«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комиссия құрыл­ғаны белгілі. Бұл комиссияның негізгі міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, бірыңғай респуб­ликалық дерекқорын құру.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары бойынша Сол­түстік Қазақстан облыстық ко­мис­сиясының мүшелері екі жылдан астам уақыт көпшілігі жабық, ве­домстволық және мемлекеттік ар­хив­тердегі кеңестік кезеңдегі (1920-1950 жылдар) жаппай қуғын-сүргінге қатысты мәліметтерді жинақтап ке­леді. Зерттеу барысында Қазақстан­ның азаттығы, тәуелсіздігі мен ау­мақтық тұтастығы үшін күрескендер, меншігінен айырылған байлар, ша­руа қожалары, шаруалар көтеріліс­теріне қатысушылар, босқын қазақ­тар, жер аударылған халық өкілдері, лагерь тұтқындары, әскери тұтқын­дар зерттелді. Бүгінгі күні тарих­шы­лар саяси қуғын-сүргін құрбандары­ның деректер қорын жинақтау жұ­мыстарымен айналысуда.

Солтүстік Қазақстан облысы бо­йын­ша аймақтық комиссияның “ку­лактарға, байларға, жартылай фео­дал­дарға және орта шаруаларға қа­тысты саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын ақтау жөніндегі” жұмыстарына тоқтала кетейік. Өңірлік топ екі жылдың ішінде қарқынды жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде Сол­түс­тік Қазақстан облысында байлар мен кулактардың арнайы лагерлері болғаны анықталды. Атап айтқанда, “Байқала” арнайы лагері (Тимирязев ауд.) және кулактарға арналған ар­найы лагерь (Мағжан Жұмабаев ауд. Александровка с.). Архив құжатта­ры­ның негізінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша І, ІІ және ІІІ ка­те­гориядағы жалпы 368 байдың және 2195 кулактың тізімі анықталды.

Жұмыс тобы саяси қуғын-сүргін­ге ұшыраған азаматтардың ұрпақта­рын іздестіру жұмыстарын ұйымдас­тыруда. Сондай-ақ өңірлік комиссия­ға жедел желі арқылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары­нан көптеген сұраулар түсуде. Со­лар­дың бірі – Дүйсенбай Құрмашев­тен келген сұрау. Онда 1899 жылы Солтүстік Қазақстан облысында ту­ған Хамит Құрмашев туралы жазыл­ған. Әкесі туралы ақпарат іздеп, таба алмаған екен. Дүйсенбай ағайдың сұ­рауын орындауға архив қызмет­кер­лері кірісіп, іздестіру жұмыстарын бас­тап кетті. Бірақ Хамит Құрмашев туралы ақпараттың аздығы, қай жер­де туып-өскені, нақты қандай қыз­мет істегені белгісіз болғандықтан, деректерді анықтау қиынға түсті.

Ақмола облыстық архивіне жол­даған сұраудың нәтижесінде ғана алғашқы мәліметтер анықтала бас­тады. Іздеу жұмысы барысында Шал ақын аудандық архивінен Ақсу ауы­лы тұрғындарының шаруашылық кі­таптарынан қосымша мәліметтер алын­ды. Алған деректерді талдай отырып, архив қорларындағы 20-30 жылдардағы жүздеген іс қаралды. Нәтижесінде төмендегі деректерді тауып отырмыз.

Хамит Құрмашев Орта жүз Арғын руының Атығай атасының Құдайберді тармағынан тарайды. Құдайберді­нің алты баласы болған: Есенгелді, Ырсай, Андай, Ақмеліш, Жамет, Құ­лымбет. Есенгелдінің ата қонысы – қа­­зіргі Новоникольск селосының тө­ңі­ре­гі. Ресейден келімсектер келген­де соларға 1000 десятина жер беріп, өз­дерін ата қонысынан алғашқыда Но­вопокровка, кейін Тораңғұл көлі­нің жағасынан ығыстырып, қазіргі Өр­нек, Ақсу ауылдары тұрған мекенге жер аударған.

Мәскеудің нұсқауына байла­ныс­ты республика партия ұйымының шешімімен 1928 жылғы 27-тамызда Қазақ АССР Орталық Атқару комите­ті мен Халық комиссарлары кеңесі­нің “Ірі бай шаруашылықтарын, жар­тылай феодалдары конпескелеу және жер аудару” туралы жарлығы жарық көрді. Онда жартылай фео­дал­дық-патриархалдық және рулық қатынастарды сақтай отырып, өзінің байлығын және қоғамның ықпалы­мен ауылды кеңестендіруге қарсы­лық көрсетуші аса ірі мал иелері кәм­пескеленуі тиіс екені заңдасты­рылды.

Дүйсенбай ағайдың әкесінің айтқанынан есінде қал­ға­ны, “Тама” жұртында 15 үйде үйір-үйір жылқы, егін еккен жерлері бол­ған, соның барлығы сол кездегі бас­тықтардың “бай-молдаларды кол­хоз­ға алмай­мыз” деген ұстанымы­мен колхоздар­ға таратылып беріл­ген. Құрмаш 1930 жылы құ­рылған “Жаңа су” колхозына алын­бай, көптеген қиыншылықтар­ды ба­сы­нан кешкен, тіпті 1947 жылы “Ақсу” ауылына жұмысқа алынғанда ғана тұрғын үйге ие болған.

Деректер бойынша тек Ақсу ауы­лынан қуғынға ұшырағандар тізімін­де: Байғасқа Лабашев, Мақамбет Мұ­қатов, Темірғали Сапаров, Қасен Жа­қыпов, Есмағамбет Мұратбеков, Ха­мит Құрмашев, Ғазез Құрмашев, Қа­би Тоғытаев, Малғаждар Жақыпов, Жақия Мусин, Қабдош Жылқайдаров бар. Соның ішінде Хамит Құрмашев, тәркілеуге ұшыраған бай Байғасқа Лабашев, молда Қасен Жақыпов елден кетуге мәжбүр болған.

– Атығай-Есенгелді елінің молда­сы атам Құрмаштың (Құрмансейіт) екі ұлы болған, – дейді Дүйсенбай ағай. – Үлкені Қабдолғазез 1888 жы­лы туған. Ол соғыстан кейінгі жыл­дары Алматыда араб тілінен сабақ берген. Екінші ұлы Қабдолхамит Хамит 1899 жылы туған. Біздің әкемізді ауыл­дағылар “қари” дейтін. Ағам Бі­ләлдің айтуынша, әкем қудаланған, мал дүниесі тоналған, ал діни кітап­тары түгелімен ағаштың ішіне көміл­ген. Жан сауғалап жүр­генде 1938 жы­лы аштықтан әйелі, баласы қайтыс болады. Ол соғыстан бұрын 1937-1939 жылдары сотталуы мүмкін, одан босап шығып, Ақмола жағында темір жол құрылысында қызметте болған ағасына барып, біздің шеше­міз Маржанға қосылды. Содан елге бет­теп келе жатып, Есіл ауданында­ғы бұрынғы “Өндіріс” де­ген колхозда тұрғанда соғыс баста­лып, әкемді сон­дағылар бір туысы­ның орнына трудармияға жіберген. Трудармияға әкемді шақырған құ­жаттар табыл­мады.

Ғасырлық тарихы бар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архив қорла­рындағы осы ауыл және тұрғындары туралы деректерге келсек. Архивтен Хамиттің баласы Елтай Құрмашев­тың латын қарпімен жазылған туу ту­ралы құжаты табыл­ды. Осы құжатты аударып, төмендегі ақпаратты анық­тадық:

“22 қазан 1940 жылғы №6 туу ту­ралы акті бойынша Құрмашев Елтай 20 қазан 1940 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келген. Әкесі – Құр­­машев Хамит, 1893 жылы туған, кә­сібі етікші. Шешесі – Шах­манова Маржан, 1916 жылы туған. Ата-анасының тұрғылықты тұратын жері – Сол­түстік Қазақстан облысы, Ленин ау­да­ны, Өндіріс ауылы. Бұл жерде 1940 жылдың 15-і қазанынан тұрады”.

1928 жылғы 7 қазан күні Петро­павл округінің жер орналастыру­шы­сы В.В.Ильинский, №16 ауыл кеңесі­нің төрағасы Шаймерден Ержанов­тың, ауылдық кеңестің хатшысы Ра­мазан Сыздықовтың, Байғасқа ауы­лының уәкілі Байғасқа Лабашевтың және Нұржау ауылының уәкілі Абрал Нұржановтың қатысуымен Байғасқа және Нұржау ауылдарының қосым­ша жерге орналастыру тілектерін анықтау хаттамасы анықталды. Хат­тамада: 1) Ауыл Байғасқа үшін де, Нұржау үшін де жалпы, оның ішінде 36 аула және 181 жер бар; 2) Жер учаскесі Телеу және Түйесойған ша­руа қожалықтарынан Карачев және Лузин қырларынан бастап, жай­лауға қарай бөлек кесілсін; 3) Мем­лекеттік есеп арқылы ауылға 4 тас құ­дық са­лынсын және ауылдың сол­түстігін­де­гі батпақты тазалау жұмыс­тары жүр­гізілсін; 4) Собы, Ысқақ, Телеу бо­йындағы жайлаудан 50 са­жень қиып алу; 5) Ғимараттарды тұрғызу үшін қажетті орман көлемін тегін жіберу; 6) Ғимараттардың құнына байланыс­ты әр аулаға ауыл­ға қоныс аударуға қайтарымсыз не­сие берілсін; 7) Жай­лаудан тиесілі шабу мөлшері бөлек бөлінсін, – делінген.

1928 жылдары бұрынғы Ақмола губерниясы Володар болысының Ново-Покров селолық кеңесінің төңі­регінде Байғасқа, Тама, Тақай, Сәби, Телеу (қазіргі Шал ақын ауданының Но­вопокровка ауылы) бай ауылдары ретінде архив құжаттарында көрсе­тіл­ген. Бұл ауылдардың адамдары 1928 жыл­дың 27 тамызында ірі бай­ларды тәр­кілеу шешімі арқылы то­налды, қуда­ланды, қасірет кешті. Нақ­ты айтсақ:

Байғасқа Лабашев – Құрмашев Хамиттің туған нағашысы, 1857 жы­лы Айыртау ауданының №16 ауы­лын­да дүниеге келген. ІІ және ІІІ ка­те­гориядағы бай. 10 жыл бойы ауыл старшыны болған. Кеңес үкіметі 1925 жылы сайлау құқығынан айыр­ған. Малды қасақана жойғаны үшін және бай ретінде 5 жылға бас бос­тандығынан айырылып, соттал­ды. Әйелі – Ұрдания (70 жаста), баласы Жақия (40 жаста), келіні Жа­мал (38 жаста), 3 және 16 жас ара­лығындағы 5 баласы бар.

Есім Байғаскин – Байғасқа Лаба­шев­тың баласы, Алаш қайраткері, отандық баспасөз және оқу-ағарту ісі ұйымдастырушыларының бірі. Ол 1893 жылы Ортақшылдар болысы­ның 2-ауылында туған. Ауыл молда­сы­нан хат танығаннан кейін 1914-1918 жылдары Омбы гимназиясын­да оқиды. Осында жастардың “Бір­лік” ұйымының жұмысына қатысады. 1918 жылы 5-13 сәуірде Омбы қала­сында өткен алашшыл жастардың тұңғыш съезіне қатысады. С.Сәдуа­қасұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды ка­тар­лас қайраткерлермен достық бай­ланыста болады. Ол аталған съезде құрылған “Жас азамат” ұйымына кі­реді. Ақмола облыстық Алаш коми­тетінің жұмысына атсалысады. Ке­ңес билігі қайта орныққанда Ақмола губерниялық атқару комитетінде қызмет атқарады. Қазақ секциясы­ның нұсқаушысы, халық ағарту бөлі­мінің қызметкері болады. 1924 жылы Түркістанға қоныс аударып, Таш­кент­тегі Орта Азия университетінің экономика факультетіне оқуға түсе­ді. Оны 1928 жылы бітіріп шығады. Оқуын тамамдаған соң “Средаз­бюро­да”, аудандық атқару комите­тінде жауапты қызметтер атқарады. “Ақ жол” газетінде журналист, Қазақ халыққа білім беру институтында оқытушы болды. 1925 жылы Мәскеу­ден Қ.Кемеңгерұлының жетекші­лігі­мен шыққан “Қазақша-орысша тіл­маш” сөздігін құрастыруға М.Бұрал­қыұлы, А.Байтасұлы, Ғ.Дәулетбек­ұлы, М.Сәрсенбайұлы сынды аза­мат­тармен бірге қатысады. 1932 жы­лы Шымкентте жұмыс істейді, ал 1934 жылы Алматыға келіп, Алматы зооветеринарлық институтының ди­рек­торы қызметін атқарады. 1937 жы­лы тұтқындалып, КСРО Жоғары соты әскери трибуналының 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 баптары бойынша 27.02.1938 жылы ең жоғарғы жазаға кесілген. 1957 жылдың 28 жел­тоқ­саны күні КСРО Жоғары сотының әс­кери кол­легиясы ақтады.

Темірболат Ысмаилұлы Құтба­нов, 1907 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында туған. Қазақ. Бастауыш білімі бар. Облыс­тық әлеуметтік қамсыздандыру ме­ке­месінде есепші болып жұмыс ат­қарған. 1937 жылғы 28 қазан күні тұт­қындалып, 26 қараша күні қылмыс­тық кодекстің 58-10, 58-11 баптары бойынша ең жоғарғы жазаға кесіл­ген. 1959 жылдың 22 шілдесі күні облыстық сот ақтады.

Есмағамбет Мұратбеков, 1882 жы­лы Солтүстік Қазақстан облысы Жаңа-су колхозында туған. Білімі жоқ. Тұрғылықты жері: Солтүстік Қа­зақстан облысы Сергеевка ауданы Жаңа-су ауылы. Ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. 1937 жылы 3 қараша күні тұтқындалып, 26 қараша күні қыл­мыстық кодекстің 58-10 бабы бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға сотталған. 1989 жылы 12 қыр­күйек күні Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық прокуратурасы ақтады.

Жақия Мусин, 1898 жылы Қара­ғанды облысы Ақмола ауданында туған. Білімі жоқ. 1937 жылы 1 жел­тоқсанда тұтқындалып, 8 желтоқсан­да қылмыстық кодекстің 58-10, 58-11 баптары бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға сотталған. 1957 жылдың 28 желтоқсаны күні Ақмола облыстық соты ақтады.

Қасен Жақыпов, 1875 жылы Сол­түстік Қазақстан облысы Төңкеріс ауданы Ақсу ауылында туған. Молда болған. 1937 жылы 3 қараша күні тұтқындалып, 26 қараша күні қыл­мыстық кодекстің 58-10, 58-11 бапта­ры бойынша ең жоғары жазаға кесіл­ген. 1989 жылы 27 сәуір күні Сол­түстік Қазақстан облыстық прокура­турасы ақтады.

Бұл азаматтардың есімдері Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың 2020 жылдың 24-ші қара­шадағы “Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия туралы” Жарлы­ғының негізінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві дайындаған “Қызылжардың шерлі тарихы” 3 том­дығына енгізілді.

Бірақ әлі ақталмағандар қанша­ма? Олардың ішінде тәркілеуге ұшы­раған байлар мен кулактардың тізі­міне енгендер және дін қызмет­кер­лері мен олардың қуғынға ұшыраған ұрпақтары бар. Өңірлік комиссия осы топтағы адамдардың тізімін мемле­кеттік комиссияға жолдады. Саяси қу­ғын-сүргін құрбандары ұрпақта­ры­ның естеліктерін жинақтау да – өңір­лік комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Болашақта саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтары­ның естеліктерін жинақ ретінде ьасып шығару жоспарланып отыр.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp