Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде қала әкімі Руслан Аңбаевтың тұрғындармен кездесуі өтті. Жиын барысында қалаішілік жолдарды қалпына келтіру, қаланы қоқыстан тазарту, жұмыспен қамту сияқты маңызды мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары айтылды.
Сөз басында Руслан Әкімжанұлы елімізде өткен маңызды науқан – Қазақсан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, дауыс берген тұрғындарға алғыс айтты. Содан соң жиналғандарды биылғы жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, жыл соңына дейін атқарылар іс-шаралар жайлы баяндады.
“Былтырғы жылдың соңында қала бюджетін бекіттік. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың қолдауының арқасында облыстық бюджеттен 18,7 миллиард теңге бөлінді. Оның көп бөлігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол инфрақұрылымы мәселелеріне бағыттап отырмыз”, – дей келе, шаһар басшысы бірден бүгінгі күні қалалықтарды толғандырып отырған мәселелерге көшті. Қар суы көлкілдеп, үйлерге кіріп, қала тұрғындарының мазасын қашырған болатын. Алты ай жауған ақ ұлпадан бір сәтте құтыла алмасымыз анық. Қыс бойы қаладан қар шығарған коммуналдық қызмет енді су сорғызу жұмыстарына жұмылдырылған. 25 наурыздан бері тәулік бойы тыным таппай жұмыс істеген бригадалар бүгінгі күнге дейін 156 мың текше метр су сорғызған.
Су басқан учаскелердегі жұмыс процесін жеке бақылауына алғанын айтқан Руслан Аңбаев орын алған жағдай қосымша кәріз жүйесін тарту қажеттілігін көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Биыл Солнечный-2 шағынауданында ұзындығы 2,5 шақырым, сонымен қатар 5 көше бойынша ұзындығы 13 шақырым арық қазу жобасы әзірленуде.
Өткен аптада өңір басшысы Айдарбек Сапаров облыс орталығын аралап, жолдардың жай-күйінің сын көтермейтінін айтқан болатын.
– Биылғы жылдың қаңтар айында облыстық бюджеттен қала жолдарын жөндеуге 4 миллиард теңге бөлінген еді. Қала көшелерінің жағдайын көрген облыс басшысы тағы да бір миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат автобустар мен жеңіл көліктер көп жүретін жолдардың жағдайын дұрыстауға жұмсалады. Жөндеу жұмыстарын 18 көшеде жүргіземіз. Бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл, Интернационал, Абай көшелері жөнделеді. Биыл жеке секторға ерекше көңіл бөлетін боламыз. Жұмысшы кентіндегі Украин, Панфилов, Побелянский және Зоя Космодемьянская көшелерінің бұзылған учаскелері қалпына келтіріледі, – деген Руслан Әкімжанұлы жөндеу сапасы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Биыл облыс орталығында балаларға арналған 20 ойын және 30 спорттық алаң орнатылмақ. Құрылыс барысын мүлік иелерінің бірлестігі мен сол ауланың тұрғындары қадағалайтын болады. Руслан Аңбаев атқарылған жұмыс тұрғындардың көңілінен шыққан жағдайда ғана актіге қол қоятынын, сонымен қатар спорттық және балаларға арналған ойын алаңдары мүлік иелері бірлестігінің сенімді басқаруына өтетінін айтты. Яғни, жаңа қондырғыларды күтіп-баптауға, сақтауға үйдің иелері жауапты.
Мүлік иелерінің бірлестігі бір көпқабатты үйдің пәтер иелерін біріктіретіні белгілі. Ол жерде бөтен адам болмайды. Барлық шешімдерді тұрғындар өздері қабылдап, бірлестік төрағасы өз араларынан сайланады. Бұрындары бірнеше көпқабатты үйдің ортақ есепшоты болса, енді ол бір үй үшін жеке ашылады. Сондай-ақ бұдан былай баспана иелеріне үш айда бір емес, ай сайын есеп берілетін болады. Қала әкімі мұның барлығы тұрғындардың өздері тұрып жатқан баспаналарының қажеттіліктерін біліп, қаржының қайда жұмсалғанын қадағалауға арналғанын айта келе, “Пәтер иелері кооперативтерінен жаңа басқару формасына өтуге үш ай уақыт қалды. 1 шілдеден бастап ПИК өз жұмысын тоқтатады. Алайда қарқын бәсең. Бүгінгі күні 1073 үйдің 367-сінде ғана мүлік иелері бірлестігі тіркелген”, – деді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр 18 көпқабатты үйді күрделі жөндеуге 1 миллиард теңге бөлінсе, биыл 4 үйдің шатыры жөнделіп, 20 жеделсатыны ауыстыру көзделген.
Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бюджет есебінен жалпы алаңы 110,1 мың шаршы метр болатын 14 көппәтерлі тұрғын үй, 99,8 мың шаршы метрлік 20 коммерциялық үй салынуда.
Облыс орталығындағы білім беру саласының бюджеті 25,6 миллиард теңгені құрайды. Қомақты қаражат осы саладағы мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарына бағытталмақ. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік балабақшаларды жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 83 миллион теңге қарастырылған. 17 мектеп пен 2 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға жұмсалатын сома – 649 миллион теңге. 7 мектептің жылыту және кәріз жүйелерін, 5 мектеп пен 2 балабақшаның шатырын, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT лицейдің терезелерін, 2 мектептің кіреберісін, №26 орта мектептің спортзалын, №10 орта мектептің сатысын жөндеу – биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың бір парасы ғана.
– 2023-2025 жылдар аралығында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 3300 оқушыға шақталған 4 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 21 миллиард теңге бөлінеді. “Копай” шағынауданында 600 орындық, “Орман” шағынауданында – 600, “Жас өркенде” – 900 және “Берекеде” 1200 орындық мектеп салынады. Екеуінің құрылысы биыл басталады, – деп сендірді Руслан Аңбаев.
Қала әкімінің халықпен кездесуі сұрақ-жауап форматында жалғасты. Микрофон алған тұрғындар өткен жылы облыс орталығында атқарылған ауқымды жұмыстарға ризашылығын білдіріп, өздерін мазалаған мәселелерді де бүгіп қалмады. Солардың бірі – Лидия Бурма Солнечный-1 шағынауданы тұрғындарының өтініштерін арқалай келген. Оның айтуынша, шағынаудандағы негізгі су құбыры жеке пайдаланушының иелігінде болғандықтан, суға қосылу мәселесінде қиындықтар туындап отыр. Сондай-ақ орталықтандырылған жылыту жүйесіндегі қысымның төмендігі, су-ағарлардың жоқтығы, жолсыздық шағынаудан тұрғындарын шаршатқан. “Орман” шағынауданындағыларды да жол сапасы, жарықтандыру, қоғамдық көлік мәселесі толғандырады. Бір мектептің болмағаны қинайды. Қала басшысы айтылған мәселелердің барлығы егжей-тегжейлі қаралатынын айтты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltüstık Qazaqstan”.