«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ТАРИХЫНДА ӨЗ ОРНЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында облыстық әкімдік пен Саха республикасы арасындағы келісім аясында мемлекет және қоғам қайраткері Максим Аммосовтың туғанына 125 жыл толуына орай конференция ұйымдастырылды. Оған тарихшылар, Саха республикасынан келген делегация және Максим Аммосовтың туыстары қатысты.

Шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов құттықтау сөзбен ашып, Максим Кировичтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұлға екенін атап өтті.

Одан әрі конференция облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованің баяндамасымен жалғасты. Ол өз сөзінде мұрағат қорында қайраткер жайлы біршама құнды құжаттар бар екенін айтып, солардың бірнешеуіне кеңірек тоқталды.

– Өңір тарихында есімі өшпес көптеген көрнекті тұлғалар бар. Солардың бірі – облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Максим Аммосов. Ол азамат соғысы кезінде-ақ белсенді еңбек етті. Сол жылдары қазіргі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыста ірі облыстар еді. Максим Аммосов басқарған жылдары осындағы консерві зауыты ірі өндіріс ошағына айналды, ескі өндіріс орындары қалпына келтіріліп, жаңа зауыттар бой көтерді. Егіс алқаптарының өнімділігі рекордтық деңгейге жетті. Сол кездің өзінде ол облыстың ілгері дамуында үлкен мүмкіндіктер мен ресурстар бар екенін айтып кеткен. Тіпті өңірде қой шаруашылығын дамыту үшін Англияға сұрау салған. Өкінішке қарай, ол сұрауға тек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана жауап келді. Максим Аммосов жергілікті халықтың құрметіне ие болып, қазақ тілінде еркін сөйлеген, Голощекинның саясатына түбегейлі қарсы болған, қазақ зиялыларымен жақын қарым-қатынас жасаған, – деді Сәуле Зейноллақызы.

Кейіннен мерейтой иесінің туған жері Саха республикасының мемлекеттік жиналысы төрағасының кеңесшісі Анна Акласова Қызылжар жұртшылығына рақметін айтып, екі ел арасындағы достық байланыс жалғаса беретініне сенім білдірді. Ол Максим Аммосовтың бауырлас қазақ, қырғыз, саха жұртына еңбек сіңірген, үш елге де ортақ тұлға екенін еске салды. Жиында делегацияның өзге де мүшелері сөз алып, бірқатар құнды кітаптарды өңір кітапханасына сыйға тартты.

Атқарған қыруар жұмыстары мен жеткен жетістіктеріне қарамастан Максим Кирович саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Бұл жайында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған баяндама жасап, қанды қасап жылдардың ақиқатын ашудағы бірқатар мәселелерді көтеріп, жазықсыз құрбан болғандар жайлы ой толғанысымен бөлісті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp