«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРДІГЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАР ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда өңір жұртшылығын ауызсу және жол сапасы қатты толғандырып отыр. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Алдағы үш жылда тозығы жеткен облыс жолдарының 95 пайызын қанағаттанарлық жағдайға жеткізу міндеті тұр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 78 пайызды құраған. Биыл бұл салаға 38 млрд. теңге бөлініп, 650 шақырым жол күрделі жөндеуден өтпек.

Аппарат отырысында есеп берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет қалпына келтірілетін жолдардың 110 шақырымы – республикалық, 480 шақырымы облыстық және аудандық маңызға ие екенін айтты. Ауылішілік жолдар 60 шақырымды құрайды. Петропавл қаласының көшелерін жөндеуге 5 млрд. теңге қарастырылып, бұл жұмыспен 42 мердігер компания айналыспақ. Битум және инертті материалдар сатып алу үшін 2 млрд. теңге бөлінген. Бүгінге дейін қажетті 32 мың тонна битумның 13,3 мың тоннасы жеткізілген. Сәуір айында тағы 4,2 мың тонна битум әкелінеді деп жоспарланып отыр.

– Бұл жұмыстарға қойылар талап та, сұрауы да қатаң болады. Сондықтан тиісті мекемелер тапсырылған іске жауапкершілікті күшейтіп, қарқынды бәсеңдетпеуі тиіс. Битумнан бөлек, жалпы жұмыс сапасын басты назарда ұстау маңызды. Бөлінген қаражаттың толықтай игеріліп, конкурстардың уақытында өткізілуі бұлжымас міндет болуы керек, – деген Айдарбек Сейпілұлы тиісті орган басшыларына мамыр айына дейін конкурстар мен техникалық қадағалау жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

“Бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алып, жобалардың кестеге сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етпей болмайды. Мердігер өз міндеттерін орындамаған жағдайда шарттың күшін жойып, жауапкершілігі төмен мердігерлер қатарына қосу керек. Техникалық қадағалау жөніндегі сарапшылардың жұмысы да бақылауға алынсын. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін жұмыс барысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отыруын міндеттеймін”, – деді облыс әкімі.

Аппарат отырысында ауызсуға қатысты проблемалар да кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда тіршілік көзі солтүстікқазақстандықтардың 84 пайызы үшін қолжетімді. Биыл бұл салаға 16 млрд. теңге бағытталмақ.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов жұмыс ауқымы 22,8 мың тұрғыны бар 35 елді мекенді қамтитынын жеткізді. Бұдан бөлек, 250 шақырым су желісі қайта жаңғыртылып, бір мыңға жуық үйге сапалы ауызсу тартылады.

Айдарбек Сапаров барлық бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуін қадағалауды, жобалардың жоспарға сәйкес іске асырылуына жағдай жасауды, өз міндетіне салғырт қараған мердігерлермен келісімшарттың күшін жоюды, қала әкіміне су тарату желілерін жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжатты уақтылы дайындауды тапсырды. Егер бұл тапсырмалар тиянақты орындалса, жыл соңына дейін өңір тұрғындарының 87,9 пайызы тіршілік көзімен қамтамасыз етілетін болады.

Алдияр АЙТПАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp