Петропавлда жедел іздестіру іс-шарасы барысында 36 жастағы әйел ұсталды. Ол интернет-дүкендердің бірінде жұмыс істеп, синтетикалық есірткіні буып-түюмен және таратумен айналысқан деген күдікке ілігіп отыр.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының тұрғыны облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткен жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қолға түскен.
Ұсталғанның тұрғылықты жерін тінту кезінде 2 полимерлі ыдыс және сатуға дайындалған ішінде түйір заты бар 109 полимерлік түйіншек, электрондық таразы, пакеттер және есірткі сатушылардың басқа да құрал-жабдықтары тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың ішінде салмағы 155 грамнан асатын, халық арасында “тұз” аталып кеткен α-PVP синтетикалық есірткісі және салмағы 129 грамға жуық мефедрон, бұдан басқа тәркіленген заттың арасында 50 грамм гашиш болды.
“Ұсталған әйел қазіргі уақытта қамауда отыр. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Баптың санкциясына сәйкес, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде дайындағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген”, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.