«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа құрамға жүктелген міндет жоғары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясын аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев ашты.

Мажоритарлық-пропорциналдық жүйемен өткен сайлау нәтижелері бойынша “Amanat”, “Ауыл”, “Ақ жол” және “Respublika” партияларынан 15 және бірмандаттық сайлау жүйесі арқылы 15 адам облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Мандатқа ие болған халық қалаулылары таныстырылып, оларға арнайы куәлік пен төсбелгі табыс етілді.

Облыстық мәслихаттың төрағасы болып тәжірибесі мол Владимир Бубенко қайта сайланды. Бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау, халықтың денсаулығын жақсарту, білім беру, мәдениет және жастар ісі, депутаттық өкілеттік, азаматтар құқығы және заңдылықтар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері бойынша үш комиссия құрылып, олардың төрайымдары болып Сәуле Сұрағанова, Ольга Клишина және Наталья Аитова сайланды.

Депутаттар сессиясында сөйлеген сөзінде облыс әкімі жауапты науқанның саяси маңызын, оған өңір тұрғындары жоғары белсенділікпен қатысқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің бірінші отырысында депутаттарға зор жауапкершілік және іргелі міндеттер жүктегенін, сайлау үдерісі үміткерлерге деген талапты өзгерткенін айта келіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында ауқымды істер тұрғанын, соған орай өзекті мәселелер пысықталып, әр аудан бойынша нақты іс-қимыл жоспары қабылданғанын жеткізді.

Президент экономиканы әртараптандыра отырып, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды маңызды стратегиялық міндет ретінде атады. Әзірленіп жатқан ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы негізінде шекара маңайында орналасқан аудандарға жаңа серпін беру, халықтың өзге аймақтарға көшуін азайту, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау тапсырмаларын жүктеді. Бұдан бөлек, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, орта кәсіпкерлікті дамыту, халыққа сервистік қызмет көрсету үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, адами капиталдың сапасын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау салаларында инфрақұрылымды жақсарту бірлескен жұмыстарды, табандылықты талап етеді. Алға қойған мақсаттарды орындау мүмкіндіктері мол. 2023 жылға бекітілген облыс бюджеті 420 млрд. теңгені құрайды. Республикалық бюджетті нақтылау барысында ауыл шаруашылығын дамытуға, табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, инженерлік инфрақұрылымды өрістетуге қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ “Ауыл ел – бесігі” жобасын іске асыруға қомақты қаржы бағытталатын болады.

“Мен әкімдерге жаңа өндіріс орындарын ашу есебінен бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым. Бүгінде облыс тұрғындарының 50 пайыздан астамы ауылда тұрады, олардың әл-ауқаты агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен тығыз байланысты екенін естен шығармаған жөн. Өсімдік шаруашылығында агротехнологияларды жетілдіру, атап айтқанда, сапалы тұқым себу, енгізілетін минералды тыңайтқыштар көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту – басты талаптардың бірі болмақ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты толықтыру үшін картоп, көкөніс, әлеуметтік маңызы бар басқа да дақылдар көлемі ұлғайтылады”, – деген Айдарбек Сейпілұлы мал шаруашылығын дамыту үшін ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылатынын, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасалатынын айтты. 2012 жылға дейін өңірде тек 2 заманауи тауарлы-сүт кешені жұмыс істеп келсе, қанатқақты бағдарламалардың арқасында сүт кешендері көбейді. Биыл тауарлы-сүт фермаларын, бройлерлік бағыттағы құс фабрикаларын, көкөніс сақтау қоймаларын тұрғызуға 17 млрд. теңге қарастырылды. “Аграрлық несие”, “Азық-түлік”, “ҚазАгроҚаржы” корпорациялары арқылы лизингтер рәсімдеу, форвардтық сатып алу жүзеге асырылады. 86 млрд. теңгенің 38 жобасы пайдалануға берілсе, бір мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Алдағы уақытта жергілікті нарық құс етімен 100 пайыз қамтылып, сүт, май өңдеу кәсіпорындары көбейтіледі. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі артты. Бұл салада 57,4 млрд. теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске қосылады. “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндіріс ошақтары өз нәтижелерін бере бастады. Былтыр 1300 трансформатор шығарылып, 95 пайызы экспортталды. Жергілікті фермерлер пайдаланатын 332 ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылды.

Жедел түрде шешуді талап ететін мәселенің бірі – елді мекендерді сумен жабдықтау. Биыл бұл жұмыстарға 10 млрд. теңге қарастырылып, 16 мыңға жуық адам тұратын 22 елді мекенді тіршілік нәрімен қамту жоспарланған. 250 шақырым сумен жабдықтау желісі салынып, қайта жаңартылады. Елді мекендердегі 650 шақырымға жуық жол мен 100 шақырым көшені жөндеуге 35 млрд. теңге жұмсалады. Облыс орталығында 34 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 14-і бюджет есебінен қаржыландырылады.

Білім беру саласына барлығы 135 млрд. теңге бағытталды. Биыл 44 ұйымды жөндеуге 3,9 млрд., мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 2,1 млрд. теңге қарастырылған. Жаңа оқу жылынан бастап 1-4-сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Петропавл қаласында 3300 орындық 4 білім ошағы, жатын корпусы бар 300 орындық арнайы түзету мектебі салынады. 1600 орындық 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Айдарбек Сейпілұлы жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттардың бірлескен іс-әрекеті нәтижелі болатынына, елімізді өркендету жолындағы азаматтық борышқа селкеу түспейтініне сенім білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp