«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Студенттерге жатақхана жетіспейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты “Қаржы орталығы” АҚ төрағасы Қайсар Төлепбаев “Білім саласындағы инвестициялық жобалар” тақырыбын тарқатып, жастардың әлеуметтік жағдайы мен білім алу мәселелеріне қатысты туындап отырған кейбір сауалдарға жауап берді.

Жастар үшін өзекті мәселелердің бірі – жатақхана. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда республика бойынша жатақханаға мұқтаж студенттер саны 63 мыңнан асады. “2018 жылдан бері студенттерді, магистранттарды, докторанттарды жатақханада орынмен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс тетігі іске қосылды. Бұл тетіктің операторы – “Қаржы орталығы АҚ”, – дейді спикер.

Бұл механизмнің тұжырымдамасы мемлекет пен жеке секторлар арасындағы іскерлік серіктестікке негізделген. Инвестор ретінде құрылыс жүргізуді қолға алған кәсіпкер жаңа нысан салуды немесе жөндеуді сәтті аяқтаған соң, нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша шығындарын қосымша табыспен қайтарып алады, яғни қалталы азаматтар студенттерге жаңа жатақхана салып береді немесе ескісін күрделі жөндеуден өткізеді. Кейін ол ғимараттарға білім алушыларды орналастырады. Осы сәтте мемлекеттік тапсырыс аясында жатақханаға қол жеткізген студенттердің санына қарай инвесторға төлемдер жасалады.

Мәселен, жаңа студенттік жатақхана салған кәсіпкерге алты жылдың ішінде мемлекет бір орын үшін 4 млн. теңге (Алматыда бір студент үшін 4,7 млн. теңге) төлейді. Яғни кәсіпкер 100 орындық жатақхана құрылысына 403 млн. теңге шығынын қайтарып алады. Егер қайта жөндеу жұмыстарын жүргізсе, сегіз жылдың ішінде 100 орындық жатақхана үшін Алматы қаласында 253,9 млн. теңге және басқа қалаларда 129,7 млн. теңге шығынының орны артығымен толтырылады. Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін, нысан құрылысты жүргізген инвестордың меншігінде қалады.

Осы мемлекеттік тапсырыс тетігін қолға алғаннан бері жатақханаларда 40 мыңнан астам орын ашылған, қазіргі таңда 10 мың орынды нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Статистикалық мәліметтерде ел бойынша мектептегі орынға 270 мыңнан астам оқушы мұқтаж екендігі айтылады. Бұл мәселені шешудің тиімді тетігі – серіктестік байланыс. 100 орындық жекеменшік мектеп салса, мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 264 млн. 960 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төлем жасайды. 100 орындық жекеменшік мектепті қайта жөндеу кезінде ғимараттың амортизациясы үшін 129 млн. 720 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төленеді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында баланың оқуына ақша жинау тетіктері “AQYL” білім беру депозиті мен өмірді сақтандыру жүйесі бойынша “Bilim-Life” туралы да айтылды. “Bilim-Life” сақтандыру бойынша он жылда 2400000 теңге қаржы жиналса, күтілетін сақтандыру төлемі 4,8 млн. теңгені (мемлекет сыйлықақысымен 5 пайыз) және 5,4 млн. теңгені (мемлекет сыйлықақысымен 7 пайыз) құрайды екен.

Журналистер астаналық мейманнан біздің өңірдегі жағдайды сұрап білді. Ол облыста 250 орындық жатақхана жобасы қолға алынғанын тілге тиек етті. Бұл жатақхана келесі жылы қолданысқа беріледі.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp