«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ ПЕДАГОГТАР

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Бүгіндері білім беру саласына ақпараттық технологияларды енгізу үрдісі белсенді жүргізілуде. Бұл ретте мектем мұғалімдерінің білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдау маңызды. Оқушылар сарайында “ІТ саладағы тәрбие беру және оқушылардың әлеуетін арттыру” тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық семинар осы мақсатты көздеді. Шараға аталған сала бойынша 250 пән мұғалімі қатысып, ортақ мәселелерді ортаға салып, жаңашыл ойларымен бөлісті.

Педагогтар “Оқушыларға арналған робототехника”, “Мектепке дейінгі балаларға арналған робототехника”, “Бағдарламалау”, ”Графикалық бағдарламалау”, “ІТ саласындағы жобалау” секциялары бойынша отырыстарға қатысты. Ал түстен кейін семинардың пленарлық бөлігі өтіп, онда осы тақырыптар бойынша шетелдік сарапшылар сөз сөйледі.

Жалпы елімізде білім беру саласына ақпараттық технологияларды тереңдете енгізу арқылы адами капиталды дамытуға баса мән берілуде. Осы орайда білім берудің басқару жүйесін құру, бастауыш буынға бағдарламалау негіздерін 2-сыныптан енгізу, жетекші АКТ мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту сияқты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Шараға қатысқан биология, география пәндерінің мұғалімдері ел деңгейінде және өңірімізде атқарылып жатқан осы сияқты жұмыстардың артықшылықтары мен әлі де болсын дамытуды қажет ететін тұстарын нақты мысалдар арқылы тілге тиек етті.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының өкілдері, өңірдегі бірқатар оқу орнының басшылары, ресейлік ғалымдар, кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Южноуральск қаласынан келген ІТ клуб жетекшісі Елена Токарева да бар.

– Өз білімдерін жетілдіріп, үнемі тәжірибе жинайтын мамандар – ең үздік педагогтар. Олардың ізденістері ақпараттық технологиялар саласында үлкен басымдыққа ие. Мұндай мамандар болашақ еңбек нарығында сұранысқа ие болатын кәсіп иелерін даярлап жатыр. Сондықтан да олардың жұмысына баса мән беріп, тәжірибе алмасқанымыз дұрыс, – дейді ол.

Бұл турасында Алматы қаласынан келген мектеп директоры Гүлнар Қарамендинованың да өз айтары бар. Ол оқу процесінде теория мен практиканы ұштастыра білу аса қажет деп санайды. “Оқушылар тақырыпты өздері зерттеу, жобалау арқылы нәтижеге жетеді. Осылайша өздігінен жұмыс істеп, сабаққа жауапкершілікпен қарап үйренеді, – дейді алматылық маман.

Семинар барысында отандық білім беру мекемелерінің басшылары Иван Бухонин, Данияр Уәлиев, Рашит Белгібаевтың, сонымен қатар Ресейдегі техникалық шығармашылық үйінің директоры Владистав Халамов, ІТ-клуб жетекшісі Артем Михайловтың ойлары көптің қолдауына ие болды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp