«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕЖАЙ НЕГЕ “ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДІ”?

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

1973 жылы пайдалануға беріл­ген Петропавл халықаралық әуе­жайы алаңына “Ту-154”, “Ил-76”, “Ту-134”, “Ил-18”, “Як-40” сияқты ұшақ­тар, тіпті сал­мағы 190 тоннаға дейінгі әуе лай­нерлерінің қонуға мүмкіндігі бар. Алай­да бүгінде Алматы мен Ас­тана­дан келетін екі рейсті ғана қа­был­дау­мен шектеліп отыр. 2019 жыл­дың кү­зін­де жоспарланған Ресейдің Омбы, Түмен, Мәскеу қалалары жә­не Мы­сыр мен БАӘ курорттарына қа­тынай­тын рейстер сөз жүзінде ғана орын­далыпты. Сол кездегі “Петро­павл халықаралық әуежайы” акцио­нерлік қоғамының президенті Виктор Шеве­лев жолаушылар залы, ұшып-қону алаңдары, жылу жүйесі, тексе­ру құ­рыл­ғылары қалпына келтіріледі деп қанша сендіргенімен, жөндеу жұ­мыс­тары шала-шарпы атқарылған. Осы­дан кейін республикалық авиа­ция әкімшілігі әуежайдың жарамды­лық сертификатын тоқтату туралы ше­шім қабылдайды. Көлік прокурор­ла­ры әуежайда 19 рет тексеру жүр­гі­зіп, екі жүздей кемшілік тапқан. Атап айт­қанда, техникалық ереже­лер өрес­кел бұзылған, ұшақтардың ұшып-қо­ну алаңы стандарттарға сәй­кес кел­меген, өрт қауіпсіздігі сақ­тал­ма­ған. Негізгі акционер “Altyn Esta­te” се­ріктестігі олқылықтарды тү­зе­мек тү­гіл саусағын да қимылдат­пап­ты. Со­ның салдарынан 150-ге жуық жұ­мыс­шының жалақыларының бір­не­ше ай­дан бері төленбегені бел­гілі бо­лып, заң орындарының ара­ла­суы­мен ға­на 18,8 млн. теңге берешек өн­діріліп алынған. Аталмыш істі қа­ра­ған ма­мандандырылған аудан­ара­­лық эко­но­микалық сот әуежай­ды бір жылға жабу жөнінде шешім шығарған еді.

Кәсіпорынның басына үйірілген қара бұлт сейілудің орнына қоюлана түсіп, оның ақыры банкроттыққа ұрындырды. Күніне небәрі бір рет қана ұшақ қабылдайтын нысанды күтіп-ұстау тиімсіз болғандықтан, ешқандай инвестор қызығушылық та­нытпаған. Бірнеше рет сатылымға қо­йылып, ешкім аукционға қатыспаған­дықтан, тендер кейінге қалдырыл­ған. Әуежайды облыс әкімдігі амал­сыздан өз балансына алды. Былтыр наурыз айынан бері өткізілген үш конкурста сатып алушы та­былмаған­дықтан, 5,6 млрд. теңгеге бағаланған мемлекеттік мүлік сату ережесі бойынша екі есеге арзанда­тылған. Қазіргі иесі “Қызылжар халықаралық әуежай” ЖШС болып табылады.

Әуежайдың жағдайы әлі де мүш­кіл. Қашан оңаларын серіктестік дирек­торы Уәлихан Жылыспаев та тап басып айта алмады. Ол жаң­ғырту бағытында атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталып өтті.

“Әуежай сатып алу шартымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беріліп отыр, яғни осы уақытқа дейін мемлекеттің иелігінде қала береді. Қазір бізге қойылып отырған басты талаптар – авиатасы­малдың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, қаржылық жа­ғынан тұрақтандыру, нысанға тиісті күтім жасау. Бұл мақ­саттар үшін 2,8 млрд. теңге бөлінді. Алайда бұл қа­ра­жат жеткіліксіз, қо­сымша 1,2 млрд. теңге қажет. Күр­меуі қиын мә­селе – жанар-жағармай мате­риал­дары ке­ше­нін жаңғырту. Атқаратын шаруа шаш-етектен. Бәрінің шешімі қаржы­ға келіп тірелуде”, – деді Уәли­хан Әуезхан­ұлы.

Қазіргі таңда әуежай штаттық ре­жімде жұмыс істегенімен, ұшақтар Петропавл – Астана және Петропавл – Алматы бағыттарына ғана қатынай­ды. Түркістан, Шымкент, Ресей бағы­тында ұшыру белгіленгенмен, оның қашан жүзеге асары белгісіз. Санк­ция­ларға байланысты Түмен, Санкт-Петербург қалаларына ұшу келісімі кейінге қалдырылған.

Мұнда бүгінде 135-ке жуық адам жұмыс істеуде. Олардың қатарында 14 жыл бойы зейнетақы қорына аударған жарналары қайда кеткенін біле алмай жүргендер бар.

Серіктестік басшысының ай­туынша, бүгінгі таңда халықаралық рейстерді қабылдау және оларды авиаотынмен толықтыру жұмыс­та­рына сертификат алу шаралары қол­ға алынған. Конкурстарға қатысу мақ­сатымен 850 млн. теңге жарна тө­лен­ген. Ең күрделісі, әуежайдың ұшақ­тарға жергілікті жерде жанар­май құю мүмкіндігі жоқ. Өйткені жанармай сақтайтын орын мен арнайы зертхананы қайта жаңарту қажет. Сұйық отын құятын станция ретке келтірілмей, ұшақ­тар­дың санын көбейту мүмкін емес. Екін­шіден, білікті, тәжірибелі кадр­лар жетіспейді. Әсіресе ұшақты ұшы­рып, қондыра алатын аэродром қыз­меткерлері тапшы. Үшіншіден, әуе­жайда сигнал жабдығы орнатылма­ғандықтан, ұшақтарды тек күндіз ғана қабылдай алады.

Қазақтілді мамандар да қасқал­дақтың қанындай таптырмайтын­дықтан, хабарландырулар тек орыс тілінде ғана айтылады. Уәлихан Әуезханұлы он екіде бір нұсқасы жоқ анықтама жүйесі қалпына келтіріл­геннен кейін хабарландырулардың екі тілде жүргізілетініне сендірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp