Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасау – облыстық спорт басқармасының алдына қойған мақсаттарының бірі. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдіменов аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қазір өңір тұрғындарының 215 мыңнан астамы немесе 40,2 пайызы спортқа үйір. Спорттың адам өмірі үшін маңыздылығын ескерсек, бұл көрсеткіш аздау. Бірақ соңғы төрт жылда 38 мың адамның саламатты өмір салтын ұстануға бел бууы қуантпай қоймайды. Өңірде 2951 спорт нысаны, 27 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 25 аула клубы, 9 спорт клубы, 11 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Өткен жылы аудандарда жаңа 28 нысан, Тимирязев пен Аққайың аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылған. Жаңа нысандар мемлекет қаржысы немесе жеке кәсіпкерлердің қолдауының арқасында салынды.
– Ескі спорт нысандарын жөндеп, спорт құрылғыларын жаңарту ісі де жүзеге асырылуда. Өткен жылы Петропавл қаласындағы “Жастар” стадионы жөнделіп, республикалық жарыстар өткізуге лайықталды. Биыл облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығы мен аудандарға да керекті қаржылар бөлінді, – деді Асылбек Әлдіменов.
Спортқа құштарлардың қатарын көбейту мақсатында өткен жылы 230 мыңға жуық адамды қамтыған 1200-ден астам спорттық іс-шара өткізілген. Ең көп адам жинаған шаралар – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Надежда” облыстық спартакиадасы, “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі, “Север” – қысқы спорт мерекесі, “Жастар” облыстық спартакиадасы, “Қызылжар” ұлттық спорт фестивалі. Сонымен қатар былтыр “Қызылжар – 2022” облыстық жартылай марафоны триатлоннан Петропавл қаласы чемпионаты, “TartylFest” республикалық челенджі және 800-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысқан республикалық спартакиада сынды шаралар да ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда 39 жазғы олимпиадалық, 11 қысқы олимпиадалық, 27 олимпиадалық емес, 17 паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлері бойынша өңір намысын қорғап жүрген спортшыларға еңбекақы тағайындалған. Өткен жылы 12 спортшымыз республикалық және халықаралық аренада сәтті өнер көрсетіп, облысымыздың абыройын асқақтатты. Бүгінде еліміздің олимпиадалық құрамасына үміткер спортшылардың қатарында велошабандоз Алексей Луценко мен Артем Захаров, жеңіл атлетикадан Михаил Литвин, еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов, боксшы Наталья Богданова, дзюдошы Назгүл Маратова, грек-рим балуаны Данияр Кәленов, брейкинг Амир Закиров бар.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.