Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында ветеринария қызметінің былтырғы жұмысы қорытындыланып, осы жылы атқарылар іс-шаралар жоспары айтылды. Облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Оразбек Батырбеков өткен жылғы жоспар толық орындалғанын атап өтті.
Жан-жануарлардың саулығына адамның амандығы тәуелді. Осы ретте былтыр жануарлар мен құстардың оннан аса қауіпті ауруына және 3 энзоотиялық дертке қарсы профилактикалық вакцина егілген.
–Төрт ауруға диагностикалық, екі ауруға аллергиялық зерттеу жүргізілді. Осылайша қолда бар мал басының барлығына профилактикалық вакцина егіліп, зерттелді, – деді Оразбек Батырбеков.
Былтыр зертханалық зерттеулер кезінде алты ауданның 27 елді мекенінде бруцеллез ауруын жұқтырған 206 ірі қара мал анықталған. Көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 254 басқа аз. Ауру жұқтырған ірі қара үшін мал иелеріне 36,3 млн. теңге өтемақы төленді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сүйенсек, ірі қараның бруцеллез жұқтыру деңгейі республика бойынша 0,35 пайыз болса, біздің облыста 0,05 пайызды құрап отыр.
Биыл “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң қолданысқа енгізілгені белгілі. Соның 23- бабының 2-тармағында қаңғыбас ит-мысықтарды арнайы орындарда ұстау талабы қарастырылған. Бірақ бұны іс жүзінде жүзеге асыру қиындық тудырып отыр. Заңнамаға сәйкес ветеринарлық қызмет қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою жұмыстарын тоқтатып, тек зарарсыздандыру, таңбалап босатып жіберумен шектеледі. Қазіргі таңда үй жануарларын есепке алу жұмыстары басталды. Петропавл қаласында оны “ВетЛекарь” ветеринарлық клиникасы атқарып жатыр. Биыл 600-ге жуық қаңғыбас ит-мысықты таңбалау және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмек. “Нәтижесінде облыстың эпизоотиялық жағдайы тұрақтанады және жануарлар мен құстардың жұқпалы ауруларының тіркелу жағдайлары азаяды”, – дейді облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Оразбек Батырбеков.
Жаңа заңнама гуманистік ниетпен жасалғанымен, мұның салдарынан қаңғыбас жануарлар көбейіп, жұқпалы аурулардың (құтыру) пайда болу және таралу қаупі артқан. Бүгінгі таңда елді мекендерде қаңғыбас иттердің адамдар мен үй жануарларына шабуыл жасауы жиіледі.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.