Қазіргі уақытта үш мемлекеттік қызмет түрін оңайлатылған және жеделдетілген жолмен портал арқылы көрсету мүмкіндігі бар. Мәселен, “Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру” мемлекеттік қызметі толықтай автоматтандырылған. Мемлекеттік қызмет көрсетуге құжаттар қабылдау және нәтижесін беру портал арқылы жүзеге асырылады. Бұл азаматтарға анықтаманы үйден шықпай, 10 минуттың ішінде алуға мүмкіндік беруде.
Қызметтерді оңтайландыру аясында азаматтарға оны ұялы байланыстың абоненттік қондырғылары, яғни порталдың ұялы телефонға арналған қосымшасы арқылы алу мүмкіндігі ұсынылған.
Азаматтар үшін тағы да бір ыңғайлылық – мемлекеттік корпорацияның филиалдарының мекенжайын таңдай отырып шетелге шығу үшін анықтамаға сұрауды электронды түрде беру мүмкіндігі. Бұрын сұрау тек қағаз жүзінде жолданатын.
Порталда “Анықтаманы үшінші тұлғамен алу сервисі” көмегіне жүгінген адам егер келісімі болған жағдайда, басқа адамға қатысты электрондық сұрау жолдай алады. Электрондық анықтама алу үшін мемлекеттік корпорацияның фронт-кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Анықтаманы “EgovKzBot”-ты қосып, “Telegram” мессенджерінің көмегімен де алуға болады. Ол үшін азаматтардың мобильді базасына тіркелу қажет.
Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтаманы апостильмен беру бізге оны азаматтарға “бір өтініш” қағидаты бойынша композитті беруге мүмкіндік берді. Бұл үшін композитті қызмет алуға өтінішті электронды түрде беру, “электрондық үкіметтің” төлем шлюзінің көмегімен онлайн режімде баж салығын төлеу, қағаз жүзінде нәтижені алу үшін порталда мемлекеттік корпорацияның филиалдарының мекенжайын таңдау мүмкіндігі жүзеге асырылған.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет және оның аумақтық басқармаларының архивтері шегінде “архивтік анықтамалар және архивтік құжаттардың көшірмесін беру” мемлекеттік қызметі жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға электронды (жартылай автоматтандырылған) немесе қағаз жүзінде көрсетіледі.
Архивтік анықтамаға қол жеткізу үшін қызмет алушы портал және мемлекеттік корпорация арқылы туыстығын растайтын құжаттардың көшірмесін қоса сала отырып, өтініш береді, қажет болған жағдайда оны апостильмен бірге композитті түрде ала алады.
Қолданыстағы еңбек заңнамасында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдар үшін белгілі бір шектеулер қарастырылған. Квазимемлекеттік сектор ұйымына жұмысқа орналасу кезінде үміткер жемқорлық қылмысы туралы мәліметтердің бар не жоқ екені туралы анықтама ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік қызметтердің қабылдануы және ұсынылуы www.egov.kz “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Қызметтің орындалу мерзімі 10 минут, қосымша анықтамалық тексеріс жағдайында 5 жұмыс күнін құрайды. Сондай-ақ қызметкерлерге қатысты мәліметтерді алу үшін олардың келісімі болған жағдайда “жеке кабинет” және (немесе) SMS-растау арқылы жұмыс берушілерге қолжетімді. Осындай қызметті мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда ғана алуға болады.
Мобильді азаматтар базасында тіркелу үшін көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік корпорацияның кез келген фронт-офисіне жүгіну арқылы “электрондық үкімет” веб-порталының “Жеке кабинетіндегі” “телефон” бағанында телефон нөмірін көрсету немесе оны жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) байланыстыру қажет.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы.