Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы кардиологиялық орталықта Мәскеуден келген маман тәжірибесімен бөлісіп, солтүстікқазақстандық дәрігерлермен бірге бітелген қан тамырына дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізді. Мұндай технология елімізде алғаш қолданылып отыр.
Дәрілік жабындысы бар коронарлық баллон әлемнің 10-нан астам клиникасында соңғы үш жылдан бері пайдаланылуда. Мәскеулік маманның көмегімен аз инвазивті ота облыстың 4 тұрғынына жасалды. Солардың бірі – 68 жастағы әйел.
Импланттау технологиясын меңгерген кардиологтардың айтуынша, операция кезінде науқас есін біліп жатады. Кішкентай ғана тілік арқылы ем-дом жүргізілетіндіктен, сырқат аяғына тез тұрып кетеді.
“Бұл жаңа заманауи өнім, инновациялық зерттеме жүректің ишемиялық ауруы бар сырқаттарға қолданылады. Жүректің ишемиялық ауруы қайдан пайда болады? Қан тамырлардың ішкі қабатында холестериннің жиналып қалуынан ол тарылады, бітеледі. Мұндайда біз әдетте стент қоямыз. Бірақ стентті импланттағаннан кейін уақыт өте келе ол өсуі немесе тромб пайда болуы мүмкін. Бұл науқастың өмір сапасын нашарлатады. Біз мұндай жағдай орын алмас үшін дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды қолдана аламыз”, – дейді кардиологиялық орталықтың рентгенэндоваскулярлық хирургия және сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Тё.
Кардиологтың айтуынша, коронарлық стент қойғаннан кейін науқастардың 10 пайызында рестеноз, яғни қан тамырының қайта тарылуы немесе бітелуі байқалады. Ал дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізуден кейін ешқандай асқыну байқалмайды.
“Бұл баллондарда стенттерде кездесетін кемшіліктер жоқ. Жергілікті анестезия арқылы қолға кішкентай ғана тілік жасалады, ол жерге катетер қойылып, күретамыр арқылы енгізіледі. Баллонды имплантациялағаннан кейін бір минут ішінде дәрілік зат зақымданған тамырдың ішкі қабырғасына өтеді. Бітелген тамыр ашылып, қан ағыны қалпына келеді. Ал баллон қайтып алынады. Тағы бір айта кететін жайт, егер бұрын стент қойғаннан кейін науқас қанды сұйылтатын препараттарды бір жыл ішсе, енді тек бір ай ғана қабылдайды. Бұл қан кету қатері бар сырқаттарда асқынуды болдырмайды”, – дейді Дмитрий Тё.
Мамандар жүректің ишемиялық ауруы саламатты өмір салтын ұстанбаудан туындайтынын айтады. Дұрыс тамақтанбағаннан, аз қозғалғандықтан, темекі шегіп, арақ-шарапты шамадан тыс қолданудан уақыт өте келе тамыр қабырғалары май шөгінділерімен, холестеринмен жабылуы мүмкін.
Жалпы облыстық кардиологиялық орталықта мамандар қазір жылына 1200 стент қояды. Енді оның бір бөлігі дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізумен алмастырылмақ. Ота МӘМС аясында тегін жасалады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.