«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАНА ХАНЫМ – АЙҒАНЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың арғы-бергі тарихына үңілсек, халқымыздың бақ-жұлдызын жарқыратқан, ұрпақты ғана емес тұтас ұлтты тәрбиелеуге үлес қосқан аналардың аз болмағанын аңғарамыз. Солардың бірі – Айғаным Сарғалдаққызы. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Дара, дана ханым – Айғаным” деген атаумен ұйымдастырылған шарада тарихи тұлғаның өмірі мен атқарған істері әңгімеге арқау болды.

Айғаным Сарғалдаққызы жайлы сөз қозғасақ, оның ғұлама ғалым, зерт­теуші, шығыстанушы, этнограф, атақты Шоқан Уәли­ха­новтың әжесі екені еске оралады. Ол өз заманында қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан, елге сыйлы, ықпалды болған. Бірнеше тіл білген. Санкт-Петербургтегі Сібір комитетімен, Ре­сей сыртқы істер министрлігінің Азия бөлімшесімен хат жазысып тұрған. Медресе салдыртып, өнер-білімнің қадір-қасиетін терең түсінген.

Жиын барысында Айғаным Сарғалдақ­қызының атқарған осы және өзге де қызметі жан-жақты баяндал­ды. “Асыл мұра” орталығының же­текшісі Ахметжан Қуантаев жинал­ғандарға ел анасының туып-өскен жері, дипломатиялық қызметі тура­лы айтып берді.

– Орыс пен қазақтың ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынасты, саяси мәмілегерлікті Абы­лайдан кейін қолға алып жалғас­тырған Уәли ханның ұлт тарихын­дағы еңбегі зор. Ал сол хан өмірден өткеннен кейін біршама уақыт оның істерін, халық бірлігі мен ел мүддесі үшін жасаған іс-әрекеттерін зайыбы Айғанымның жалғастыруы да ел ішінде аңызға айналып, тарих қой­науында жақсы сақталып қалғаны да шүбәсіз шындық. Аяулы жар, батыр ана, ақылгөй де дана әженің осынау ерлік істері, ақыл-парасатқа толы шешендік толғамдары, билікке бағыт­талған байыпты сөздері де ұрпақ үшін баға жетпес байлық деуге бо­лады. Баласы Шыңғыс сұлтанды, не­мересі Шоқанды ойшылдыққа тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген де осы Айғаным екені белгілі, – деді ол.

Шараға жиналған колледж сту­денттері арасында викториналық ойын ойнаты­лып, олар Айғаным Сарғалдаққызы­ның өміріне, атқарған қызметіне қатысты сауалдарға жауап берді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің студенті Сержан Нұрдолқынұлының “Ел ана­сы” атты арнау өлеңі кештің мазмұ­нын аша түсті.

Гүлмира ТЕМІРҒАЛИҚЫЗЫ,

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp