«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сәби өлімі көбейген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспа­сөз мәслиха­тында облыс­тық денсаулық сақ­тау бас­қармасының өт­кен жылғы жұмысы қоры­тын­дыла­нып, осы жылы жү­зеге асырар жос­пары баян­далды. Басқарма басшысы Құмар Күсемісов ме­дицина­лық қызмет көрсету бары­сына, өзекті мәселелер­ге тоқталды.

Өңірімізде медициналық қызмет көрсету саласында 5699 маман ең­бек етсе, оның 1248-і дәрігер, 4451 – орта медицина қызметкері. Десек те, кадр тапшылығы айқын сезіледі. Бүгінде 157 дәрігердің орны бос тұр. Медицина саласындағы осы мә­се­лені шешу үшін мемлекет тарапы­нан жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен оқу жылында рес­пуб­ликалық бюджеттен 152, жергі­лікті бюджет есебінен сұранысқа ие 60 маманға тапсырыс берілген. Соң­ғы­сы бойын­ша 46 маман даярлауға шарт жа­салған.

Басқарма басшысы мамандар­ды әлеуметтік қолдау жақсарғанын айтты. Ауылдық жерге жұмыс істеуге аттанғандар – 2,5 млн., қаланы таңдаған жас мамандар – 1,5 млн. теңге мөлшерінде қосымша көмек алады. Меди­циналық ұйымдардың бюджеттен тыс қара­жаты есебінен 1 миллион­нан 3 мил­лион теңгеге дейінгі ара­лықта көтер­меақы беру ша­расы да бар. Биыл ондай мүм­кіндікті 80 қалалық, 9 ауылдық дәрі­гер пай­даланған.

Өңірімізде қатерлі ісікке шалды­ғу­шылардың қатары артты. Көңілге медет болатыны, осы аурудан ажал құшқандардың көр­сеткіші азайыпты. Адамдардың ем­ханаға тексерілу дағдысы жақсарып, ауруды ерте анықтау мәсе­лесі оңалған. Қатерлі ісікке шалдық­қандардың өмір сүру көрсеткіші ұзарған. Тубер­кулездің эпидемиоло­гиялық жағ­дайы тұрақ­ты. Өткен жы­лы 210 адам осы ауруға шал­ды­ғып, 14 науқас өмір­ден өткен.

Былтыр облыста 5848 нәресте дүниеге келді. Бұл көрсеткіш алдың­ғы жылмен салыстырғанда төмен. Өйткені 2021 жылы 6550 бала өмір есігін ашқан еді. Онсыз да де­мографиясы төмен өңірде бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуі жиіле­ген. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Құмар Күсе­місов алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда былтыр сәби өлімі 1,88 пайыз­ға артқанын айтты. Пайызды санмен жазсақ, былтыр 62 сәбидің ата-ана­сы зар қағып қалды. “Өлімге әкелген себептердің 47 пайызы перинатал­дық кезеңде пайда болатын ауру­лар, 21 пайызы – туабітті ауыт­қу­лар”, – деді басқарма басшысы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp