«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жас кәсіпкерлерге жәрдем

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жас кәсіпкерлерді қолдау және жұмыссыздықпен күресу үшін биылдан бастап жастарға жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Небәрі 2,5 пайызбен берілетін қаржылай қолдауға жыл соңына дейін 5 мыңнан астам азамат қол жеткізетіні айтылуда. Бағдарлама кәсіпкерлікті қолдаудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жас кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету “Аграрлық несие корпорациясының” ірі қалалар мен өңірлердегі филиалдары арқылы жүзеге асады. Оның талаптарына келсек, өтініш берушінің кәсіп бастаған мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сондай-ақ өтініш беру 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлер мен бизнестің есігін енді ашамын дейтін жандарға қолжетімді. Сонымен қатар жастардың кепілге қояр мүлкі болуы да міндетті. Өзінде болмаған жағдайда жақын туыстарының мүлкін кепілге қою мүмкіндігі қарастырылған. 5 млн. теңгеге дейінгі қаржы жастарға – ауыл шауашылығы саласы бойынша 7 жылға, басқа салаларға 5 жылға беріледі. Бағдарламаға қатысушы кәсібін дамыту бойынша жоспар жасап, оны арнайы комиссияның қарауына ұсынады. Комиссия мүшелері жастардың жобаларының ішінен өзекті әрі өміршең дегендерін таңдап, несие беру туралы шешім шығарады. Кәсіпкерлікке алынған қаржыны оңды-солды жұмсауға жол жоқ. Олай болмаған жағдайда несиенің 25 пайызы мөлшерінде айыппұл салынып, толықтай кері қайтарылады. Сонымен қатар қаржыны жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар алуға, өзге несиені өтеуге, акцизді тауар шығаруға, қару өндіру, ойын бизнесін ұйымдастыруға жұмсауға болмайды. Егер жастар қаржыны мал шаруашылығын дамытуға жұмсағысы келсе, оның да арнайы талаптары бар. Мәселен сатып алынатын асылтұқымды емес қой құны 40-50 мың, ірі қара 300-350 мың, жылқы 400-600 мың теңге арасында болуы шарт.

“Аграрлық несие корпорациясы” өңірлік даму департаментінің маманы Сапарғали Қосымовтың айтуынша, бұл бағдарлама жас кәсіпкерлерге кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік бермек. Маманның сөзінше, бүгінде белсенді жастардың алды несие алуға өтініш беріп те қойған. Аталған қолдаудың игілігін көру өзге өңірлерде біршама уақыт бұрын басталғанымен Қызылжарда енді ғана іске қосылып отыр. Өтініш беру үшін жастар несие корпорациясының өңіріміздегі филиалына жүгінуі керек.

Аталған науқанның басталуын асыға күткен кәсіпкерлердің бірі – Әкежан Жұрымбай.

– Мен бұған дейін де мемлекеттік қолдаудың аясында грант иеленіп, жеке бизнесімді ашқан едім. Бүгінгі жастардың ойында қаншама бизнес идея бар. Бірақ оны жүзеге асыруға қолдау кемшін еді. Енді олар төмен пайызбен несие алып, табыс таба алады. Несиені 1,5 жыл өткеннен кейін төлеу де жаңа ғана аяққа тұрып келе жатқан кәсіптің дамуына сеп болады. Өңірдегі өзге жастармен қатар өзім де бұл бағдарламаға қатысып, бағымды сынап көрмекпін, – дейді ол.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp