«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүйелі өзгерістердің жемісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанған азаматтардың қызметіне табыс тілей отырып, жұртшылықтың шынайы қолдауына ие болған аса маңызды саяси жаңғыру бағдарламалары дәйекті түрде жалғасатынын қадап айтты. Байыптап қарасақ, соңғы бір жылдың ішінде көп жұмыс тындырылғанын аңғару қиын емес. Ата Заңымызға ауқымды реформа жасалып, билік тармақтарына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Жаңғыртулар өзге де салаларды қамтып, мәселен Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы соның жарқын бір көрінісі болды. Барлық партияларға тең мүмкіндік беріліп, бір мандатты сайлау жүйесі енгізіліп, демократия талаптары қоғамға тән қалыпты үрдіске айнала бастады. Адамдардың ашық азаматтық қоғам құруға деген белсенділігі мен ынта-жігері арта түсті. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өткізілмек.

Президент алда маңызды міндеттер тұрғанын, соған орай әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беру қажеттілігін атап көрсетті. “Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті”, – дей келіп, Үкімет пен Парламент алдына негізгі мәселелердің шешімін табу, нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу міндетін қойды.

Сонымен алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең ретінде айқындалып, экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларға өзгерістер енгізілетін болды. Бірақ ашық және өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді. Бір өкініштісі, бұған дейін шағын және орта кәсіпкерлікті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналдыру туралы көп айтылғанымен, айтарлықтай ілгерілеу болмағаны тайға таңба басқандай айқын байқалады. Негізінен ірі, әлеуетті кәсіпкерлік субъектілерге көңіл бөлініп, елді мекендердің көп бөлігіне орналасқан ұсақ фермерлер назардан тыс қалды. Өңірде үш мыңнан астам шаруашылық жұмыс істейді. Өткен бір жиында облыс әкімі Айдарбек Сапаров олардың біразының егістік алқаптарына минералдық тыңайтқыш сіңірумен, мал өсірумен айналыспайтынын сынға алған еді. Бұдан кейін ауылдық аймақтарды дамыту жайлы не айтуға болады? Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне артылған жауапкершілікті сезінетін кәсіпкерлердің бизнесін өркендетуге мүмкіндік беру, әкімшілік ресурстарға иек артпай, нақты көмек көрсету, Қазақстанның қазіргі экономика моделін, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негіздеу мүмкіндіктеріне тоқталды. Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен Үкіметке бұл салаға қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу жүктелді. Меніңше, озық жобаларды іріктеу ашық жүргізілмейінше белгілі нәтижеге жету қиын. Оған субсидияға қатысты дау-жанжалдардың көбеюі мен заң бұзушылықтар айқын дәлел. Оның салдарынан фермерлер мемлекет тарапынан бөлінген қаржылық жеңілдіктерден сырт қалды. Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды бағдарламаларды, ең алдымен, отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс деген талап та көңілге үміт ұялатады. Бүгінде небір шетелдік алпауыттардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, жергілікті тауар өндірушілердің ортақ үлестен қағылып жатқаны ойландырмай қоймайды. Тұтастай алғанда, алдағы бесжылдықтың шағын және орта бизнесті қолдауға арналғаны сүйсінтеді.

Президент әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына да кеңінен тоқталып, Парламент жұмысындағы сегіз басымдықты белгілеп берді. Оның ішінде еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыруға ерекше ден қойылды. Шикізат нарығында артықшылықтарымыз болғанмен, қазбалы байлықтарға тәуелділік экономикалық тығырықтан шығу жолы емес. Кен орындарының сарқылатыны әмбеге аян. Газ тапшылығы да өткір күйінде тұр. Олардың өзектілігі сондай, геосаяси жағдайды күрделендіріп жіберуі әбден мүмкін. Шикізаттық емес саланың дамымай, артта қалуы салдарынан ішкі сұранысты қажетті тауарлармен толық қамтамасыз ете алмай отырған жайымыз бар. Өңдеу өнеркәсібі де кенжелеп қалған. Осыған орай Мемлекет басшысы инфрақұрылымдарды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарауды, аудандардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, ауылдық аумақтарға арналған тұжырымдама шеңберінде нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

Жергілікті жерлерде өндірілетін өнімдердің бағасы әлі де жоғары болғандықтан, жұртшылық жиі шағымданып жатады. Оның бір себебі, өндіруші мен тұтынушы арасында тек өз пайдасын ғана ойлайтын делдалдар көп. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін ойдағыдай орындап отырмағанын сынға алып, ауыл-аумақтарды кешенді дамытуға үлкен маңыз берді. Ауыл шаруашылығы кооперациясын жолға қою үшін “Ауыл аманаты” жобасы қолға алынатынын мәлімдеді. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын несие беріледі. Ал депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екені атап өтіліп, олардың маңызды шешімдер қабылдайтыны және сол үшін жұрт алдында жауап беретіні қадап айтылды. Жұртшылық та Парламенттің тиісті заң жобаларын сапалы әрі дер кезінде қабылдайтынына сенімді. Өйткені, Қазақстанда жүргізілген реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі кеңейтілді, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Бұл да – соны жаңалықтардың бірі. Мәжіліс басқа да артықшылықтарға ие болды.

Мемлекет басшысы еліміздегі туризмнің әлеуеті зор екенін тілге тиек етіп, Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне назар аударуға тиіс екенін баса айтты. Облыста да туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, сервистік қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ.

Ерембек ӘУБӘКІРОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp