Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Бұл комиссияның негізгі міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, бірыңғай республикалық дерекқорын құру.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық комиссиясының мүшелері екі жылдан астам уақыт көпшілігі жабық, ведомстволық және мемлекеттік архивтердегі кеңестік кезеңдегі (1920-1950 жылдар) жаппай қуғын-сүргінге қатысты мәліметтерді жинақтап келеді. Зерттеу барысында Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендер, меншігінен айырылған байлар, шаруа қожалары, шаруалар көтерілістеріне қатысушылар, босқын қазақтар, жер аударылған халық өкілдері, лагерь тұтқындары, әскери тұтқындар зерттелді. Бүгінгі күні тарихшылар саяси қуғын-сүргін құрбандарының деректер қорын жинақтау жұмыстарымен айналысуда.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық комиссияның “кулактарға, байларға, жартылай феодалдарға және орта шаруаларға қатысты саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі” жұмыстарына тоқтала кетейік. Өңірлік топ екі жылдың ішінде қарқынды жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында байлар мен кулактардың арнайы лагерлері болғаны анықталды. Атап айтқанда, “Байқала” арнайы лагері (Тимирязев ауд.) және кулактарға арналған арнайы лагерь (Мағжан Жұмабаев ауд. Александровка с.). Архив құжаттарының негізінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша І, ІІ және ІІІ категориядағы жалпы 368 байдың және 2195 кулактың тізімі анықталды.
Жұмыс тобы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарын іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Сондай-ақ өңірлік комиссияға жедел желі арқылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарынан көптеген сұраулар түсуде. Солардың бірі – Дүйсенбай Құрмашевтен келген сұрау. Онда 1899 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған Хамит Құрмашев туралы жазылған. Әкесі туралы ақпарат іздеп, таба алмаған екен. Дүйсенбай ағайдың сұрауын орындауға архив қызметкерлері кірісіп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Бірақ Хамит Құрмашев туралы ақпараттың аздығы, қай жерде туып-өскені, нақты қандай қызмет істегені белгісіз болғандықтан, деректерді анықтау қиынға түсті.
Ақмола облыстық архивіне жолдаған сұраудың нәтижесінде ғана алғашқы мәліметтер анықтала бастады. Іздеу жұмысы барысында Шал ақын аудандық архивінен Ақсу ауылы тұрғындарының шаруашылық кітаптарынан қосымша мәліметтер алынды. Алған деректерді талдай отырып, архив қорларындағы 20-30 жылдардағы жүздеген іс қаралды. Нәтижесінде төмендегі деректерді тауып отырмыз.
Хамит Құрмашев Орта жүз Арғын руының Атығай атасының Құдайберді тармағынан тарайды. Құдайбердінің алты баласы болған: Есенгелді, Ырсай, Андай, Ақмеліш, Жамет, Құлымбет. Есенгелдінің ата қонысы – қазіргі Новоникольск селосының төңірегі. Ресейден келімсектер келгенде соларға 1000 десятина жер беріп, өздерін ата қонысынан алғашқыда Новопокровка, кейін Тораңғұл көлінің жағасынан ығыстырып, қазіргі Өрнек, Ақсу ауылдары тұрған мекенге жер аударған.
Мәскеудің нұсқауына байланысты республика партия ұйымының шешімімен 1928 жылғы 27-тамызда Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің “Ірі бай шаруашылықтарын, жартылай феодалдары конпескелеу және жер аудару” туралы жарлығы жарық көрді. Онда жартылай феодалдық-патриархалдық және рулық қатынастарды сақтай отырып, өзінің байлығын және қоғамның ықпалымен ауылды кеңестендіруге қарсылық көрсетуші аса ірі мал иелері кәмпескеленуі тиіс екені заңдастырылды.
Дүйсенбай ағайдың әкесінің айтқанынан есінде қалғаны, “Тама” жұртында 15 үйде үйір-үйір жылқы, егін еккен жерлері болған, соның барлығы сол кездегі бастықтардың “бай-молдаларды колхозға алмаймыз” деген ұстанымымен колхоздарға таратылып берілген. Құрмаш 1930 жылы құрылған “Жаңа су” колхозына алынбай, көптеген қиыншылықтарды басынан кешкен, тіпті 1947 жылы “Ақсу” ауылына жұмысқа алынғанда ғана тұрғын үйге ие болған.
Деректер бойынша тек Ақсу ауылынан қуғынға ұшырағандар тізімінде: Байғасқа Лабашев, Мақамбет Мұқатов, Темірғали Сапаров, Қасен Жақыпов, Есмағамбет Мұратбеков, Хамит Құрмашев, Ғазез Құрмашев, Қаби Тоғытаев, Малғаждар Жақыпов, Жақия Мусин, Қабдош Жылқайдаров бар. Соның ішінде Хамит Құрмашев, тәркілеуге ұшыраған бай Байғасқа Лабашев, молда Қасен Жақыпов елден кетуге мәжбүр болған.
– Атығай-Есенгелді елінің молдасы атам Құрмаштың (Құрмансейіт) екі ұлы болған, – дейді Дүйсенбай ағай. – Үлкені Қабдолғазез 1888 жылы туған. Ол соғыстан кейінгі жылдары Алматыда араб тілінен сабақ берген. Екінші ұлы Қабдолхамит Хамит 1899 жылы туған. Біздің әкемізді ауылдағылар “қари” дейтін. Ағам Біләлдің айтуынша, әкем қудаланған, мал дүниесі тоналған, ал діни кітаптары түгелімен ағаштың ішіне көмілген. Жан сауғалап жүргенде 1938 жылы аштықтан әйелі, баласы қайтыс болады. Ол соғыстан бұрын 1937-1939 жылдары сотталуы мүмкін, одан босап шығып, Ақмола жағында темір жол құрылысында қызметте болған ағасына барып, біздің шешеміз Маржанға қосылды. Содан елге беттеп келе жатып, Есіл ауданындағы бұрынғы “Өндіріс” деген колхозда тұрғанда соғыс басталып, әкемді сондағылар бір туысының орнына трудармияға жіберген. Трудармияға әкемді шақырған құжаттар табылмады.
Ғасырлық тарихы бар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архив қорларындағы осы ауыл және тұрғындары туралы деректерге келсек. Архивтен Хамиттің баласы Елтай Құрмашевтың латын қарпімен жазылған туу туралы құжаты табылды. Осы құжатты аударып, төмендегі ақпаратты анықтадық:
“22 қазан 1940 жылғы №6 туу туралы акті бойынша Құрмашев Елтай 20 қазан 1940 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келген. Әкесі – Құрмашев Хамит, 1893 жылы туған, кәсібі етікші. Шешесі – Шахманова Маржан, 1916 жылы туған. Ата-анасының тұрғылықты тұратын жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Өндіріс ауылы. Бұл жерде 1940 жылдың 15-і қазанынан тұрады”.
1928 жылғы 7 қазан күні Петропавл округінің жер орналастырушысы В.В.Ильинский, №16 ауыл кеңесінің төрағасы Шаймерден Ержановтың, ауылдық кеңестің хатшысы Рамазан Сыздықовтың, Байғасқа ауылының уәкілі Байғасқа Лабашевтың және Нұржау ауылының уәкілі Абрал Нұржановтың қатысуымен Байғасқа және Нұржау ауылдарының қосымша жерге орналастыру тілектерін анықтау хаттамасы анықталды. Хаттамада: 1) Ауыл Байғасқа үшін де, Нұржау үшін де жалпы, оның ішінде 36 аула және 181 жер бар; 2) Жер учаскесі Телеу және Түйесойған шаруа қожалықтарынан Карачев және Лузин қырларынан бастап, жайлауға қарай бөлек кесілсін; 3) Мемлекеттік есеп арқылы ауылға 4 тас құдық салынсын және ауылдың солтүстігіндегі батпақты тазалау жұмыстары жүргізілсін; 4) Собы, Ысқақ, Телеу бойындағы жайлаудан 50 сажень қиып алу; 5) Ғимараттарды тұрғызу үшін қажетті орман көлемін тегін жіберу; 6) Ғимараттардың құнына байланысты әр аулаға ауылға қоныс аударуға қайтарымсыз несие берілсін; 7) Жайлаудан тиесілі шабу мөлшері бөлек бөлінсін, – делінген.
1928 жылдары бұрынғы Ақмола губерниясы Володар болысының Ново-Покров селолық кеңесінің төңірегінде Байғасқа, Тама, Тақай, Сәби, Телеу (қазіргі Шал ақын ауданының Новопокровка ауылы) бай ауылдары ретінде архив құжаттарында көрсетілген. Бұл ауылдардың адамдары 1928 жылдың 27 тамызында ірі байларды тәркілеу шешімі арқылы тоналды, қудаланды, қасірет кешті. Нақты айтсақ:
Байғасқа Лабашев – Құрмашев Хамиттің туған нағашысы, 1857 жылы Айыртау ауданының №16 ауылында дүниеге келген. ІІ және ІІІ категориядағы бай. 10 жыл бойы ауыл старшыны болған. Кеңес үкіметі 1925 жылы сайлау құқығынан айырған. Малды қасақана жойғаны үшін және бай ретінде 5 жылға бас бостандығынан айырылып, сотталды. Әйелі – Ұрдания (70 жаста), баласы Жақия (40 жаста), келіні Жамал (38 жаста), 3 және 16 жас аралығындағы 5 баласы бар.
Есім Байғаскин – Байғасқа Лабашевтың баласы, Алаш қайраткері, отандық баспасөз және оқу-ағарту ісі ұйымдастырушыларының бірі. Ол 1893 жылы Ортақшылдар болысының 2-ауылында туған. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1914-1918 жылдары Омбы гимназиясында оқиды. Осында жастардың “Бірлік” ұйымының жұмысына қатысады. 1918 жылы 5-13 сәуірде Омбы қаласында өткен алашшыл жастардың тұңғыш съезіне қатысады. С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды катарлас қайраткерлермен достық байланыста болады. Ол аталған съезде құрылған “Жас азамат” ұйымына кіреді. Ақмола облыстық Алаш комитетінің жұмысына атсалысады. Кеңес билігі қайта орныққанда Ақмола губерниялық атқару комитетінде қызмет атқарады. Қазақ секциясының нұсқаушысы, халық ағарту бөлімінің қызметкері болады. 1924 жылы Түркістанға қоныс аударып, Ташкенттегі Орта Азия университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Оны 1928 жылы бітіріп шығады. Оқуын тамамдаған соң “Средазбюрода”, аудандық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарады. “Ақ жол” газетінде журналист, Қазақ халыққа білім беру институтында оқытушы болды. 1925 жылы Мәскеуден Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен шыққан “Қазақша-орысша тілмаш” сөздігін құрастыруға М.Бұралқыұлы, А.Байтасұлы, Ғ.Дәулетбекұлы, М.Сәрсенбайұлы сынды азаматтармен бірге қатысады. 1932 жылы Шымкентте жұмыс істейді, ал 1934 жылы Алматыға келіп, Алматы зооветеринарлық институтының директоры қызметін атқарады. 1937 жылы тұтқындалып, КСРО Жоғары соты әскери трибуналының 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 баптары бойынша 27.02.1938 жылы ең жоғарғы жазаға кесілген. 1957 жылдың 28 желтоқсаны күні КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы ақтады.
Темірболат Ысмаилұлы Құтбанов, 1907 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында туған. Қазақ. Бастауыш білімі бар. Облыстық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде есепші болып жұмыс атқарған. 1937 жылғы 28 қазан күні тұтқындалып, 26 қараша күні қылмыстық кодекстің 58-10, 58-11 баптары бойынша ең жоғарғы жазаға кесілген. 1959 жылдың 22 шілдесі күні облыстық сот ақтады.
Есмағамбет Мұратбеков, 1882 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жаңа-су колхозында туған. Білімі жоқ. Тұрғылықты жері: Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка ауданы Жаңа-су ауылы. Ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. 1937 жылы 3 қараша күні тұтқындалып, 26 қараша күні қылмыстық кодекстің 58-10 бабы бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға сотталған. 1989 жылы 12 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы ақтады.
Жақия Мусин, 1898 жылы Қарағанды облысы Ақмола ауданында туған. Білімі жоқ. 1937 жылы 1 желтоқсанда тұтқындалып, 8 желтоқсанда қылмыстық кодекстің 58-10, 58-11 баптары бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға сотталған. 1957 жылдың 28 желтоқсаны күні Ақмола облыстық соты ақтады.
Қасен Жақыпов, 1875 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Төңкеріс ауданы Ақсу ауылында туған. Молда болған. 1937 жылы 3 қараша күні тұтқындалып, 26 қараша күні қылмыстық кодекстің 58-10, 58-11 баптары бойынша ең жоғары жазаға кесілген. 1989 жылы 27 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы ақтады.
Бұл азаматтардың есімдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24-ші қарашадағы “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы” Жарлығының негізінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві дайындаған “Қызылжардың шерлі тарихы” 3 томдығына енгізілді.
Бірақ әлі ақталмағандар қаншама? Олардың ішінде тәркілеуге ұшыраған байлар мен кулактардың тізіміне енгендер және дін қызметкерлері мен олардың қуғынға ұшыраған ұрпақтары бар. Өңірлік комиссия осы топтағы адамдардың тізімін мемлекеттік комиссияға жолдады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктерін жинақтау да – өңірлік комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Болашақта саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктерін жинақ ретінде ьасып шығару жоспарланып отыр.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.