«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата-аналар дән риза

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жасыратыны жоқ, кей отбасы­лардың мектепте оқитын балала­рына құнарлы тамақ алып беруге ша­ма­лары жете бермейді. Мәселен, мен үш немереме жеті сайын әр-қайсы­сына 2500 теңгеден беріп оты­рамын. Мұның өзі қалтаға салмақ түсіретіні сөзсіз. Жуырда Қожабер­ген жырау атындағы № 6 мектептің басшылығы жақсы жаңалықпен бө­лісіп, ата-аналарды қуантып таста­ды. Бү­гінге дейін бір реттік ыстық та­мақпен әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары ғана ақысыз ауқатта­нып кел­се, енді облыс әкімі Айдарбек Са­паровтың шешімімен алдағы жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары түгелі ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілмек. Мемлекет бас­шысының тапсырмасын жүзеге асырып жатқан өңір басшысының бұл шешімін еліміздің болашағы са­налатын адами капиталға мемле­кеттік деңгейде мән беру, назар аудару деп есептеймін.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 72260 оқушының 31180-і бастауыш сынып­тарда оқиды. Қазіргі уақытта мектеп асханаларында тамақтың бағасы – 500 теңге. Өткен күзде асхана иелері азық-түлік бағасының қымбаттауын, инфляцияны алға тар­тып, 600 тең­геге дейін көтеруді талап еткені есі­мізде. Бұл мәселе облыс­тық кәсіп­керлер палатасында талқы­ланып, екі тарап мәмілеге келе ал­ма­ған еді. Сол кезде кәсіпкерлер “Өнімде­ріміздің өзіндік құнының өзі 430-450 тең­гені құрайды. Шығын ша­ш-етек­тен. Шекті қаржыға тамақ­тан­дыру мүмкін емес” деген ұста­ным­дарын алға тартқан еді. Білім бас­қармасы амалсыздан келіскендей “ас мәзірінің бағасын 614 теңгеге дейін жеткі­зуді ойластырамыз”, – деп жылы жауып қойған.

Өңір басшысының “Петропавл қа­ла­сы мен барлық аудандардың бас­тауыш сынып оқушылары тегін ыс­тық тамақпен қамтылады. Осының арқасында олар отбасы бюджетін үнемдей алады. Қазір облыста аз қам­тылған және көпбалалы отба­сы­лардың балаларына ғана тегін ыс­тық тамақ берілетінін атап өткім ке­леді”, – деген әлеуметтік желідегі жазбасын оқыдық. Сонда да сенер-сенбесімізді біл­мей, әрі-сәрі күйге түсіп жүр­генде об­лыстық мәслихат­тың сессия­сын­да бұл жайтқа нүкте қойды. Шы­нын­да да, балаларға ыс­тық тамақты те­гін ету қолдауға тұрарлық бастама дер едім. Жеке кәсіпкер Нұрлан Ті­ле­мі­сов Қожабер­ген жырау атында­ғы №6 және №2 мектепке қызмет көр­сете­ді. Алғашқы білім оша­ғында бас­тауыш сынып оқу­шыла­рының 90 пайы­зы, соңғы­сында үш­тен бірі асха­на­­­дан ыстық тамақ алып ішеді. Та­мақ­­тарын үйлерінен әке­летін де оқу­шылар бар. Оқушы 7-8 сағатын мек­тепте өт­кізетінін ес­керсек, дұрыс та­мақтан­бау денсау­лыққа зиян екені белгілі.

Бар­ды қанағат, жоқты салауат ету­ден ұрпақ әлсіз, аурушаң болары анық. Сондықтан ас мәзірін бір күнге емес, маусымға ыңғайлап, оқушының мек­тепте болу ұзақтығы, жас ерекше­лігі, дұрыс тамақтану мәде­ниеті еске­рілсе деймін. Бүгінгі балалар түрлі зиянды тамақтарды талғамай жеуге әуес. Оның құрамына мән беріп жат­пайды. БҰҰ-ның халықара­лық дең­гейдегі “World Food” бағдарлама­сын­да мектепте тамақтану жайының қа­растырылуы бекер емес. Аталмыш бағдарлама аясында 100-ден астам ел жұмыс істеп, шығын­ның 98 пайызын өздері өтейтін көрі­неді. Бұл жерде балаларды дұрыс тамақтандырып қана қоймай, қандай сапалық дәрежеде қамтамасыз ету керек де­ген мәселе туындайды. Да­мыған ел­дердің көпшілігінде мек­тептегі та­мақтандырумен арнайы қоғамдық та­мақтану институттары айналысады. Бұл ретте мектеп сапалы білім бе­реді, оқушылар алаң­сыз оқиды. Осын­дай тәжірибе бізге де қажет.

Тұрсынбек БРАЛИН,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp