«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫНҒА ДАЙЫНДЫҚ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЕМЕС

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Қыс бойы жауған қардың күрт еруі салдарынан сай-саланы қуалай аққан су қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендер мен үйлерге жетті. Оны тұрғындардың тынымсыз дабыл қағып, шағым айтуларынан-ақ аңғаруға болады.

“Қазгидромет” РМК жергілікті филиалының болжамы да көңіл көншітпейді. Сәуір айының алғашқы күндері жауын-шашынды болады деп күтілуде. Мұның өзі тасқынды еңсеру жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп, барлық сақтық шараларын жасауды қажет етеді. Өкінішке қарай, қызыл суға қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өз деңгейінде емес екенін аудандар мен ауылдардағы нақты жағдай анық байқатып отыр.

Екі күннің ішінде “IKomek” орталығына 293 адам көмек сұрап, телефон соқ­қан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рамиль Камалов белгілі фактілерді қайта­лап, бір беттік есеппен ғана шектелді. Оның айтуынша, 618 мың текше метр қар шығарылған. 130 шақырым арық тазаланған. Уәлиханов, Айыр­тау, Ғабит Мүсірепов атындағы ау­дандарда мұз жару жүргізілген. Екі жедел топ Тимирязев пен Айыртау аудандарына жіберілген. Ол өз сөзінде жағдай күрделенсе, ауыр ин­женерлік техникалардың жұмылды­рылатынын айтты. Алайда су басу қаупі қалай еңсеріліп жатыр деген сауал жауапсыз қалды. Респуб­ли­калық және облыстық маңызы бар жолдардың кей учаскелері қарғын суға толып кеткеніне алдымен назар аударылуы керек еді.

Облыстық әкімдіктің отыры­сында өңір басшысы Айдарбек Са­паров көктемгі су тасқынына қарсы әзірлікті өткір сынға алып, орын ал­ған кемшіліктерді тайға таңба бас­қандай жіліктеп берді.

Өңір басшысы мұның алдында Қызылжар ауданындағы Тепличное елді мекенінде, Петропавл қаласын­дағы Ойқала, Жұмысшы кенті, За­речный, Былғары зауыты шағынау­дандарында болып, табиғаттың ай­тып келмейтін апатына дайындық­ты, арнайы құрылыстардың жағдайын бағамдаған болатын. Өткен ға­сырдың 60 жылдары салынған Ойқала шағынауданындағы бөгет әбден ескірген. 2017 жылы болған су тасқынында қорған бола алмағаны елдің есінде. Қазір оны ретке келтіру жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары рәсімделіп, сараптамаға жіберілді. Басқа бөгеттердің де жайы алаңдатады. Сергеев су торабының сыйымдылығы 24,5 млн. текше метрді құрайды. Қазір штаттық ре­жімде жұмыс істеп тұрғанымен, су ағысы қатты болса, лезде толуы мүмкін. Былтыр су торабына 800 млн. текше метр су құйылып, біраз әбігерге салған.

– Суды сору жұмыстары уақты­лы жүргізілмейді. Оған проблемалық учаскелерді аралаған уақытта көз жеткіздім. Адамдар мен техниканың санын көбейту керек. Қар басты көшелерден ғана шығарылады, шет­кі аймақтар, аулалар мен аллеялар ұмыт қалады. Жеке секторларда жағдай күрделі, бұл жақтарда қар шығарумен ешкім айналыспайды. Әзірлік алдын ала, күні бұрын пысық­талып, нақты шешім қажет. “Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла” деп текке айтылмаған. Бір реттік нау­қаншылдықтан арылып, жүйелілік сипат бергенде ғана барлық түйінді мәселелер тарқатылады. Чапаев ауы­лы жанындағы республикалық маңызы бар күрежол бойындағы құ­бырлар тазартылмағандықтан, жақын орналасқан үйлерді қарғын су­дың шайып кету қаупі бар, – деген өңір басшысы қала әкімінен Петро­павлдағы ахуалды сұрады.

Руслан Аңбаев Жұмысшы кентін­дегі жағдай бір тәулік ішінде тұ­рақтанатына сендірді. Үш тәулік ішін­де 76 мың текше метрден астам су сорылып, бұл іске 118 адам және 47 техника тартылған. Солнеч­ный, Жұмысшы кенті, “Жас өркен” ықшамаудандары да тұрақты бақы­лауға алынған.

Облыс әкімі жекелеген аудан­дар­дың су тасқынына нашар дайындығын атап көрсетті. Кейбір аудан­дарда мемлекеттік материалдық-тех­никалық резервтен алынған тех­никалар көктемге дейін жөндел­меген. Жамбыл ауданында бульдо­зер әлі күнге дейін іске қосылмаған. Айыртау ауданында су тартқыш қон­дырғылар күрделі жөндеуді талап етеді. Тайынша ауданында жеке кә­сіпкердің сенімгерлік басқаруына бе­рілген бульдозер екі жыл бойы қаң­тарулы тұр.

Айдарбек Сапаров тиісті мекеме басшыларына өз міндеттеріне сал­ғырт қараған жауапты тұлғаларға сө­гіс жариялап, бос тұрған техникалар­ды басқа аудандарға беруді, сондай-ақ арықтардың, су өткізгіш құбыр­лардың, кәріз жүйелерінің тазарты­луын, қардың шығарылуын жедел­детуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бо­йынша облыстық қорғаныс істері жө­ніндегі департамент бастығының орынбасары Марат Каримовтың есе­бі тыңдалды. Қазір көктемгі әскерге шақыру басталып, ол маусым айының соңы­на дейін жалғасады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер-азаматтар мерзімді аза­маттық борышын өтеуге міндетті. 25 наурыздағы мәлімет бойынша әске­ри есепте 16516 жас тұр. Бұған дейін 10 қаңтар мен 28 ақпан арал­ы­ғында мерзімді әскери қызметке ша­қырылуға жататын азаматтарды ал­дын ала зерделеу және іріктеу жүр­гізілген. Оның қорытындысына сү­йен­сек, 210-ы іріктелген. Сөйтіп, әскерге шақыры­лушылардың 37,8 пайызы таңдап алынған. Бұл мәселемен 14 шақыру және медициналық комиссия айна­лысады. Өкінішке қарай, Айыртау, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Уәлиха­нов аудандық медициналық ко­мис­сияларының құрамында 12 білікті дә­рігер жетіспейді. Тығырықтан шығу үшін облыстық медицина ұйымда­рының ақ халатты абзал жандары іссапарға баруға мәжбүр.

Бүгінге дейін мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың саны – 254 адам. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2 әскери коман­да­сына қажет 22 адамның орнына әзірге 10-ы ғана алынған. Жоспар бар болғаны 45,4 пайызға орын­далған. Осылайша Қарулы Күште­рдің Бас штабы бекіткен кестенің орындалмау қаупі туындап отыр. Оның себептері көп. Біріншіден, жер­гілікті демографиялық жағдайға байланысты соңғы он жыл ішінде әскерге шақырылушылар 38 мыңнан 16 мыңға дейін азайған. Әс­кери басқару органдары үшін 1300-ден 1100-ге дейін кеміген.

– Қызылжар өңірі Ресейдің Қор­ған, Түмен, Омбы облыстарымен шектесетіндіктен, азаматтарды мер­зімді әскери қызметке шақырудың іс-шаралары өте күрделі жүргізіледі. Өйткені, әскерге шақырылушылар мемлекеттік шекарадан еш кедергісіз өтіп, жауапты науқан аяқталғанша жасырынып жүреді. Бүгінде көрші елдің аумағында Отан ал­дын­дағы борышын өтеуден жалтарған 250-ге жуық азамат тіркелген, – деді Марат Рафаилұлы.

Екіншіден, әскер қатарына алы­натын азаматтардың 15 пайыздайы денсаулығына байланысты мүлдем, 45 пайызы шектеулі түрде, 40 пайызы бейбіт уақытта жарамсыз деп танылған. Үшіншіден, әскери есепке алынғандарды тұрғылықты жерлері бойынша табу қиын, көптеген ата-аналар ұлдарының қайда жүргенін айта бермейді, әскерге жіберуге құлықсыз. 967 солтүстікқазақстан­дықтың нақты тұратын жері бел­гісіз. Мұның бәрі әскери құрылымдар жасақтауға және мем­лекеттік тапсырыстың орындалуына кері әсерін тигізіп отыр.

Алайда баяндамашы қаланың, аудандардың полиция бөлімше­ле­рімен өзара іс-қимыл жасай отырып, азаматтық міндетінен қасақана жал­тарғандарды анықтау, жеткізу жай­лы айтылғанымен, қаншасының қыл­мыстық жауапкершілікке тартылға­ны, айыппұл салынғаны, нақты шара қолданылғаны туралы жұмған аузын ашқан жоқ.

Өңір басшысы “әскерге барғы­сы келмейді”, “Отан алдындағы па­рызын өтеуге құлшыныс жоқ” деген сөздер мүлдем айтылмауы тиіс екенін айтып, патриоттық тәрбие жұмыстарын ширатуды, елді-жерді сүю қасиеттерін қалыптастыруды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp