“Астана – Петропавл” тас жолының 420 шақырымында “Mazda” автокөлігінің дөңгелегі жарылып, “темір тұлпарды” тізгіндеген әйел мен оның құрбысы жолда қалып қойған.
Жол жиегінде тұрған көлікті облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері байқап, дереу көмекке келеді. Қызметкерлер Руслан Қасымов пен Ержан Оңбаевқа балалар отырған “ГАЗельді” аудан шекарасына дейін шығарып салу тапсырылған болатын. Сондықтан алдымен өздеріне жүктелген міндетті орындаған тәртіп сақшылары дөңгелегі жарылған автокөлікке қайтып келіп, жүргізушіге оны ауыстыруға көмектескен.
“Мен полицейлерге ерекше риза болдым. Олар бізге қол ұшын созбағанда жолда қанша уақытқа дейін тұрарымыз белгісіз еді. Қайырымды тәртіп сақшыларына мықты денсаулық, табыс, бақыт тілеймін”, – деп жазды жүргізуші әйел өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.