Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен республикалық “Farabi land – 2023” байқауында Ақжар ауданы “Серпер” өнер мектебінің үш ансамблі, тоғыз жеке орындаушысы, сурет бөлімінің бес оқушысы және 10 жетекші-мұғалімі қатысып, жүлдемен оралды. Еліміздің барлық өңірінен 1500 ұжым қатысқан байқауда өнерпаздар жеке орындаушы, оркестр, ансамбль және бейнелеу өнері аталымдары бойынша өзара бақ сынасты.
Бұл байқауда Қызылжар өңірінің талантты оқушылары оза шапты. Бейнелеу өнері аталымы бойынша Ленинград ауылынан Жамбыл Темірлан 3 орын алса, Талшық ауылынан Айлана Кенжеболат сурет және сәнді-қолданбалы өнер аталымы бойынша 3 және 2 орынды еншіледі.
Ал аспаптық өнер аталымында жеке орындаушылар арасында Жазира Талғатова бас жүлдені жеңіп алса, Әнуар Байназар мен Шахмұрат Әйткен – бірінші, Аяжан Қабдырразақ екінші орынды иеленді. Фортепианоны серік еткен Сәния Қабдыразақова, Арман Айдапкелов, Рахман Мұхтар, Мансұр Екпешұлы жүлдегер атанды.
Ансамбльдер арасында “Жігер” халықтық домбырашылар ансамблі бас жүлдеге лайық деп танылды.
Айгерім ҚАЙЫРБАЙҚЫЗЫ,
“Серпер” өнер мектебінің мұғалімі.