Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай облыста алғаш рет мұғалімдер арасында “Мағжан оқулары” ғылыми-зерттеу олимпиадасы ұйымдастырылды. Білім сайысына өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 22 ұстаз қатысты. Олардан ақынның шығармашылығын жан-жақты зерттеу талап етілді.
Байқау үш аталым бойынша өткізілді. Біріншісінде үміткерлер – Мағжан ақын шығармаларын тақырыптық тұрғыдан талдауға тырысты. Екінші бөлімде Алаш ардақтысының өмірін терең зерттеуге мән берілді. Сайыстың соңғы кезеңінде ақын мұраларын педагогикалық тұрғыдан зерделеу қажет болды.
Сайысқа қатысушылардың бірі – Қызылжар ауданындағы “Қызылжар-Абай” мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перизат Молдағожина. Ол өзінің зерттеу мақаласының тақырыбын “Сылдырап өңкей келісім. Мағжан өлеңдеріне көркемдік талдау” деп атапты. Оның бұл еңбегі қазылар алқасы мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, екінші орынға лайық деп танылды.
– Зерттеу мақаламның мақсаты мен өзектілігі туралы айтатын болсам, қазіргі кезде қазақ жастарының арасында көркем, әдеби тілде сөйлеу азайып бара жатыр. Яғни қазақ тіліндегі көркем әдеби шығармалардың мағынасын жастар жетік түсіне алмай жүр. Мен марғасқа ақын Мағжан шығармаларына талдау жасай отырып, олардың мағынасын, мәнін жастарға жеткізуді мақсат еттім, – дейді қатысушы.
Байқау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен ұстаздар арнайы грамоталармен марапатталды. Алдағы уақытта педагогтар арасында Мағжан оқуларының республикалық кезеңі ұйымдастырылмақ.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.