«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕ ЖЕРДЕ СҰЛТАН БОЛҒАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел спортында легионерлердің қаптап жүргені ешкімге де таңсық емес. Бұрындары мұндай үрдіс тек командалық спорт түрлерінде кездессе, соңғы кездері жекелей сындарда да Қазақстанның паспортын алып, ұлттық құрамада, облыстық командаларда жүргендер бар. Бұл бір жағынан бәсекелестік туғызғандай көрінгенімен, өз ұл-қыздарымыздың үлкен спорттағы жолын кесіп, бағын байлайтынын жоққа шығаруға болмайды. Кейбіреулері амалсыздан басқа елдерге, өзге өңірлерге кетуге мәжбүр.

Шет мемлекеттерден спортшы ша­қыру – әлемде бар үрдіс. Алайда со­­ның кесірінен жергілікті жердегі бо­ла­шағынан зор үміт күттіретін спорт­­шылардан әп-сәтте айырылып қалу – үлкен әбестік. Қажетті на­зар ауда­рылмағандықтан және қол­дау көр­се­тілмегендіктен, амалсыз­дан “өзге жерде сұлтан болып” жүр­ген­дер көп. Бұны соңғы кезде ел бі­ріншіліктеріне басқа өңірлердің аты­нан қатысып, ұлттық құрама са­пын­да әлемдік до­даларда ел намы­сын абы­роймен қорғап жүрген Қы­зыл­жар­дың тума­ла­рына қарап аңғарамыз.

Қазақстанның көк туын көкте желбіретіп, әнұранды халықаралық жарыстарда әуелеткен былғары қол­ғап шебері Дариға Шәкімова Пет­ро­павл қаласының тумасы екенін бі­реу білсе, біреу білмес. Камиль Са­фин, Жанат Жақиянов, Евгений Пав­лов сияқты Дариға Шәкімова­ның да аты өңіріміздің атақты бокс­шылары­ның қатарында жазылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмады.

Дариға Шәкімова 2011 жылға дейін өңірімізде өнер көрсеткен бо­латын. Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанғаны белгілі. Әлі де бағындырар шыңы алда. Халықаралық турнирлерде ел намысын қорғауда. Алайда сол додалардың бәріне Алматының атынан қатысуға мәжбүр.

– Менің балалық шағым Петро­павлда өтті. Бұл қалада мен алғаш рет кикбоксинг, кейін бокс үйірмесі­не бардым. Бапкерлердің көмегімен республикалық жарыстарда топ жа­ра бастадым. Солтүстік Қазақстан облысында жүріп, Ұлттық құрамаға шақырту алып, 2010 жылы Азия чем­пионатының жеңімпазы атандым. Алдымен Астанадағы бапкерлер шақырып, елордаға қоныс аудар­дым. Себебі олар жаттығу үшін бар­лық жағдайды жасады. Ал теріскей­де мүлдем басқаша түсінік қалып­тасқан. Егер жергілікті спорт басқар­масы ақша бөлсе, жарысқа бара­сың. Ал егер оларда қаражат жоқ болса, амалсыздан үйде қаласың. Болашақта чемпион болғысы келген адамға бұл керек пе? – деген Дариға Шәкімова спорттағы жетістіктерімен қатар білімін жетілдіру үшін кейін Алма­тыға көшкенін айтады. Мил­лионнан астам тұрғыны бар қалада бәсеке­лестік елордадан да жоғары екені белгілі. Десе де боксшы қыз ондағы қарсыластарын жеңіп, 75 кило­грамм салмақта Ұлттық құра­маның нө­мірі бірінші боксшысы ата­нады. Қазір жасы 34-те, алайда әзір­ге елі­мізде оған тең келер қарсылас жоқ.

– Көптеген спортшылар паспор­тын ауыстырып, өзге елдің намысын қорғауда. Футзалда бразилия­лық­тар, жеңіл атлетикада африкалықтар, теннисте ресейліктер көп. Олар­дың барлығы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Ал біз өзге елдің емес, өзге өңірдің атынан қатысып жатырмыз ғой. Себебі әр облыста спорттың деңгейі әртүрлі, қолдау да өзгеше. Теріскейде ве­лоспорт пен қысқы спорт түрлері жақ­сы дамыса, Семей мен Алматы­да бокс жоғары деңгейде. Сондық­тан спортшылар мұндай қадам­дар­ға баруға мәжбүр, – дейді Дариға Шәкімова.

Қысы алты айға созылатын сол­түстік қысқы спортқа қолайлы өңір, дегенмен мұнда да проблема­лар же­терлік. Әлемдік талаптарға сай шаң­ғы базасының болмауы көңілге қаяу тү­сіреді. Мысалы, атақ­ты пара­атлет­теріміз Ербол Хамитов пен Алек­сандр Герлиц барлық жат­тығу­ла­рын Бурабайдағы кешенде өткі­зеді.

Қаңтар айында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласындағы дүниежүзілік Универсиадада жеңіске жеткен Бе­кентай Тұрлыбековтің басқа өңір­дің намысын қорғап жүруіне де – осы жайт себеп. Айыртау ауданының ту­масы 15 жасынан жарыстарға Ақ­мола облысының атынан қатысуда.

– 8-сыныпқа дейін Солтүстік Қа­зақстан облысының аумағындағы жа­рыстарға қатыстым. Бірақ бұл сын­дарда жоғары жетістіктерге қол жет­кіздім деп айта алмаймын. Ақ­мо­ла облысына қарасты Балкаши­но ел­ді мекеніндегі спорт интернат­ына оқу­ға түскеннен кейін жақсы нә­ти­желер пайда болды. Қазіргі күні Көк­ше­тау­дағы Абай Мырзахметов атын­­дағы университетте оқимын. Бар­лық са­йыс­тарға Ақмола облысы мен Көк­шетау қаласының атынан қа­тыса­мын, – дейді Бекентай Тұрлы­беков.

Жақында өткен республикалық спартакиадада облыс құрамасының атынан қатысқан балуандардың ара­сынан жалғыз Ислам Евлоев алтын жүл­де иеленген болатын. Жергілікті спорт және дене шынықтыру бас­қармасы тарапынан қолдау таба ал­май сыртқа кеткен Ризабек Айтмұ­қан біздің облыстың атынан қатыс­қанда чемпиондар саны екеу болар еді. Себебі ол Алматы қаласының на­мысын қорғап, өз салмағында жеңімпаз атанды. Уәлиханов ауданы­ның тумасы бұған дейін жасөспірім­дер арасындағы әлем чемпиона­тын­да бесінші нәтиже көрсетсе, өт­кен жылы Азия біріншілігінің чем­пио­­ны атанды. Балуанның не себеп­ті өзге өңір атынан жарыстарға қа­ты­сып жүргенін оның жеке бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбай айтып берді.

– Ұлым мектепте оқып жүргенде облыстық жарыстарға жиі қатысып тұрды. Бірақ республикалық және халықаралық додаларға келгенде жергілікті спорт басқармасы қолда­мады. Басшылық қаражаттың жоқ­ты­ғын айтты. “Өзіңіз табыңыз” дей­ді. Спортшының жолына, қонақүйі­не, жүріп-тұруына, тамақтануына қы­руар ақша қажет. Менде мұндай қо­мақты қаржы жоқ. Әлі күнге дейін есім­де, Ризабек әлем біріншілігіне об­лыс атынан қатысуы тиіс еді. Бі­рақ басқарма тағы үнсіз қалды. Бір күні Алматыдан жігіттер хабарла­сып, қаржы бөлетіндерін айтып, өз­деріне шақырды. Баламды алып, Ал­матыға жол тарттым. Бірден интер­натқа қабылдап, дүниежүзілік жа­рыс­қа қатыстырды. Әрине, бұл мүм­кіндікті пайдаландық, – дейді Қанат Жолдасбай.

Ризабек үмітті ақтап, әлем чем­пионатында алғашқы бестікке кірді, артынша Азияның үздігі ата­нып үлгерді. Алайда Солтүстік Қазақ­стан облысының емес, Алматы қа­ласының балуаны ретінде жеңіс тұ­ғырына көтерілді.

– Жергілікті басқармадан қолдау болмайтынын біліп, екінші ұлымды да Алматыдағы спортқа дарынды ба­лаларға мамандандырылған мек­теп-колледж интернатына бердім. Әлі­шер Жолдасбай ағасының жо­лын қуып, әлем және Азия біріншілік­те­ріне қатысты. Халықаралық жа­рыс­тардың жеңімпазы атанып үл­гер­ді. Уәлиханов ауданының тағы бір ту­ма­сы Айша Уәлихан да әйел­дер кү­ресі­нен өзге өңірдің намысын қор­ғап жүр. Қазір жасы 26-да. Ол – Шым­кенттің белді балуандарының бірі. Ха­лық­аралық дәрежедегі спорт ше­бері, Азия чемпионы, – дейді Қа­нат Жол­дасбай. Оның айтуынша, об­лыс­тық спорт және дене шынықты­ру басқар­масының басшылығы жер­гілікті өрендерді қолдауға немқұрай­дылық­пен қарайды. Салдарынан мық­ты спортшылар өзге өңірлерге ке­туге мәжбүр. Бұл тізімге Айыртау ауда­нын­да туса да жарыстарға Қа­раған­дының атынан қатысып, Олим­­пиа­да­ның қола жүлдегері атан­­ған Эльмира Сыздықованы да қосуға болады.

Облыста спорт саласының да­муына өлшеусіз үлес қосқан арда­гер­лердің ойынша, мәселенің төркіні бапкерлерде де болуы мүмкін.

– Біздің кезімізде әр бапкер шәкірті жарыстарға туған өңірінің атынан қатысуы үшін бар амалды жасайтын. Тіпті өз қаражаты есе­бінен жарыстарға қатыстыратын. Қазір мұндай жоқ. Барлығы жеңіл жолды іздейді. Жаттықтырушылардың араларында шәкірттеріне сен­бейтіндер де бар. Сол себепті спорт­шылардың кейбірі мұндағы бап­керлерін тастап, өзге аймақ­тарға аттануы мүмкін, – дейді спорт ардагері Смағұл Аманов.

Еркін күрестен Қазақстанның бір­неше дүркін чемпионы, қазақ күре­сінен облыстан шыққан тұңғыш спорт шебері Бауыржан Құлжанов­тың айтуынша, спортшылардың дені өзге өңірлердің атынан қаты­суды қалыпты жағдай көреді. Алай­да бүгіндері бұл теріс үрдісті жою үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді.

– Қазір облыста “Қызылжар ар­ландары” спорт клубы жұмыс істей­ді. Ол күрес түрлерін тегіс қамтиды. Қа­зір, керісінше, өңірімізге өзге өңір­лер­ден жақсы спортшыларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұхит Тұрсынов біздің облыс аты­нан қаты­сып жатыр. Нұрқожа Қай­панов та кө­шіп келді. Бұл бағыттағы жұмыс­тар жалғаса бермек. Сондай-ақ клубта кикбоксинг пен боксқа да көп көңіл бөлінеді. Бұрындары мұндай жағ­дай жасалған жоқ. Қазір жақсарып келеді, – дейді Бауыржан Ниязұлы.

Біз жоғарыда аттарын атаған спортшылардың теріскейдің тумасы екендері әлемдік додаларда жеңіс­ке жеткеннен кейін ғана белгілі бо­лып жатыр. Ал аудандық, облыстық, елішілік жарыстарда өзге өңірдің намысын қорғап жүргендері қан­шама? Қазір қолдау көрсетпей, ке­йін жеңіс тұғырына көтерілген кезде “біздің жерлесіміз, Қызылжардың ту­масы еді” деп мақтанғанымыз қан­шалықты орынды болмақ? Мұны жер­­гілікті спорт басқармасының өкіл­дері назарға алып, тиісті жұмыс­тар жүргізсе, жақсы болар еді. Тағы бір ескеретін жайт, туған жерге “сыймай” кетіп жатқандардың дені өзіміздің қаракөздеріміз.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp