Қазақтың арғы-бергі тарихына үңілсек, халқымыздың бақ-жұлдызын жарқыратқан, ұрпақты ғана емес тұтас ұлтты тәрбиелеуге үлес қосқан аналардың аз болмағанын аңғарамыз. Солардың бірі – Айғаным Сарғалдаққызы. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Дара, дана ханым – Айғаным” деген атаумен ұйымдастырылған шарада тарихи тұлғаның өмірі мен атқарған істері әңгімеге арқау болды.
Айғаным Сарғалдаққызы жайлы сөз қозғасақ, оның ғұлама ғалым, зерттеуші, шығыстанушы, этнограф, атақты Шоқан Уәлихановтың әжесі екені еске оралады. Ол өз заманында қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан, елге сыйлы, ықпалды болған. Бірнеше тіл білген. Санкт-Петербургтегі Сібір комитетімен, Ресей сыртқы істер министрлігінің Азия бөлімшесімен хат жазысып тұрған. Медресе салдыртып, өнер-білімнің қадір-қасиетін терең түсінген.
Жиын барысында Айғаным Сарғалдаққызының атқарған осы және өзге де қызметі жан-жақты баяндалды. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаев жиналғандарға ел анасының туып-өскен жері, дипломатиялық қызметі туралы айтып берді.
– Орыс пен қазақтың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты, саяси мәмілегерлікті Абылайдан кейін қолға алып жалғастырған Уәли ханның ұлт тарихындағы еңбегі зор. Ал сол хан өмірден өткеннен кейін біршама уақыт оның істерін, халық бірлігі мен ел мүддесі үшін жасаған іс-әрекеттерін зайыбы Айғанымның жалғастыруы да ел ішінде аңызға айналып, тарих қойнауында жақсы сақталып қалғаны да шүбәсіз шындық. Аяулы жар, батыр ана, ақылгөй де дана әженің осынау ерлік істері, ақыл-парасатқа толы шешендік толғамдары, билікке бағытталған байыпты сөздері де ұрпақ үшін баға жетпес байлық деуге болады. Баласы Шыңғыс сұлтанды, немересі Шоқанды ойшылдыққа тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген де осы Айғаным екені белгілі, – деді ол.
Шараға жиналған колледж студенттері арасында викториналық ойын ойнатылып, олар Айғаным Сарғалдаққызының өміріне, атқарған қызметіне қатысты сауалдарға жауап берді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Сержан Нұрдолқынұлының “Ел анасы” атты арнау өлеңі кештің мазмұнын аша түсті.
Гүлмира ТЕМІРҒАЛИҚЫЗЫ,
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі.