«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық тәрбиені темірқазық еткен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлмайра Байзаққызын шәкірт­те­рі “бала жанының бағбаны” ретін­де әспеттеп, ерекше құрметпен қо­ше­мет көрсетіп жатады. Адам жанын жадыратып, тебірентетін мұндай ыстық ықылас екінің біріне көрсетіле бермесі анық. Тұлымшағы желбіре­ген жас қыз Целиноград педагогика­лық институтын бітіріп, бастауыш сы­нып мұғалімі мамандығын алып шық­қаннан кейін жар­ты ғасырға жуық ба­лаларға сапалы білім, саналы тәр­бие берді. Өмірдегі соны соқпағын адас­пай табуына жан-жақты бағыт-бағдар беріп, арман еткен ма­ман­дығының түпсіз тұңғиығына бойла­тып, інжу-маржанын тергізе білген екі адамға өзін әлі күнге дейін қарыз­дар сезінеді. Біріншісі – қолына қа­лам ұстатып, жазу-сызуға үйреткен Рабиға Байжанова апай. Оның мейі­рімге толы жылы жүзі, асықпай, бап­пен сөйлейтін мінезі, кірпияз жүріс-тұрысы сол күнгідей көз алдында. Екін­шісі – әкесінің ағасы Өмірзақ. Жалпы Ғайсиндер әулетін тамырын тереңге жайған алып бәйтерекке ұқсатсақ, соның ұшар басында ал­ды­мен Өмекеңнің есімі жүреді. Кезін­де жоғары қызметтер атқарып, білім сала­сына зор еңбек сіңірген ел аза­маты талай кәусар бұлақтың көзін ашып, ауыл-аумаққа қамқор бола білді. Гүл­майра да ағасына барынша ұқсауға тырысып, соңғы қоңырау үні сыңғыр­лай соғылғанда түн қараң­ғы­лығында жарқырай көрініп, барар жолға адас­тырмай жөн сілтейтін те­мірқа­зық іс­петтес ұлағатты ұстаз бо­луға бір­жола бекінді.

– Қарағаш десе, жүрегім елжіреп қоя береді. Туып-өскен атамекеніме деген сазды сағыныш па, әлде мұ­нарт­­қан мұң ба, тұла бойымды кер­ней жөнеледі. Ауыл-аумаққа сыйлы, сөзі өтімді Ғай­са атамның бейнесі жадымда жат­талып қалыпты. Сауда-саттыққа өте бейім еді, кез келген істің көзін тауып, ұршықша үйіріп ала жөнелетін. Төрт түлікті көптеп өсіріп, бала-шағадан артылғанын қаланың базарына апа­рып сататын. Кейбіреу­лер сыртынан “саудагер” деп әжуа­лап жатса да, адал еңбек, маңдай термен терді. Көмек сұрай келген еш­кімнің қолын қақпайтын. Қарап отыр­сам, сол за­манның кәсіпкері десе де болады. Әкем есеп-қисап, байланыс салаларында, шешем мұнай база­сын­да жұмыс істеді. Қай-қайсысы бол­сын бәріміздің ауылда байланып қалмай, ілім-білім жинап, дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануы­мыз­ды хош көрді, – дейді 75-тің төрі­не озған Гүлмайра тәтей өткен күн­дерді ерекше сезіммен еске алып.

Жас маман еңбек жолын кіндік қаны тамған туған жерінен бастап, өз ісін тез игеріп әкетеді. Сенім үдесінен көрініп, кәсіби шеберлігін жетілдіре түседі. Бір жылдан соң студент ке­зінде танысып, жүрек жарастырған Сағындықтың қолынан ұстап, өзгеше өмір өлкесіне қадам басады.

Егемендіктің елең-алаң шағында отағасының бастауымен үш сәбиін жетелеп, облыс орталығына қоныс аударады, “Василек” балабақшасы­на әдіскер болып орналасады. Аз уа­қыттың ішінде мұнда да жақсы қыры­нан танылып, бала жанының нағыз бағбанына айналады. 1991 жылдың қоңыр күзінде Петропавл қаласында тұңғыш ашылған “Салтанат” ұлт­тық балабақшасынан әдіскерлік қыз­мет ұсынылады. Сөйтіп, оның меңге­рушісі Римма Ахметовамен бірге тізе қосып жұмыс істеп, Тәуелсіздіктің төл құрдасы саналатын шаңырақтың қалыптасуына зор еңбек сіңіреді. Бұл айтуға ғана оңай, шын мәнінде жел­дің өтінде, шекараның шетінде орна­ласқан шаhарда геосаяси жағ­дай өте-мөте ширығып тұрған кез еді. “Ро­машка” балабақшасының сол кездегі мең­герушісі жау жағадан алғанда бө­рі етектен тартатының керін кел­ті­руге ұмтылады. Мұндай сәтті Қа­зақ­станның дербес ел болуына іші күй­ген сепаратистік, шовинистік пи­ғыл­дағы топтар өз мүдделеріне пай­да­лануға тырысады. Алайда олар де­ген­деріне жетпей, арандатушы­лық пасық ойларына егемендікті ту еткен жұрт­шылық тойтарыс бере біледі.

Ол кезеңді Гүлмайра Ақжігітова бы­лай еске алады: “Балаларға ар­нал­­ған әдістемелік оқулықтар жоқ­тың қасы. Не істерімізді білмей талай рет тығырыққа тірелдік. Жоқтан бар жа­сау оңай болмады. Шығармашы­лық бай­қау-сайыстар, басқа да іс-ша­ралар ұйымдастырыла қалса, об­лыс­тық “Ле­нин туы” (қазіргі “Soltüstik Qa­zaq­stan”) газетінің журналистері тақ­пақ, сцена­рий жазып беретін. Га­зет бе­тінде жарық көрген танымдық ма­те­риалдар мен жеткіншектерге ар­нал­ған әңгіме­лерді пайдаландық. “Қа­зақ тілі” қоға­мы­ның белсенділері мен тіл жана­шырлары үлкен қолдау көрсетті”.

Тағы бір күрделі мәселе – бала­бақша мамандарын жинақтау, кадр­ларды іріктеу еді. Бұл да оңайға соқ­қан жоқ. Мағжан Жұмабаев атында­ғы педагогикалық колледжді тамам­да­ған, тәжірибесі жоқ, бірақ тілге, дәс­түрге жетік ауыл жастарын тәр­биеші етіп алуға тура келді. Олар – бү­гінде еліне елеулі, халқына қа­лау­лы мамандар. Айгүл Нәсіло­ва “Ба­лау­са”, Балғын Науанқызы “Салта­нат” балабақшасына жетек­шілік ете­ді. Сая Рахметова – қалалық білім бөлімінің белді маманы.

Гүлмайра Байзаққызы 140 орын­дық “Салтанат” балабақшасына же­тек­шілік еткен тұста 16 ғана бала қа­лып, жабылудың аз-ақ алдында бо­латын. Аяқтан нық тұрып кетудің жол­дары тынбай ойластырылып, алғы­шарттары тынымсыз жасалудың арқасында жағдай түзеліп, іс оңға ойыса бастады. Бюджеттің бүйірі те­сік болғанына қарамастан өз күш­те­рі­мен, ата-аналардың, жекелеген кә­сіпкерлердің жәрдемімен олқы­лық­тардың орны толықтырылып отыр­ды. Тіпті Сағындық ағамыздың ай са­йын бірнеше қап ұн жеткізген күндері болды. Осылайша, еңсенің көтері­ліп, әл-ауқаттың жақсаруына меңге­ру­ші бастаған ұжым жұдырық­тай жұ­мылды. Заман да түзеліп, тәрбие­лену­шілердің саны екі жүзге жетіп жығылды. Балабақшаның он­жылды­ғында республикалық кон­курс­та бас жүлдені жеңіп алып, іс-тәжірибесі үл­гілі де өнегелі ұлттық мекеме ре­тінде таратылды. Оның қабырғасынан өр­шіл рухты, ұлттық тәрбиеден нәр ал­ған мыңдаған өс­кін­дер ұшып шығып, бүгінде еліміздің әр қиырында жеміс­ті еңбек етіп жүр. Білікті ұстаз, ар­дақты ана зейнетте жүрсе де, бала­бақшаның әр қада­мын бақылап, же­тіс­тіктеріне қуанып отырады. Ана ті­лі­міздің көсегесі кө­гергенін Тәуелсіз­дігіміздің бір жемі­сіне балайды.

Анасы Мәлике 9 құрсақ көтерген екен, Гүлмайра – шаңырақтың ең үл­кені. Асқар таудай әкесі 53 жасында кел­мес сапарға аттанғанда сіңлісі Ай­ман екеуі ғана тұрмысқа шыққан еді. Бауыр­ларының өсіпжетілуіне, өмір­ден өз орындарын табуына барынша жәрдем­десті. Сіңлілері Айман мен Ал­тын, келіндері Гүлназия, Әлия, Нұр­лыгүл ұстаздар әулетінің жұмыс өті­лін толықтыра түскен. Інілері Ба­уыр­жан, Біржан, Ержан – фермер, ауыл­ға жол тартып, намазхана салып, ту­ған жерін түлетуді басты мақсат еткен.

Сағындық пен Гүлмайра Ақжігі­тов­тер өздерін бақытты ата-әже са­найды. Тұңғыштары Гүлжайнат қа­ла­лық архивке жетекшілік етеді. Ди­нараның жеке сән салоны бар. Күйеу балалары Талғат ірі шаруашылықты басқарады. Ұлдары Самат та қыз­метте. Немерелері Диас Германияға магистрлік оқуға аттанбақ.

“Бала жанының бағбанына ай­нал­ған балабақшалар тіліміз бен ді­лі­міздің, дәстүріміз бен салтымыз­дың қайнар көзіне айналса ғана та­бысты ұлт қатарына қосыла ала­мыз”, – деген ардақты жанның айтқан пікі­ріне алып-қосарымыз жоқ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp