. Әр аулаға шамамен 200-300 адамнан жиналды. Далада пісірілген бауырсақ пен еттің, палау мен кәуәптің исі мұрын жарды. Қыс бойы бастары қосылмаған көршілер бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, таза ауада тамақтанып, көтеріңкі көңіл күймен жыл басын мәре-сәре болып қарсы алды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqsan”.