Айыртау ауданының Новоукраинка елді мекеніндегі түзету мекемесінде былтыр болған кісі өлтіру фактісіне қатысты сот үкімі шықты.
Облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, өткен жылы 9 қарашада қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Айыртау ауданындағы №51 түзету мекемесінде адам өлтіру фактісі тіркелген. П. есімді сотталушы темір балғамен камераласының басынан бірнеше рет ұрып өлтірген.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айтуымен, бейнежазбамен және сараптаманың қортындысымен толық дәлелденді.
Прокурор П.-ны 16 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі де прокурордың ұстанымымен келісті.
“Бұл аса ауыр қылмысқа жатады. Сот оның кінәсін жартылай мойындауын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады, ал жазасын өтеп жатып қайта қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай ретінде таныды”, – делінген баспасөз хабарламасында.
Сот үкімімен адам өлтіргені үшін П.-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Бұдан бұрын да істі болған оның жазасын өтемеген бөлігі де есепке алынды. Ол алдағы 14 жылын түрмеде өткізбек. П. жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде, өтейді. Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленушінің өкіліне моральдық шығын өндіріліп алынды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.