Облыс орталығында еріген қар суы жер үйлерге кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. Әсіресе Ойқала, “Береке”, Солнечный шағынаудандары мен Жұмысшы кентінде жағдай күрделі. Коммуналдық қызмет пен құтқарушылар күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.
Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың айтуынша, 25 наурыздан бастап “iKOMEK” диспетчерлік орталығына 300-ге жуық қоңырау түскен. Хабарласқандар көшедегі, ауладағы, жол жиегіндегі суды сорғызуды сұраған. “Жақында Жұмысшы кентіндегі бес тұрғын үйге су кірді. Еңсесі төмен бұл үйлер осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Арнайы кесте жасалып, сол бойынша жеке сектордағы көшелерден қар шығарыла бастады. Бірінші кезекте жұмыстар су басу қаупі жоғары шағынаудандарда атқарылды. 15 наурызда қайта қар жауғандықтан, техниканы алып, орталық көшелерді ашуға, тротуарларды тазалауға жіберуге тура келді. Тұрғындардың үйдің қасынан өтетін суағарларға қоқыс тастап, бітеп тастауы коммуналдық қызметтердің жұмысын бөгеп, қиындық тудыруда”, – деген Эльмира Сәдуақасова Петропавлда төтенше жағдай жарияланбағандықтан зардап шеккен үйлерге материалдық көмек қарастырылмағанын айтты.
25 наурыздан бастап облыс орталығында 76 мың текше метр су сорылды. Суағарлар мен арықтар тазартылып, мұзы ерітілуде. Қазіргі уақытта қала көшелерінде 47 техника, жүзден астам адам жұмыс істеп жатыр.
Күн жылынып, қар күрт ери бастағанымен қатып қалған жердің тоңы әлі жібіген жоқ. Қар суының топыраққа сіңбей, ағатын арық көзін таппай, көшелерде көлкідеп жатуының басты себебі де сол.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltüstık Qazaqstan”.