Өңірімізге жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниэл Розенблюм М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болып, білім ордасының басшылығымен және студенттермен кездесті.
Университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Шұланов Аризона университетімен ынтымақтастықтың мақсаттарына тоқталды.
– Біз өткен жылы қыркүйек айынан бастап 150 студентті гранттық негізде оқытуды бастадық. Олардың 50-ге жуығы оқу орнын бітірген соң, екі диплом алып шығады. Болашақта дарынды, жаңашыл жастардың қатарын молайтуды көздеп отырмыз. Ол үшін қос дипломды және халықаралық бағдарламалар тізімін кеңейту жоспарлануда. Оқыту заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа оқу-зертханалық корпуста жүргізіледі. Ал соңғы семестрде студенттер АҚШ-қа оқуға барады, – деді ол.
Жоғары оқу орны АҚШ елшілігімен ынтымақтастықты “Ағылшын тілі стипендиаты” гранттық бағдарламасы бойынша жүзеге асырады. Оның аясында Америкадан келген ағылшын тілінің оқытушылары жергілікті университеттегі студенттерге сабақ береді.
Кездесуден кейін шетелдік мейман жаңа оқу-зертханалық корпусты аралап, студенттермен әңгімелесті.
Айнұр АЗБЕК,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.