Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады. Олар өңір басшысына жерді тиімді пайдалану, инвестиция тарту, жеке шаруашылықтарды дамыту, жайылымдық жерлерге қатысты мәселелері мен ұсыныстарын айтты.
Есіл ауданының тұрғыны Алмагүл Қожахметова ауыл шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкердің фермасында 135 бас ірі қара бар. Бұдан бөлек, 119 гектар егістік және 50 гектар шабындық алқапқа ие. Кәсіпкер былтыр қосымша 50 гектар жайылым жер алу үшін конкурсқа қатысыпты. Алайда комиссияға тапсырған құжаттары дұрыс бомай, оған жер берілмеген.
“Мен қажет құжаттардың барлығын жинадым. Бизнес-жоспар да құрдым. “Атамекен-Агро” акционерлік қоғамының филиалына барып, көмек сұрадым. Анам екеуіміз күн сайын 185 литр сүт сауып, тапсырамыз. Малды күтіп-бағудың өзі оңай шаруа емес. Ол үшін жайылым жер керек. Өтінішім аяқсыз қалмаса деген тілегім бар”, – деді Алмагүл Қожахметова.
Айдарбек Сапаров мәселені шешу үшін бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке және Есіл ауданының әкіміне бірқатар тапсырма берді.
Содан кейін өңір басшысы Аққайың ауданының тұрғындары Нажиба Көкиеваны, Любовь Павлик пен Зәуреш Әубәкірованы қабылдады. Олар Смирново ауылындағы үйлерінің дәл жанында кәсіпорындардың орналасқанына шағымданды.
2019 жылы облыстық экология департаментінің мамандары елді мекенге барып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген. Тұрғын үйлерге жақын орналасқан кәсіпорындар жанында санитарлық қорғау аумағының жоқтығы анықталды. Ауыл тұрғындары қауіпсіздіктеріне алаңдап отыр. Облыс әкімі бұл мәселенің мән-жайын анықтау және тиісті шешім қабылдау мақсатында жауапты мамандарға арнайы комиссия құрып, талдау жүргізуді тапсырды. Айдарбек Сапаров көтерілген әр мәселенің назарда болатынын айтты.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.