Қай қоғамда болсын, маңдай терімен табысқа жеткен, адамгершілік пен қарапайымдылықты, адалдық пен кішіпейілдікті серік еткен жандардың орны қашан да биік. Шынымен де бар ғұмырын халық мүддесіне арнап, еліміздің гүлденуі мен көркеюіне білек сыбана атсалысқандардың жүріп өткен жолы – тұнып тұрған өнеге. Әсіресе тұла бойы шежіреге толы, салиқалы мінезі бар қазақтың көнекөз қарттары – ұлтымыздың сарқылмас қазынасы іспетті.
Қызылжар ауданында тұратын сексеннің табалдырығын аттаған Әскербек Смағұлов та сондай абыз ақсақалдардың қатарынан. Бүгінде зайыбы екеуі үлкен әулетке шуақ боп шашылып отырған жайы бар.
Әл-Фарабидің “Әр дәуірдің өсіп-өркендеуі жолында адал еңбек еткен, әркез ел мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер”, – деген даналық сөзі Әскербек ағамызға арналып айтылғандай. Ол 1943 жылы Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылында туған. Жас кезінен еңбекпен келген нанның тәтті екенін әкесінің әрбір ісінен байқап ержетеді. Ұлы Отан соғысынан ауыр жарақаттанып, елге оралған әкесі Смағұл Төлебайұлы сырқатына қарамастан, ауылдастарының тұрмысын оңалту жолында аянбай тер төгіпті. Бригадир ретінде жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастырып, әр отбасын күнделікті жем-шөппен қамтыған. Күні бүгінге дейін Айымжан ауылының көнекөз қариялары оның соғыс салдарынан қорғанынан айырылып, жетім-жесір қалған жандарға деген жанашырлығын, жер аударған өзге этнос өкілдеріне деген қонақжайлылығын жиі сөз етеді. Адами болмысы мен кісілік келбетін көпшілікке танытқан азамат отбасы берекесінің ұйытқысы болған ардақты жан еді. Ерте жасынан тұңғышының қара жұмысқа араласып, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынас орнатуына осы қыры себеп болса керек. Әскербек те әр уақыт өзінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі-өнеге болуға тырысқан. “Анам Кәмел өте қарапайым жан еді. Көп бала болсақ та, әрбірімізді жалғызындай еркелетіп, бағып-қақты. Біздің қамымызды ойлап, от пен суға қатар түсіп, дүниеден ерте кетті. Жоқшылықтың қасіретін шексек те, ата-анамыз тәрибеден шет қалдырған жоқ. Жұрт қатарлы болуымызға, абыройлы, адал өмір сүруімізге үнемі жол сілтеп отырды” – дейді Әскербек Смағұлов өткен күндерді есіне алып.
Ол шаруаға бейім, еңбекқор болып өсіпті. Өмірге құштар, істеген ісіне тиянақты балаң жігіт қатарластары арасында ерекше құрметке ие еді. Орта мектепті күміс медальға тамамдаған соң жоғары білім алуға талпынған. Асқақ арманы оны Алматыға жетелейді. Жоғары оқу орнына түсуді мұрат тұтып, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын институтқа құжаттарын тапсырады. Алайда конкурстан өте алмай, елге қайтып оралады. Сөйтіп 1960-1963 жылдары туған ауылында есепші, жүргізуші, ұстаз болып еңбек етеді. Арнайы білімі болмаса да, әрі жастығына қарамастан, тәжірибелі мамандармен қатар еңбек майданында шыңдалды. 1963-1966 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Сонда жүріп сарбаздар арасында ұйымдастырылған спорттық, қоғамдық шараларға белсене қатысып, партия қызметін де қатар алып жүреді. Ұйымдастыру шеберлігі мен жауапкершілігі мол жас жігіт әскери бөлім басшылығының назарына ілігіп, еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болыпты.
Өткен күн – тарих. Ақсақал алғашқылардың бірі болып партия қатарына қабылданған кезін ерекше сезіммен еске алады. Бұл жылдары жігерлі жас жоғары оқу орнына түсіп, диплом алуды мақсат тұтады. Қолы қалт ете қалса, ауыл шаруашылығы тақырыбында жазылған әдебиеттерді оқып, білімін толықтыра түседі.
Оның ауыл шаруашылығы мамандығын таңдауы да кездейсоқ емес. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары мемлекет тарапынан ауылдарға үлкен бетбұрыс жасалып, елімізде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дами бастаған кез. Әрі жастар арасында бұл салада еңбек ету абырой болатын. Әскербек Смағұлұлы 1967 жылы Целиноград мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1972 жылы оны ойдағыдай тамамдап, еңбек жолын туған ауданында бастайды. Жамбыл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, сол аудандағы Киров атындағы кеңшардың партия ұйымының хатшысы болып, тәжірибелі мамандармен қатар саяси қызметтің де қыр-сырын меңгерген. Партия қызметінің жауапкершілігі үлкен әрі табанды еңбекті талап етеді. Осы қырынан танылған жерлесімізді облыс басшылығы 1979 жылы Алматыға жоғары партия мектебіне жібереді. Ол жерде де жерлесіміз үздік оқуымен көзге түсіп, “қызыл диплом” алып шығады. Саяси қызметін облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып жалғастырады. Кейінгі жылдары Возвышен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тимирязев аудандық атқару комитетінің төрағасы, жоспарлау-экономика басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Бала күнінен ауыр жұмысқа араласып, бозбала шағынан ер көтерер жүкті арқалап, бейнетпен жетілген азаматтың қимылы қашан да ширақ болатын. Бұл жолы да жерлесіміз бұрынғы әдетінен жаңылмай, партия саласындағы міндеттерін де абыроймен атқара білді.
Еліміз Тәуелсіздік алған тұста өзгелердің қатарында Әскербек Смағұлұлы да партия ісімен қош айтысып, қабілетін өзге салада сынамақ болады. Сөйтіп Петропавлдағы “Сарыарқа” АҚ-ның бас директоры болып тағайындалады. Көп ұзамай, яғни 1995 жылы кеңшарлар ыдырап, әркім өз бетінше кәсіп қылып жатқан шақта топырағы құнарлы жерге егін егіп, мал басын көбейтпек оймен өз ісін бастауға бел буады. Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылына аттанып, бұрынғы кеңшардың шаруашылық ісін өз қолына алады. Бастапқыда “Арман”, “Тәуекел” ЖШС, кейін “Айша” шаруа қожалығын құрып, алдына қойған мақсаттарына жету жолында аянбай еңбектенеді. Маңдай тер мен ынтаның өтеуі болар, ісі алға жылжиды. Шаруа қожалығының басшысы болып 2011 жылға дейін қызмет етеді.
Экономикасы кенжелеп қалған ауылды алға шығару – тек іскер басшының қолынан келетін шаруа. Бұл іс ұйымдастыру жұмысын білгірлікпен ұштастыра білгенде ғана жемісті болатыны мәлім. Оқып-тоқығаны мен өмірден үйренген тәжірибені тыңғылықты іске асыру, оны нақты қолдана білу үшін қажыр-қайрат та керек, алайда көпшілікпен тіл табысу бұдан да маңызды. Қызметке деген жауапкершілікті бір кісідей сезініп, құлшыныс пен ұмтылысты қатар ұстаған жан ғана діттеген мақсатына жетеді. Осылар бір арнаға тоғысса, алға қойған мақсатты жүзеге асыруға даңғыл жол ашылады. Осындай адами қасиеттер ағамыздың бойына ана сүтімен, әке тәрбиесімен дарыған. Қызығы мен шыжығы мол жылдарды “Алғашқыда жаңадан құрылған біздің шаруашылық нағыз сын кезеңге дөп келді. Тоқыраудан соң талан-таражға түскен кеңшардың жағдайы мүшкіл, тұрғындарының тұрмысы тұралап қалған кез. Кеңшар жанар-жағармай мен тұқым қорын қарызға алып, жұмысшыларының еңбекақысын төлей алмай, 9 миллион теңге берешекке кіріп кеткен. Ауа райының құбылмалы болуы, соңғы жылдардағы құрылымдық өзгерістер де ауыл өмірінде өз таңбасын қалдырды. Алғашқы сәттен бастап тәуекелге бел буып, өзге шаруашылық басшыларынан қарызға қаражат пен тұқым алып, егін ектік. Сол жылы қуанышқа бөленіп, мол астық жинадық. Берешектен құтылып, алдағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Алғашқы табысымыздан жұмысшыларымызға еңбекақы төледік. Ауыл тұрғындарының бізге деген сенімі артып, олардың тарапынан шаруашылық құрамында еңбек етуге деген сұраныс пайда болды. Жыл өткен сайын ауылдастарыммен бірге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлікте жұмыс істедік. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” емес пе?! ” – деп есіне алады.
Әскербек Смағұлұлы бастаған шаруашылық бидаймен ғана шектелмей, майлы дақылдар себуге көшті. Қарақұмықтан жақсы өнім алып, ендігі кезекте мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, жылқы мен қой сатып алып, төрт түлік қатарын көбейтті. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай термен өндірген өнімі жергілікті жерде сатылуы тиіс деп ой түйген басшы сүт өнімдерін облыс орталығындағы сату алаңдарына жеткізді. Көп уақыт өтпей, қала тұрғындары ауылдан келетін сүтті асыға күтетін болды. 1997-1998 жылдары облыс орталығындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіреберісінде киіз үйдің тігілгені жерлестеріміздің есінде. Онда қымыз сатылып, Әскербек Смағұлұлының бұл бастамасы қолдауға ие болды.
“Айша” шаруа қожалығы тұсында егін шаруашылығын дамыту жақсы деңгейге жетті. 2000 жылдары қожалық иелігіндегі жер көлемі 6 мың гектарға ұлғайды. Шаруашылықтың өз диірмені, наубайханасы, макарон, сұйық май өндіретін цехтары жұмыс істеді. Кеңшар жұмысшылары ауыл ортасынан ашылған дүкеннен азық-түлік, өзге де тауарларды алып тұрды. Әскербек Смағұлұлы облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі, зағип жандар қоғамдарымен шартқа тұрып, ауыл тұрғындарын киім-кешекпен қамтамасыз етті. Іле ауылында жарық, жол және су мәселесі шешіле бастады. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуына атсалысып, науқастарды қолжетімді медицинамен қамтығанын да атап өтпеуге болмас. Ең бастысы, бұл жылдары тұрғындардың ауыл болашағына деген сенімінің артқаны жан сүйсінтеді. Халық сенімі білікті басшыға күш-жігер беріп, кәсібінің одан бетер жандануына түрткі болды. Сөйтіп Архангелка өзгелер қызыға қарайтындай елді мекенге айналып, ауыл өмірі ажарлана түсті. Ал екі қолға бір күрек тапқандардың тұрмыстары түзеліп, олар адал еңбектің нәтижесінде табысқа кенеле бастады. Осы және өзге де еңбегі үшін 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.
Білікті басшы өткен ғасырдың 90 жылдарының соңына қарай Жамбыл ауданының азаматтарын жұмысқа шақырып, шаруашылығы өрге басқан ауылға көшіп келіп жатты. Жұмыс іздеп келгендер арасынан инженер, агроном, есепші сияқты мамандар мен механизатор, комбайншылар табылып, жақсы ұжым құрылды. “Иә, шынымен де, даланы емес, қаланы аңсайтын жастар ауылда тұрақты жұмыс көзі болса ғана қалып, еңбек етеді. Әйтпесе, екі қолға бір күрек табылар деген оймен қалаға тартады. Ондай азаматтарға жол болсын айтып, ал адал еңбек еткендерін барынша қолдауға тырыстым. Жан-жақтағы ауылдардан тепсе темір үзетін жігіттер келсе, баспанамен, жұмыспен қамтуға тырыстым. Бүгінде олар елуді алқымдап қалды. Әлі күнге дейін өз ауылдарының көркеюіне үлес қосып келеді”, – дейді ақсақал.
Өз ісінің маманы, үлкен жүректі Әскербек Смағұлұлы – отбасында адал жар, үлгілі әке. Целиноград мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында студент болып жүрген кезінде болашақ жары Хадиша Сүлейменқызымен танысып, кейін сезімдері жарасып, отау құрады. Бүгінде немере-жиенге тәрбие беріп отырған ақ жаулықты әже жастықтың жалынды шақтарын медицина саласына арнады. Қырық жылдан астам дәрігерлік қызмет атқарған ақ халатты абзал жан еміне шипа іздеген талай адамға қол ұшын берген. Бүгінде құрметті еңбек демалысында. Өнегелі отбасы үш бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай тұңғыштары Абай кенеттен жол апатынан қайтыс болды. Бұл қайғы ата-ананың бауырын езіп, жан-дүниесін астаң-кестең етеді. “Жазмыштан озған пенде жоқ. Шыр етіп дүние есігін ашқан күннен маңдайыңа жазылғанды көреді екенсің. 1995 жылы біздің шаңырағымызға ат көтере алмас ауыр қайғы түсті. Аспан теңселіп, ай құлағандай болды. Сап-сау жүрген ұлымыз о дүниелік болып кете барғанына көнуден басқа амал жоқ. Қайғыдан қабырғамыз қайысса да, басқа балаларымызға қарап, еңсемізді тіктеп, барға шүкіршілік еттік” – дейді ақсақал жанарына мұң толып.
Әскербек ағамыздың екінші ұлы Айдар Смағұлов – қазіргі таңда Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметінде. Келіні Анар экономист мамандығында оқыған, бала тәрбиесі мен үй шаруасын дөңгелетіп отыр. 27 жыл ата-енесі мен жұбайының жағдайын жасап, шаңырақтың шырайын келтіріп отырған нәзік жан – бүгінде төрт баланың анасы. Қызы мен күйеу баласы Астанада тұрады. Бибігүл – дәрігер, Алмат – серіктестік басшысы. Қос құлындарынан өрбіген ұл-қыздардың алды диплом алып, түрлі салада қызмет етуде. Қазақта “Әдемі қартаю” деген жақсы сөз бар. Ол осындай тамырын тереңге тартқан тағылымды, өмірі өнегелі қарттарымызға қатысты айтылса керек.
Гүлбике КУБЕНОВА.