Диас Аяған
Иесіз иттердің көбеюі өңір тұрғындарының тыныштығын кетіріп, кішкентай балалардың үрейін ұшырғалы қашан? Бұл мәселе облыстық мәслихатта да қаралып, өткен жылы үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бекітілген болатын.
Жуырда “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң күшіне енді. Бұл құжатта ережені бұзып, жануарларға қатігездік көрсеткендерге, қараусыз қалдырғандарға 600 мың теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Сонымен қатар ит-мысыққа керекті ем-домды анастезиясыз жүзеге асыруға рұқсат жоқ. Бұл өз кезегінде үй жануарларының иелерімен қатар ветеринар мамандарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Заңдағы ветеринарлар жұмысына қатысты осындай өзгерістерді түсіндіру мақсатында облыс орталығында алғаш рет мамандардың біліктілігін арттыру курсы өтті.
Курста ветеринар мамандар 3 күн бойы теориялық білімдерін шыңдап, біліктіліктерін тәжірибе жүзінде сынап көрді. “Ұсақ жануарларға хирургиялық көмектің жаңа әдістері” тақырыбындағы курсқа өңірдің барлық ауданынан 27 ветеринар қатысты. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаевтың айтуынша, енгізіліп жатқан өзгерістер мен заманауи инновациялар сала мамандарының жұмысын жаңа бағытқа бұрмақ. Жақын арада мұндай курстарға облыстағы барлық ветеринарлар қатысады. Қатысушылар қаланың ірі ветеринарлық клиникаларының бірінде болып, мамандармен тәжірибе алмасты. Жыл өткен сайын ит пен мысыққа ота жасауға деген қажеттілік арта түсуде. Мысалы бір “Ветлекать” клиникасының өзінде ай сайын сексенге тарта ота жасалады.
– Курсқа қатысып, білімімді толықтырдым. Осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жылға жуықтаса да “білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз екенін” ұғынғандаймын. Мен үшін, әсіресе тәжірибелік сабақтар қызық болды, – дейді ветеринар Сәрсенбай Түкенов.
Оқыту аяқталғаннан кейін мамандар сертификат алып, жаңа ережеге сай өз елді мекендеріндегі иесіз ит-мысықтарға көмек көрсетіп, оталар жасамақ.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.