Облыстық бейнелеу өнері музейінде суретші Виталий Жуковтың “Метаморфозы разума” атты жеке сурет көрмесі ашылды. Келушілер назарына кескіндеме техникасы бойынша салынған 27 картина ұсынылды. Көрермендер графикалық кескіндемені, абстрактілі пейзажды және фотореализм стиліндегі картиналарды ерекше қызығушылықпен тамашалады.
– Виталий Жуков – өзінің ерекше стилімен тұрақты көрермендерін таба білген суретші. Оның туындыларында бояудың бірнеше түрі айрықша талғаммен үйлестірілген, – дейді музей қызметкері Вера Гончарова.
Суреттердің басым бөлігі пуантилизм стилінде салынған. Оларға жақындап қарасаңыз тек нүктелерді ғана көруге болады. Ал картинадан алыстаған сайын бейне айқындала бастайды.
– Аталмыш стиль 1885 жылы Францияда пайда болған. Пуантилизм – француз тілінен аударғанда нүкте деген мағынаны білдіреді. Бұл стильдің басты ерекшелігі нүкте арқылы салынған бейнеде екі немесе одан да көп бояу қолданылады. Туындыларымның қатарында экспрессионизм стилін де қолдана отырып салған суреттер бар, – дейді көрме авторы.
Петропавлдық суретші көрмені өзінің 35 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырған. Оның туындыларының басым бөлігі пейзаж жанрын қамтиды. Ол тек сурет салып қана қоймай, сонымен қатар 35 түрлі музыкалық аспапта ойнайды.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.