Жасыратыны жоқ, кей отбасылардың мектепте оқитын балаларына құнарлы тамақ алып беруге шамалары жете бермейді. Мәселен, мен үш немереме жеті сайын әр-қайсысына 2500 теңгеден беріп отырамын. Мұның өзі қалтаға салмақ түсіретіні сөзсіз. Жуырда Қожаберген жырау атындағы № 6 мектептің басшылығы жақсы жаңалықпен бөлісіп, ата-аналарды қуантып тастады. Бүгінге дейін бір реттік ыстық тамақпен әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары ғана ақысыз ауқаттанып келсе, енді облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың шешімімен алдағы жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары түгелі ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асырып жатқан өңір басшысының бұл шешімін еліміздің болашағы саналатын адами капиталға мемлекеттік деңгейде мән беру, назар аудару деп есептеймін.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 72260 оқушының 31180-і бастауыш сыныптарда оқиды. Қазіргі уақытта мектеп асханаларында тамақтың бағасы – 500 теңге. Өткен күзде асхана иелері азық-түлік бағасының қымбаттауын, инфляцияны алға тартып, 600 теңгеге дейін көтеруді талап еткені есімізде. Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасында талқыланып, екі тарап мәмілеге келе алмаған еді. Сол кезде кәсіпкерлер “Өнімдеріміздің өзіндік құнының өзі 430-450 теңгені құрайды. Шығын шаш-етектен. Шекті қаржыға тамақтандыру мүмкін емес” деген ұстанымдарын алға тартқан еді. Білім басқармасы амалсыздан келіскендей “ас мәзірінің бағасын 614 теңгеге дейін жеткізуді ойластырамыз”, – деп жылы жауып қойған.
Өңір басшысының “Петропавл қаласы мен барлық аудандардың бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осының арқасында олар отбасы бюджетін үнемдей алады. Қазір облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына ғана тегін ыстық тамақ берілетінін атап өткім келеді”, – деген әлеуметтік желідегі жазбасын оқыдық. Сонда да сенер-сенбесімізді білмей, әрі-сәрі күйге түсіп жүргенде облыстық мәслихаттың сессиясында бұл жайтқа нүкте қойды. Шынында да, балаларға ыстық тамақты тегін ету қолдауға тұрарлық бастама дер едім. Жеке кәсіпкер Нұрлан Тілемісов Қожаберген жырау атындағы №6 және №2 мектепке қызмет көрсетеді. Алғашқы білім ошағында бастауыш сынып оқушыларының 90 пайызы, соңғысында үштен бірі асханадан ыстық тамақ алып ішеді. Тамақтарын үйлерінен әкелетін де оқушылар бар. Оқушы 7-8 сағатын мектепте өткізетінін ескерсек, дұрыс тамақтанбау денсаулыққа зиян екені белгілі.
Барды қанағат, жоқты салауат етуден ұрпақ әлсіз, аурушаң болары анық. Сондықтан ас мәзірін бір күнге емес, маусымға ыңғайлап, оқушының мектепте болу ұзақтығы, жас ерекшелігі, дұрыс тамақтану мәдениеті ескерілсе деймін. Бүгінгі балалар түрлі зиянды тамақтарды талғамай жеуге әуес. Оның құрамына мән беріп жатпайды. БҰҰ-ның халықаралық деңгейдегі “World Food” бағдарламасында мектепте тамақтану жайының қарастырылуы бекер емес. Аталмыш бағдарлама аясында 100-ден астам ел жұмыс істеп, шығынның 98 пайызын өздері өтейтін көрінеді. Бұл жерде балаларды дұрыс тамақтандырып қана қоймай, қандай сапалық дәрежеде қамтамасыз ету керек деген мәселе туындайды. Дамыған елдердің көпшілігінде мектептегі тамақтандырумен арнайы қоғамдық тамақтану институттары айналысады. Бұл ретте мектеп сапалы білім береді, оқушылар алаңсыз оқиды. Осындай тәжірибе бізге де қажет.
Тұрсынбек БРАЛИН,
Петропавл қаласының тұрғыны.