Мағжан жайлы қанша айтсақ та, зерттесек те оның тарихи тұлғасын толық аша алған жоқпыз. Мәдени ордалардың қабырғасында өткен ақынның ғұмырдариясы сөз болған әрбір шарада ардақты ақын жас ұрпаққа жаңа сипатымен, өзгеше қырымен таныла түседі.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Мағжан және ұлттық болмыс” деген атаумен ұйымдастырылған рухани кеште Алаш ардақтысының еліміздің азаттығы жолында атқарған ерен істері, қазақ поэзиясын өркендетуге қосқан зор үлесі баян етілді.
Іс-шарада полковник Архат Тәттімбетов, ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, майор Ақмарал Сәркенқызы сөз сөйлеп, Мағжан Жұмабаевтың жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен қайраткер екенін баса айтты, залда отырған жастарды Мағжанның аманатына адал болуға, үмітін ақтауға шақырды.
Шара барысында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, бейнефильмдер көрсетілді. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Жұмабек Рахимов ақынға арналған жыр-шашуын тарту етіп, Нұрхан Абидкалиев Мағжан Жұмабаев туралы өлеңін оқып берді. Академия курсанттары ақынның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты өлеңдерін жатқа айтты. Имран Сәрсенов және Тамир Файзрахманов ақын өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармасын оқыды. Барлық оқылған өлеңдерді курсанттар Серікбай Олжас және Ерболат Арыстан домбырамен сүйемелдеп отырды. Іс-шараның соңында қатысушылар ақын еңбектері қойылған кітап көрмесімен танысты.
Қайыржан МӘЛІКОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.