Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандық бірқатар жоғары оқу орнының студенттеріне “Coursera” халықаралық білім беру платформасында тегін оқуға жағдай жасамақ. Мұндай игілікке М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері де қол жеткізеді. Білім ордасында оқып жатқан 500 өрен IT, педагогика, психолгия, инклюзия, бизнес және басқару сияқты бағыттар бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 50 курстан өтпек.
“Студенттерге әлемдегі жетекші университеттер – Стэнфорд, Йель, Беркли және басқа білім ордалары оқытушыларының, профессорларының курстары ұсынылады. Олар кәсіп бастау және жүргізу, оқушыларды сапалы оқыту ісін жан-жақты меңгеріп шықпақ”, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің академиялық сапа және талдау бөлімінің әдіскері Әйгерім Мейрам.
Аталған курс мерзімі төрт аптаға созылмақ. Кейін өрендерге сертификат табыс етіледі. “Coursera” жобасы 77 миллионнан астам студентті қамтиды. Бүгінде 270-тен астам университетпен және компаниямен ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік профессорлардың еңбектеріне және әлемнің жетекші компанияларының үздік тәжірибелеріне қол жеткізу арқылы қазақстандық студенттер бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдай алады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.