Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелер қаралды. Әсіресе қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған қарғын судың алдын алу шаралары пысықталды. Себебі облыс аумағындағы Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері мен көлдердің арнасынан асуы жағдайды күрделендіріп отыр.
Биылғы жылы өңірімізде жер қыртысының тоңдануы өткен жылғымен салыстырғанда 28 см-ге көп. Алдын алу жұмыстарының арқасында 175 елді мекендегі жағдай тұрақталғанымен, алты мыңнан астам адам өмір сүріп жатқан 85 елді мекеннің су астында қалу қаупі жоғары. Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс бөлімі басшысының орынбасары Берік Ғабдулин 1485 адамнан құралған, 1183 техникамен қамтамасыз етілген топтың құрылғанын айтты. Сонымен қатар қауіпсіз жерге көшірілгендерді қабылдайтын 257 пункт, 109 жүзу құрылғылары, 15,5 мың тонна инертті материал даярланған.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде қызыл судың үйге кіруіне не себеп болғанын сұрады. Осыдан бір аптадай бұрын әлеуметтік желілерде үйін су басқан тұрғындардың бейнежазбалары тараған болатын. Мамандар Жұмысшы кентіндегі ескі үйлердің іргетасы шөгіп, еден жер деңгейінен анағұрлым төмен орналасқандығын айтты. Ал сай-саланы қуалай аққан қар суы ойпаң жерге жиналатыны белгілі.
– Жер үйде тұратын әр адам маңайын қардан тазалауы тиіс. Қыс бойы қарды үйдің маңына үйе бермей, оны сыртқа шығарып, алдын алу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Үйінің жанындағы арықтарға қоқыс төкпей, оны тазалап отыруы қажет. Бірақ тұрғындардың көбі осы қарапайым шаруаларды істемейді. Соның салдарынан көктемде қарғын судан зардап шегеді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Сәкен Ағзамов.
Қоғамдық кеңесте мектеп оқушыларын тамақпан қамтамасыз ету жайы қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь өңіріміздегі 450 мектепте бір реттік тамақтандыру ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның ішінде 439 мектепте ыстық тамақ берілсе, 11 мектепте буфет жұмыс істейді. Ал интернаттық ұйымдарда бала бес рет тамақтанады. Облыстық білім басқармасы бөлінген қаржыға сәйкес төрт апталық мәзір әзірлеген. Осы мәзірге сәйкес қала мен аудандар өз мәзірін бекітіпті. Петропавл қаласында тамақтану құны – 550 теңге, аудандарда 500 теңге тұрады.
Оның үстіне өңірімізде келесі оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады. Бұл жағымды жаңалықты бұған дейін облыс әкімі Айдарбек Сапаров сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясының отырысында айтқан болатын. Бұл – жергілікті ата-аналардың көптен күткен жаңалығы. Бүгінгі таңда бастауыш сыныптарда 31180 бала оқиды. Алдағы оқу жылында бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту үшін басқарма бюджеттік комиссияға 1052,2 млн. теңгеге өтініш жіберіпті.
Ақпан айында №4 орта мектепте орын алған келеңсіз жағдайға байланысты білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Осы ретте өңір мектептерін бейнебақылау камераларымен, турникеттермен қамтамасыз ету белсенді жүргізілуде. Алайда қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев мектептерде қауіпсіздікті сақтау үшін турникеттердің қандай көмегі бар деген сауал жолдады. Себебі бұл қондырғылар сырттан келген кісі түгілі, оқушылардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Өткенде орын алған жағдайда жау сырттан емес, іштен шыққанын еске алған қоғамдық кеңес мүшелері тәрбие мәселесімен айналасу қажет деген ойларын айтты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко мемлекеттік қызмет көрсету сапасы рейтингінде өңіріміз ел көлемінде 2 орыннан көрінгенін айтты. Жергілікті тұрғындардың қызмет көрсету сапасына қанағаттанушылығы 62,7 пайызды құраған. Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов Петропавл қаласының “Солнечный” шағынауданындағы 16 көшеге берілген атауларды қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынды. Көше атаулары қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Жалпылама, түк мәні жоқ атауларды қоярдан бұрын сөздің мәнін түсінетіндермен ақылдасқан жөн деген ойларын жеткізді.
Арайлым БЕЙСЕНБЕЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.