Диас Аяған
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі егемендік алғалы бір сәтке де күн тәртібінен түскен емес. Өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін көптеген оқыту орталықтары мен үйірмелер ашылған. Бүгінде бұл іске өз үлестерін қосуды мақсат тұтқан жекелеген ұйымдардың да қатары артуда. “Amanat” партиясының “Жастар рухы” жастар қанаты жүзеге асырып отырған “Сөйле” жобасының берері мол.
“Сөйле” клубы еліміздің 12 қаласында ашылып, жарты мыңға жуық адамды біріктіріп отыр. Ал клубтың Қызылжардағы мүшелерінің саны 40-қа жуықтайды. Ондағылардың алды бірнеше айдың ішінде тіл сындырып, қазақша сөйлемдер құрауды үйреніп алды. “Сөйленің” Петропавлда ұйымдастырылған кезекті отырысына “Жастар рухы” жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев пен жоба авторы Яков Федоров қатысты.
– Біз клуб жұмысының белсенді жүріп жатқанын байқап отырмыз. Аталған жобаны жүзеге асыруда еліміздің солтүстік өңірлеріне ерекше мән бердік. Ал бүгін қатысушылармен кездесіп, оларға бағыт беру үшін осында келіп отырмыз. Біздің мақсатымыз – білім алушылардың қазақ тілін тез арада үйренуіне жағдай жасау, – деді Нұржан Жетпісбаев.
Ал тіл жанашыры, қоғам белсендісі Яков Федоров болса тіл үйренуде өзгермейтін бірізді әдістеменің болмайтынын айтады. Кейбір жаңа әдістер мен қызықты тәсілдерді қолдана отырып, мемлекеттік тілді аз уақытта меңгеріп шығуға болады. Кездесу барысында ол өз тәжірибесімен бөлісіп, тіл үйрену жолындағы түйгендерін ортаға салды.
Клуб мүшелеріне тілді Бақытжан Тұрсынов үйретеді. Ол да жастардың ерекшелігіне сай заманауи тәсілдерді қолдануды қолдайды. Соған сай өз жұмысында қызықты ойындарды, тапсырмаларды, ақпаратты жеткізудің жаңаша түрлерін пайдаланып жүр.
– Үш айға жуық уақыт арасында қатысушылардың саны едәуір өсті. Алғашында келушілер аз болғанымен кейіннен клуб жайында естіген жастардың қызығушылығы арта бастады. Жастар қанатының бұл жобасы жазға дейін жалғасады. Сабақтарда теориялық білімнен бөлек, сөйлеу тіліне мән береміз. Жастармен бірге қаламыздағы мәдени орындарға экскурсияларға барып тұрамыз. Бұдан бөлек, қазақ тілін үйренемін деген мектеп оқушылары мен қарт адамдар да бар, – дейді Бақытжан Тұрсынов.
Шара барысында тіл үйренушілер астаналық қонақтарға сұрақтарын қойып, қазақ тілі төңірегінде әңгімелесті. Кейін клуб оқытушысы жиналғандармен ашық сабақ өткізді. Ал келесі күні Нұржан Жетпісбаев пен Яков Федоров өңірдегі “Жастар рухының” мүшелерімен кездесті. Мағжан Жұмабаев ауданына барып, ақын рухына тағзым етті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.