Шекаралық өңірлер арасындағы ынтымақтастық байланыс аясында облысымызға Омбы қаласының “Перспектива” шығармашылық даму және гуманитарлық білім беру орталығының өкілдері келді. Омбылық делегация өңіріміздегі бірқатар білім беру нысандарын аралап, озық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Облыс педагогтарын әдістемелік сүйемелдеу жөніндегі орталық мамандары қонақтарға атқарып жатқан жұмыстарының негізгі бағыттарын айтты. Одан кейін Оқушылар сарайын аралап, өскелең ұрпаққа қандай бағыттар бойынша қосымша білім беру бағдарламалары бар екенін көрді.
Қызылжар ауданының орталығындағы “Мирас” бөбекжай-бақшасы – “World skills. Балабақша жобасын жүзеге асырып жатқан білім беру ұйымдарының бірі. Аталған жоба балаларды ерте кәсіби бағдарлауға бағытталған. Бұл жерде омбылық ұстаздар сурет салудың дәстүрлі емес әдістері бойынша көрме және шеберлік сыныбына қатысты.
Бескөл мектеп-колледжінің педагогтары “Көркем-индустриялық еңбек” пәнін оқытудың инновациялық бағдарламасы аясында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Ал облыс орталығындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-эстетикалық тәрбие кешеніндегі бірнеше бағыт бойынша оқушыларға көркемдік-эстетикалық тәрбие беру бағдарламасы омбылықтардың қызығушылығын тудырды.
Мазмұнды өткен кездесудің нәтижесінде екі өңір арасында білім берудің тиімді әдістемелерімен бөлісу және басқару бойынша ынтымақтастық байланыс нығаятын болды.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.