Хокейден жастар арасындағы ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Ақтық сында жергілікті “Qulager” клубы елордалық “Barys” командасымен ойнады.
Ойын ережесіне сәйкес, ел чемпионы атану үшін бір команда 4 жеңіске жетуі тиіс. Ақтық сынның бірінші және екінші ойыны Астана қаласында өткізіліп, жерлестеріміз екі ойында да 5:3 және 3:2 есебімен жеңілген болатын. Петропавлда өткен қос кездесуде жанкүйерлердің қолдауымен есе қайтаруға тырысқан. Алайда бұл жолы да “Barys” басым болды.
Соңғы төртінші ойында жерлестеріміз жанкүйерлерге жеңіс сыйлау үшін барын салды. Бірінші минуттардан шабуылдауға кірісті. Бірінші болып есеп ашқан. Бірақ қарсыластар да осал емесі белгілі, көп шабуылдардың бірінде “Qulager”-дің қақпасынан саңылау тапты. Осылайша алғашқы кезең 1:1 есебімен аяқталды.
Екінші 20 минуттықта қарсылас қысымды күшейтті. Нәтижесінде қақпаға 3 шайба дарытты. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша матч 1:4 есебімен аяқталды. Елордалықтар бірінші орын алса, солтүстікқазақстандықтар күміс жүлдегер атанды. Ал турнир кестесіндегі үшінші орынға ақтөбеліктер тұрақтады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.