«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Легионері көп команда ойындарын “Жастар” стадионында өткізеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан ел біріншілігінің басталғанына да бір ай уақыт өте шықты. Осы аралықта командалар 4 турдың ойындарын өткізді. Жергілікті “Қызылжар” клубы төрт кездесуде де жеңіске жетіп, турнирлік кестеде көш бастап тұр. Жерлестеріміздің еншісінде 12 ұпай бар. Қарсыластар қақпасына 6 гол салып, өздері 1 доп кіргізіп алды. “Қарасай” стадионындағы жөндеу жұмыстарына байланысты матчтар өзге қалаларда өткені белгілі. Бүгін алғаш рет үйде ойнайды. Жөндеу аяқталғанша матчтар “Жастар” стадионында өтеді.

Жерлестеріміздің қарқыны жақ­сы. Бұл бас бапкер Әли Әлиевтің біліктілігінің жоғарылағаны ма, әлде команданың 70 пайызға жаңартыл­ға­нының нәтижесі ме? Бұл сұрақтар­дың нақты жауабын қазір дөп басып айту мүмкін емес. Ендеше, саралап көрелік. Биыл командада өзгеріс көп. Бір өкініштісі, ойыншылардың көбі – легионерлер. Тіпті бір ойында негізгі құрамда 10 шетелдік қатар алаңға шыққа­нын да көрдік. Команда құрамын бір шолып өтсек, үш қақпашының екеуі Қазақстан азаматтары, олар – Вадим Петров пен Джурахон Бабаханов, үшінші – беларуссиялық Роман Степанов.

Он қорғаушының төртеуі легионер болса, алтауы – отандық аяқдопшылар. Альдаир Әділов, Виктор Зябко, Еркін Тапалов, Бекзат Шад­манов, Ардақ Сәулет, Жантөре Молдабаевтар – ішкі біріншілікте доп теуіп, тәжірибесі толысқан ойыншылар. Никита Наумов – Беларуссия­дан келсе, Брайн Ван де Богарт – Бельгияның өкілі, Иван Граф теріс­кейге Хорватиядан келгенін айта кеткен жөн. Ал Юрий Бушман украиналық екені белгілі.

Жартылай қорғаушылар да бір­шама жаңарды. Алаң ортасында доп тебетін ойыншылардың үшеуінде ғана Қазақстанның паспорты бар. Олар – Рафаиль Оспанов, Марат Шах­метов және Мирас Жеңіс. Бірақ олардың есімдері жергілікті жан­күйерлерге бейтаныс. Қалған төрт жігіт – шетелдік. Рафаэль Сабино Дос Сантос – Бразилия, Лука Имнад­зе – Грузия, Младен Веселинович – Босния және Герцеговина, Евгений Березкин – Беларуссияның азаматы.

Футболда шабуылшылар мықты болуы керек. Олардың міндеті – көп гол соғып, клубқа жеңіс әкелу. Бұл позицияда да жаңа ойыншылар бар­шылық. Бразилиялық Хосе Витор Род­ригес, грузиялық Тамаз Макацария, ресейлік Максим Чиканчи және отандастарымыз Тимур Мульдинов пен Артем Черединов ойнайды. Биыл Әли Әлиев мырза негізінен Бразилия мен Грузиядан келген ойыншыларға сенім артып отырған сияқты.

Бас бапкердің жоспары әзірге жемісін беруде. Оған дәлел – команданың соңғы ойындардағы нәтижесі. Ел біріншілігінің шымылдығын ашқан алғашқы ойында жерлесте­ріміз сырт алаңда “Қайсар” командасын 0:1 есебімен ұтып кеткен. Нәтижелі соққыны бразилиялық жар­тылай қорғаушы Рафаэль Сабино Дос Сантос жасады. Келесі тур ойынын солтүстікқазақстандықтар өз алаңы дайын болмағандықтан, Пав­лодарда өткізуге мәжбүр болды. Дегенмен бұл жолы да сүрінген жоқ, “Мақтаралды” 1:0 есебімен жеңді. Голды Максим Чиканчи соқты. Үшін­ші матчты “Оқжетпеске” қарсы өткіз­ді. Қуанышымызға орай, солтүстік дербиінде жерлестеріміз бір гол айырмасымен қарсыластарын қапы қалдырды. Грузиялық Лука Имнадзе­нің голы жеңіс әкелді. Қазақстан чемпионатының 4-ші турында жерлестері­міз азулы қарсыласқа тап болды. Өткен жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері “Ақтөбе” оңай шағылар жаңғақ емес екені аян. Сондықтан жерлестеріміз қорғанысқа көбірек мән берді. Бұл тактика іс жүзінде дұрыс болды. Алдымен жерлестеріміз есепте алға шықса, кейін оны еселеді. Гол авторлары Лука Имнадзе мен Хосе Витор Родригес. Алайда Виктор Карповичтің шәкірттері ойын соңына дейін есеп айырмасын қысқартты. Әлібек Қасым 11 метрлік айып добын тепті. Дегенмен матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Юрий Бушман тағы бір гол соқты. Осылайша 1:3 есебімен жеңісті солтүстікқазақстандықтар еншіледі.

Қызылжарлықтар барлық матч­тарды сырт алаңда өткізді. Себебі “Қарасай” стадионы “UEFA” талапта­рына сәйкес келмегендіктен, Қазақстанның футбол федерациясы же­рлестерімізге онда ойнауға мүмкіндік бермеді. Жанкүйерлердің қуанышына орай, команда 5-ші турдан бастап үйдегі кездесулерін “Жастар” стадионында өткізетін болды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы­ның мәліметінше, “Қарасай” стадио­нын жөндеуге, яғни алаңды еуропалық талаптарға сай ету үшін 1,2 млрд. теңге бөлінді. Жақында жаңарту жұмыстары басталады. Жанкүйерлер отыратын сектор күрделі жөндеуден өтіп, жасанды шөп жамылғысы ауыстырылады. Барлық жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp