Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында облыс орманшыларының атқарып жатқан жұмысы баяндалды. Аққайыңдар өлкесінің орманды алқабын тілсіз жаудан сақтап қана қоймай, аумағын кеңейту – басты міндеттердің бірі. Қазір теріскейдің орманды алқабының 85 пайызын қайың, 11 пайызын көктерек пен қарағай құрайды.
Жасыл желектің аумағын азайтпай, көшетпен толықтырып отыру – маңызды шаралардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел аумағында 2 млрд. көшет отырғызуды тапсырған болатын. Облыста 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалып, бес жыл ішінде 20 мың гектар жерге 100 млн. көшет отырғызу міндеттелген. Спикер бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі екендігін жеткізді. Бастапқы екі жылда 2521 гектар жерге 10,46 млн. түп көшет егілсе, биыл жұмыс еселеніп, 23,1 млн. көшет отырғызылады.
Жасыл желекті көбейту жоспарлы түрде жүргізілгенімен, орманның жауы – өрттен қорғау оңай шаруа емес. Өрттің алдын алу үшін орманшылар жүйелі жұмыс атқарады. Олар қырағылық танытпаса, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, отты жылдам ауыздықтамаса, табиғатқа келер залал зор. Бұл істі атқару үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы да бөлінеді.
– Соңғы төрт жылда облыстық бюджеттен қосымша 372 млн. теңге бөлініп, оған 12 өрт сөндіру автокөлігі және 21 трактор сатып алынды. Үстіміздегі жылға 160 млн. теңге бөлінді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.
Өрт оқиғалары көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде жиі орын алады. Диқандар егістік жерлерде шөп қалдықтарын өртегенде қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Сондай-ақ орманға барған адамдар шырпыны, темекіні сөндірмей тастайды. Автомобиль жолдарының жиегіне минералды жолақтардың жүргізілмеуі де орман өртін өршітіп тұр.
Облыс аумағында ағашты отын ретінде тұтыну көлемі шамамен 550 мың текше метрді құрайды. Белгіленген бағамен жеке және заңды тұлғаларға сатылады. Бүгінгі таңда ағаштың 1 текше метрі – 2340 теңге, қайың мен қарағайдың қураған сүрегі сәйкесінше 155, 200 теңгеге бағаланған. Бұл көрші облыстардағы бағамен салыстырғанда анағұрлым арзан. Орман пайдаланушылар 120 мың текше метр жердің ағашын кесіп сатады. Олар бюджетке 1,3 млрд. теңге кіріс әкеліп, 14 мың гектардан астам алқапты жаңарту бойынша іс-шаралар жүргізуде.
– Орман шаруашылығы саласына елеулі инвестициялар тартылып, ағаш өңдеу саласында жаңа жобалар іске асырылуда. Соның бірі – түрік инвесторларының ламинатталған фанера шығару жобасы. Бұл жобаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Өнім көлемі жылына 30 мың текше метрден асады. Үстіміздегі жылы ДСП өндірісі іске қосылса, 300 жұмыс орны құрылады, – деді Бейбіт Исманов.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.